astana-view

Универсиада-2017 – табысты ынтымақтастыққа жол ашық па?

2016 жылғы 18 Тамыз
11850 просмотров

«Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ басшысы Наиль Нұров palata.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында қазақстандық компанияларды бірлесе жұмыс жасауға шақырды және кейбір бизнес жайттары жайлы әңгімелеп берді. 

Наиль Фаридұлы, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сіз Универсиада нысандарын салуда қазақстандық кәсіпкерлердің үлесі 60% деген едіңіз. Осы турасында нақтырақ айтып берсеңіз, Универсиаданы өткізу және ұйымдастыру мақсатындағы қандай қызметтерде қазақстандық компаниялар табыс түсіре алады немесе қазірдің өзінде табыс тауып жатқан мекемелер бар ма?  

– Біріншіден, 60% – бүгінгі дерек бойынша. Сондай-ақ, олардың басым көпшілігі құрылыс, тоқыма өнеркәсібі, тамақтану орындарын ұйымдастыру қызметтеріне тиесілі. Іс жүзінде, импорт арқылы тек спорттық құрал-жабдықтар келеді, олар әлбетте лицензиялануы тиіс. Өкінішке қарай, бізде олар әлі шығарылмайды. 

– Мердігерлер жайлы не айтар едіңіз? Олардың арасында Алматы компаниялары басымдыққа ие ме әлде өңірлік кәсіпорындарға да келісімшарттар жасаудың мүмкіндіктері бар ма?

– Бүгінгі күні біз байқау нәтижелерін күтіп отырған жайымыз бар. Себебі, біз бұған дейін, қазір де талай мәрте хабарландырулар беріп келеміз. Өтініш білдірушілер саны өте көп, бізге күн сайын көптеген компаниялар қоңырау шалып жатады, себебі, компаниялар осы байқауға қатысып, өздерін көрсеткісі келеді. Біз оларға тек қолдау көрсетеміз. Алайда, бір айта кетерлігі, Универсиада – бұл өз бизнесін ашатын немесе өз бизнесін аяқтан тік тұрғызуға арналған орын емес. Біз бизнес өкілдерін бұл ынтымақтастыққа жауапкершілікпен қарауларын сұраймыз. 

– Компаниялар ұсынып жатқан қызметтердің сапасы жайлы не айта аласыз? Себебі, өзіңіз білесіз, тендерді ұтып алу аздық етеді ғой, сатып алушылар ұйымдастырушылардың барлық талаптарын орындау қажет. Сондықтан, нақты дәлелдер ретінде Дирекция не айта алады? 

– Бүгінде біз әлеуетті жеткізушілерді белсенді түрде іздеп жатырмыз, тырысып бағудамыз және мақсатымызға жеттік те. Осы орайда, біз ОКҚ алаңын ұтымды пайдалана білдік. Біз ол арқылы қазақстандық бизнесті, ірі компанияларды бірлесіп жұмыс жасауға шақырдық. Кейде мынадай да жағдайлар орын алып жатады. Кәсіпкерлерге, мәселен, киім-кешек тігуге байқау жарияланды деп айтамыз. Оларды шақырамыз, өтініш бердіңіздер ме деп сұраймыз. Ал олар: «Өтінішті несіне береміз? Бәрін шешіп қойған шығарсыздар», деп жауап береді. Осы орайда, баршаға айтарымыз, ешкім ештеңе шешкен жоқ, өтініш білдіріп, байқауларға қатысып, әділ бәсекеде бақтарыңызды сынап көріңіздер. Қазір «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң тапсырысты жеткізушілер үшін тиімді. Біздің мақсатымыз – барлық ірі компанияларды өзімізге  тарту үшін ынталандыру. 

– Брифингте, сіз секвестрлеуден кейін Универсиада бюджеті екі есеге дейін қысқарды және 17 млрд теңгеге тең деп атап өттіңіз. Бұл жағдай мүдделі тапсырыс берушілер иек артқан келісімшарттар мен табысқа әсер етпей ме? Қаражат қай салаларға қатысты үнемделді?

– Біз Универсиаданың ашылу салтанаты, мәдени бағдарламалар, алау эстафетасы, халықаралық PR мен жарнамалауда бюджетті үнемдедік. Біз спорт додасын ұйымдастыру мен өткізуге ықпалын тигізетін салаларда бюджетті қысқартпадық. Сіз дұрыс атап өттіңіз, біздің жобада бизнес көп табысқа кенелмейді, себебі қазір бәсеке күшті. Мысалы, біз автокөліктер қызметіне байқау жарияладық. Бізге қазірдің өзінде қоңырау шалып: «Мұндай аз қаражатпен жасау мүмкін емес», – деп айтушылар  көп. Біз оларға: «Мүмкін сіздер тиімділіктің мұндай деңгейіне үйренбеген шығарсыздар. Сіздер тым көп пайдаға үйреніп қалғандықтан, бәлкім бұл қаражат аз болып көрінер. Алайда, біз қаражат мөлшерін өзгертпейміз, себебі, сарапшылар барлығын алдын ала есептеп қойған», деп жауап қайырып жүрміз.

Әңгімеңізге рахмет!

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер