astana-view

ЛОГИстиКАСЫ мықты әйел

2016 жылғы 04 Шілде
12224 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Wise Logistics Group» компаниясының бас директоры Әлия Қыпшақбаева көліктік қызмет көрсету нарығындағы ерекшеліктер туралы айтып берді

– Әлия Бауыржанқызы, сіз көп жылдан бері кәсіпкерліктің көбіне ер адамдар жұмыс істейтін саласындасыз, яғни көлік логистикасындасыз. Бұл күрделі бизнесті дөңгелету қалай қолыңыздан келеді әрі табысыңыздың құпиясы неде?

– Сұрағыңызға рахмет. Табыс дегеніміз – жауапкершілік. Иә, біздің компаниямыз көліктік-логистикалық қызмет көрсету нарығында 10 жылдан бері жұмыс істеуде, ал өзім бұл бизнесте 15 жылдан артық жұмыс істеп келемін. Бұл дәстүрлі түрде ер адамдардың бизнесі болып саналғанымен, менің ойымша, әйел адамдар еркектермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын сала. Әңгімені гендерлік теңдікке қарай бұрмаған болар едім, өйткені кез келген істе барлығы жыныстық ерекшелікке емес, адамның жеке қасиеттеріне байланысты. Алайда, сіздің көліктік қызмет көрсету нарығында бәсекелестік тым жоғары деген пікіріңізбен келісемін және бәсекеге төтеп беру, тіпті пайда көріп, бизнесті кеңейту, шын мәнінде, өте қиын. Елімізде жүздеген, мүмкін мыңдаған көліктік-экспедиторлық компаниялар бар шығар, алайда бұл бизнестің артықшылығы мұнда миллиондаған айналымы мен жеке көліктік активтері бар ірі кәсіпорындар да, азғантай ресурсы бар шағын компаниялар да өз орнын таба алады.

Бүгінгі таңда жүкті жеткізу немесе жөнелтуді ұйымдастыру ғана аздық етеді. Қайталап айтамын, нарықта мұндай ұсыныстар жетіп артылады. Барлық кезеңде де өзгелермен салыстырғанда, кәсібилік пен жоғары сапа, қызмет көрсетудің кең түрін ұсыну сұранысқа ие болып қала бермек.

Сондықтан біз кешенді қызмет көрсету жолымен жүріп келеміз, «есіктен есікке дейін» қағидасын ғана ұстанбаймыз, жұмысты бастан-аяқ атқарып береміз. Яғни тапсырыс берушілердің проблемаларына мейлінше тереңірек үңіліп, сыртқы сауда келісімшартын жасаудан бастап, жүкті кедендік тазартуға дейінгі барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз.

Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің көбі халықаралық жеткізудің қыр-сырын мұқият қараудың маңызды екенін бағалай бермейді. Сауда-саттық заңнамасы өте тұрақсыз, жылдам өзгереді, тіпті кішкентай ғана өзгешеліктің өзі айтарлықтай қаржылық шығынға әкеп соқтыруы мүмкін.

Мәселен, отандық заңнама инвесторлар үшін нақты кедендік және салықтық жеңілдіктер ұсынады. Бірақ, егер инвестициялық келісімшарттарды дайындау кезеңінде өзіне тән ұсақ-түйектер есепке алынбаған болса, мәселен, технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде инвесторлар соншалықты иек артқан жеңілдіктер берілмеуі мүмкін. Осыдан қазақстандық заңнаманың жетілдірілмегендігі туралы сөз шығады және кедендік органдар да орынсыз айыпталады.

Иә, мұндай факторлар да бар, бірақ көбінесе мәселе – кәсіпкерлердің кәсібилігінің төмендігінде.

Әрине, қолданыстағы заңнаманың барлық заңды ерекшеліктерін білу қарапайым кәсіпкер үшін мүмкін емес. Кедендік саланың өзінде ғана Кедендік одақтың жүздеген нормативті актілері мен көлемі жағынан қомақты екі кедендік кодекс бар. Сондықтан мұнда барлық жұмыстан құтқаратын кәсіби көмекшілерге сүйенбеске болмайды.

– Сіз кедендік тазартуға ерекше тоқталып өттіңіз әрі бұл көптеген кәсіпкерлер үшін айтарлықтай күрделі рәсім. Бізде көп жылдан бері кедендік өкілдіктер институты (брокерлер) жұмыс істейді емес пе, олар өз қызметтерін дұрыс атқара алмай отыр ма сонда?

– Сіз сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік органдармен бұрыннан бар өзара іс-қимыл механизмін өте дұрыс атап өттіңіз, мен мұнда мынаны түсіндіріп өткім келеді. Егер барлық құжаттарыңыз, яғни рұқсат құжаттары, тауарға ілеспе құжаттар, қажетті келісімдер және т.б. орнында болса,  брокер тауарларды тазартуды сапалы әрі тез жүргізе алады. Егер о баста, тасымалдауды ұйымдастыру сатысында немесе келісім шартқа қол қою кезінде қателіктер кетсе, онда бұл барлық нәтижеге теріс әсер етуі мүмкін. Яғни брокер декларацияны дайындап береді, алайда бастапқы құжаттарды өзгертуге немесе түзетуге қауқарсыз.

– Сіз кәсіпкерлерде көбінесе сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруда проблемалар туындайтынын айтып өттіңіз. Бұл неге байланысты?

– Басында айтып өткенімдей, негізгі себеп – күрделі әрі көлемді заңнама. Екінші себеп, менің пікірімше, қызметтің бұл саласы мемлекет тарапынан айтарлықтай қатты регламенттеледі, тіпті бекітілген тәртіптен сәл ғана ауытқудың өзі қатаң жазалау шараларына әкеп соқтырады. Алайда бұл өзін-өзі ақтаған, сеніңіз, мұндай тәсіл бүкіл дүниежүзінде бар.

– «Wise Logistics Group» компаниясы осы нарықтағы өзге де жүздеген компаниялардан тағы несімен ерекшеленетінін айтып өтіңізші?

– Біздің қызметтеріміздің бірі – үй заттарын кәсіби буып-түюден бастап, кедендік тазартуға дейінгі халықаралық тасымалдау. Біздің клиенттеріміз – Қазақстанға уақытша тұруға келген шетелдік компаниялардың, дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері. Өзге елге көшу жағдайымен бетпе-бет келгенде, көбі құжаттарды қалай дұрыс рәсімдеу керек екенін, ол үшін не қажет екенін, қайда бару керек біле бермейді. Бұл айтарлықтай ерекше бизнес, бірақ қуаныш сыйлайды, әсіресе қайырымды клиенттерден өз атыңа жылы сөздер естігенде марқайып қаласың.

Келесі бір күмәнсіз артықшылық – консалтинг. Әдетте қызметтің бұл түрімен заңгерлік фирмалар айналысады, олар құқықтық жақтарын білгенімен, логистика рәсімдерінде әрдайым қауқарлы бола бермейді. Біз бұл рәсімдердің барлық ұсақ-түйектерін білгендіктен, тауарларды жіктеу мен сертификаттауда білікті көмек көрсетеміз, соттардағы өкілдікті жүзеге асырамыз және т.б.

– Кәсібін енді бастап жатқан жас бизнесмендерге қандай тілек білдірер едіңіз? Сіздің ойыңызша, бизнесті табысты жүргізу үшін не маңызды, қандай қасиеттерді дамыту қажет?

– Бәлкім, жиі айтылатын дүниені айтармын, алайда табысқа жетуде маңызды қасиеттер – кәсібилік, табандылық пен байланысқа бейімділік. Одан бөлек, өзімнен білетінім, шет тілдерін меңгеру – бизнестегі тағы бір өте маңызды қызмет қыры. Маған күн сайын бүкіл әлем бойынша контрагенттермен байланысуға, іскерлік хаттар алмасуға тура келеді, алайда тілді білмесең, бұл мүмкін емес.

Сондықтан Елбасымыздың мектептерге сапалы үш тілді білім беруді енгізу туралы тапсырмасы – өте орынды. Қазақстанның бизнесі уақыт өте келе шетелдік компаниялармен деңгейлес болуы қажет, ол үшін ағылшын тілі керек.

Жастарға қандай кеңес берер едім?...

Мүмкіндігінше ертерек, университетте оқып жүріп-ақ жұмыс істеуді бастау. Қандай салада кім болып жұмыс істеу маңызды емес. Бастысы – өз бетіңмен алғашқы қаражатыңды тауып, ата-ананың қамқорлығынан шығу.

Бұл жеке тұлға ретінде қалыптасуда, өмірлік тәжірибе жинауда және ересектер өмірінен алғашқы байланыс орнату машықтарын меңгеруде оң әсерге ие. Жастар жұмыс істеуді неғұрлым ертерек бастаса, өзін өзі қамтамасыз ете алатын және тартымды тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндіктері де  солғұрлым мол болады.

Жастардың стартаптарын құру бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ауқымды жұмыстарды жүргізіп отырғанын атап өткім келеді. Ондағы сарапшылар бизнесін жаңа бастаушыларға арнап тәжірибелік кеңестер мен қадамдық нұсқаулар әзірледі, түрлі тренингтер мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Елбасының қамқорлығы мен ерекше көңіл аударуының арқасында елімізде көп жылдан бері мемлекеттік қаржыландыру мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету бағдарламалары тиімді жұмыс істеп келеді.

Сұхбатыңыз үшін рақмет! Ісіңізге табыс тілейміз!

– Сізге қызықты сұрақтырыңыз бен халықаралық логистика мәселелеріне танытқан қызығушылығыңыз үшін көп рақмет. Оқырмандарыңызды Астананың туған күнімен құттықтап, барлық қазақстандықтарға тұрақтылық пен амандық тілегім келеді.     


Еншілес ұйымдар

Серіктестер