astana-view

Қарлығаш Аралбекова: «Жамбыл облысы инвесторларға тартымды болып отыр»

2017 жылғы 30 Қаңтар
- Жамбыл облысы
16655 просмотров

Инвесторлар облыстағы минералды-шикізаттық ресурстардың мол қорына қызығады, дейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова Алматыда өткен «Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Нұрлы жолдың түйісуі: даму жағдайы және әлеуеті» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Аталған шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қоры жанынан құрылған Әлемдік экономика және саясат институты Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесе отырып ұйымдастырды. Шара Қазақстан мен Қытай арасындағы ресми дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына арналды. Біз ӨКП директорының өткен шара туралы пікірін біліп, одан инвестициялар, Қытаймен байланыс туралы маңызды сұрақтарға жауап беруін сұраған едік.

– Қарлығаш Әмірқызы, алдымен халықаралық деңгейде өткен дөңгелек үстел туралы айтып беріңізші: ол неге арналды, кімдер қатысты және қандай маңызды тақырыптар талқыланды?

– Дөңгелек үстелді өткізудегі басты мақсат қандай да бір меморандумдар мен шарттар жасау емес, пікір алмасу және мәдениет, білім, экономика, сондай-ақ қауіпсіздік салаларындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарға қатысты маңызды сұрақтарды талқылау болды. Оған Қазақстан мен Қытайдың сарапшылары, мәдениет және білім беру салаларының, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты, Жамбыл облысының атынан мен бардым, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтар болды. Қазақстан мен Қытай компанияларының өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері, Қазақстан өңірлеріндегі шағын және орта бизнеске қытай инвестициясын тарту, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқыладық. Нәтижесінде, қатысушылар екі инфрақұрылымдық жобаның – Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Нұрлы жолдың түйісуі Қазақстан мен Қытай арасындағы сындарлы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деген тоқтамға келді. Орта Азиядағы көне қалалардың бірі – Тараз қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және Чандзи қаласымен достықта өмір сүріп жатыр. Қытай «ЭКСПО-2017» көрмесін Қазақстанда өткізуге де қолдау білдірген еді. Сондықтан аталған көрменің ашылуы қарсаңында, ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулы Чжан Вэй мырзамен кездесу зор маңызға ие. Мен Жамбыл облысының инвестициялық әлеуеті, Өңірлік даму картасындағы жобалар туралы айтып бердім және елшіліктегі қажетті адамдармен байланыс орнатуға мүмкіндік алдым. Біздің әріптестігіміз Жамбыл облысы мен ондағы кәсіпкерлерді оң нәтижелерге жеткізетініне сенімдімін.

– Біздің мемлекетіміздің Қытаймен ынтымақтастығын қалай сипаттар едіңіз?

– Бүгінгі таңда еуразиялық аймақта Қазақстан Қытайдың екінші ірі әріптесі және негізгі тікелей инвестициялар елі болып саналады. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Републикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың қаңтарында орнаған еді. Сол кезде тараптар бір-бірінің территориялық тұтастығына және ішкі істеріне арласпай тату көршілік қатынастар құруға талпыныс жасады. Биыл ынтымақтастықтың 25 жылдығын атап өтеміз, соған байланысты 2017 жыл Қазақстандағы Қытай жылы болып белгіленді. Қытай Қазақстанның ірі сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі саналады. Екі ел энергетика, тау-кен, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, тыңайтқыштар өндірісі сияқты салаларда ынтымақтастық орнатқан.

– Біздің облысымыз қытай тарапы үшін тартымды ма?

– Әрине, Жамбыл облысы инвесторларға тартымды болып отыр! Олар біздегі минералды-шикізаттық ресурстардың мол қорына қызығып отыр. Өңірде тау-кен, химия, тағам, металлургия, газ өңдеу сияқты өндіріс түрлері жақсы дамығандықтан, бізге деген қызығушылық арта түскен. Құрылыс материалдары өндірісі де дамып келеді, сондай-ақ өңірде туризм саласын дамытуға қажет туристік әлеует те бар. «Іскерлік климат – 2016» рейтингісі бойынша Жамбыл облысы өңірлер арасында тоғызыншы орында, ал ҚР Индустриялар және даму министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы инвестицияларды тарту бойынша біз бес көшбасшының қатарына кіріп, төртінші орынға тұрақтаған екенбіз. Мәселен, 2016 жылдың тоғыз айының ішінде негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 153,5 миллиард теңге болды. Шетелдік инвесторларға жасалған жағдайлардың арқасында сыртқы инвестициялардың көлемі артты. 2016 жылдың 9 айы ішінде негізгі капиталдағы сырты инвестициялардың үлесі 37% болды, 2015 жылдың сол аралығындағы кезеңге қарағанда 128,8% артық. Жалпы алғанда, 14 инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері қаралып жатыр. Жобалардың жалпы құны шамамен 5,1 миллиард АҚШ доллары, соның ішінде Қытай қатысатын жобалар: құны 135 млн АҚШ долларына тең жел электросанциясының құрылысына арналған «MingYangGroup» жобасы; құны 17 млн АҚШ доллары болатын құрылысқа арналған құрғақ қоспалар шығаратын зауыт құрылысы жөніндегі «KCRF finans international B.V.» жобасы; құны 300 млн АҚШ доллары болатын кен-байыту комбинатын салуға арналған «Tenir Logistik» жобасы.

– Инвестициялар тарту бойынша Кәсіпкерлер палатасы қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Екінші деңгейлі банктер арқылы бөлінетін қаржының аздығы мен біздің өңірдегі жеке инвестициялардың ішкі әлеуетін ескеретін болсақ, шетелден инвестициялар тарту – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Сондықтан біз әлемнің түрлі елдерімен байланыс орнатуға ұмтылып жатырмыз. Кәсіпкерлер палатасы көмегінің арқасында көптеген елдердің инвесторлары облысымызда болды, ал кейбірі әріптестік орнатуға дайын екендіктерін білдірді. Мәселен, Сауд Арабиясының инвесторлары өңірдегі шаруа қожалықтарынан көптеп қой сатып алу жолдарын қарастыруда, бұл мәселені қазір бірлесіп шешу үстіндеміз.

Бүгінде Палата Өңірлік даму картасына жалпы құны 12,4 млрд теңге болатын 10 жоба енгізді. Нақтырақ тоқталар болсақ, туризм саласында – 2,1 млрд теңге сомасындағы төрт жоба, агроөнеркәсіптік кешен саласында – 9,2 млрд теңге сомасындағы төрт жоба, қызмет көрсету саласында – жол жиегіндегі нысандар құрылысын салуға бағытталған 1,1 млрд теңге сомасындағы екі жоба. Аталған жобалар бойынша әлеуетті инвесторлар іздестіріліп жатыр, соның ішінде қаржылық институттар мен қорлар арқылы инвестиция тарту да қарастырылуда. Айта кетерлігі, аталған жобалардың бірі – Меркі ауданында демалыс аймағын салу жұмыстары іске асырылып жатыр: бірінші транш – 20 млн теңге игеріле бастады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер