astana-view

Ірімшік өндірісі іркіле жаздады

2016 жылғы 09 Тамыз
- Павлодар облысы
8675 просмотров

Палата сарапшылары Ақсу ауданынан келген фермердің мүддесін сотта қорғауға көмектесті  

«Рахмет» шаруа қожалығы тұтынушылардың дастарқанына табиғи өнімдерді бағалайтындардың көңілінен шығып жүрген  «Адыгейлік» және «Сулугуни» ірімшіктерін, май, қаймақ, сүт, сүзбе жеткізумен айналысып келеді.

Рустам Халитовтың бизнес-идеясын іске асыру «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасына қатысудың нәтижесінде мүмкін болды. Жаңадан бастаған ірімшік жасаушы сүт өнімдерінің өндірісіне арналған құрал-жабдық алуға грант ұтып алды. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдық сатып алынып, Қаракөл ауылында ірімшік қайнату цехы іске қосылды. Алайда, біршама уақыт өткен соң жергілікті мемлекеттік органдар шаруа қожалығына талап қойып, өз наразылықтарын ірімшік шығаратын өндірістің тұралап қалуымен байланыстырды.

Фермерге Палата сарапшылары көмекке келіп, сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым беруге көмектесті. Олар «Рахмет» ШҚ өзіне бөлінген 2 500 000 теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты тиісті мақсатта пайдаланғанын бетке ұстады. Шағын ірімшік цехы, шынында да, түрлі себептермен тұрып қалған кездері болды, алайда қазіргі уақытта толық көлемде жұмыс істеуде және оған қоса, өндіріс көлемін арттырып келеді, сөйтіп, ауылдықтар үшін жаңа жұмыс орындарын құруда.

Қожалық өз өнімін Ақсу қаласындағы әлеуметтік базарда сатып өткізеді, және де сапа, баға өлшемдерін қатаң ұстанады. «Рахметтің» артықшылығы сауын орны мен ірімшік жасау цехының жақын орналасқандығында және  сатып өткізетін жері де алыс емес.

«Біз өндірісте өз фермамыздың шикізатын пайдаланамыз, себебі технология бойынша жаңа сауылған сүт қажет, сондықтан  ірімшіктің дәмі де керемет болып шығады. Қыс айларында сүт сауымы азаяды, тиісінше, өндіріс көлемі де төмендейді. Міне, осындай кезеңдердің бірінде тексеру жетіп келіп, шағын ірімшік қайнату цехының толығымен тоқтап қалғаны жайында түйін жасапты. Кәсіпкерлер палатасының сарапшыларына рахмет, олар біздің жақты  қолдап, қойылған талаптардың негізсіз екенін дәлелдеп берді», – дейді Рустам Халитов.

Келешекте шаруа қожалығы ірімшіктер қатарын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ірімшік жасау шеберінің айтуынша, қазір олар тұтынушылардың сұранысына ие өнімдерді ұсынады.

«Бізді қайран қалдырғаны, сары майдың жақсы өтетіні. Шынын айтқанда, оған деген сұраныс біздің қазір өндіріп отырғанымыздан әлдеқайда жоғары», – деп мойындады фермер.

«Рахмет» ШҚ бүкіл өнімі Ақсу қаласы мен облыс орталығы тұрғындарының дастарханына келіп түседі. Ал, мұның өзі қалалықтар үнемі балғын, дәмді және бағасы қолжетімді өнімдерді тұтынады деген сөз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер