astana-view

Лаззат Рамазанова: «Басты миссиямыз – отандық экономика кеңістігінің дамуына үлес қосу»

2017 жылғы 07 Наурыз
3701 просмотров

Іскер әйелдер кеңесінің мақсаты: жүйелі сөзден – нақты іске

Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлем тербеткен нәзік жандар қоғам дамуына өз үлесін салып жүр. Нарық заманы ­– отбасын да, мансап жолын да қатар алып жүретін іскер әйел болуға талпынғандардың уақыты. Соқпағы мен тәуекелі көп бизнес ортада өз орнын еншілеп қана қоймай, табысқа кенелген арулар өзгелерге үлгі болары анық. Қазақстандық іскер әйелдердің жоспары мен бастамасы жайлы және іскер болудың сырын «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазановадан сұрап білдік...

– Лаззат Керімқұлқызы, небәрі екі жыл ішінде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі қоғамда маңызды үлкен ұйымға айналды. Іскер әйелдер кеңесіне төрағалық ету өте жауапты екені түсінікті. Белсенділерді біріктіріп, ұйытып ұстау қаншалықты қиын?

– Қысқа ғана мерзімде ҰКП Іскер әйелдер кеңесі бүкіл республика бойынша қанатын жайды. Кеңесті құрудың басты идеясы – өңір әйелдерінің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту. Өз ісін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектер өңірлерде көшбасшылар емес пе? Оларға қарап, өзгелер үлгі алады, сондай болуға талпынады. Республика бойынша іскер әйелдердің кеңесін басқару жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, мүддесі бір, мақсаты бір іскер әйелдер-қоғамдастығында әдетте ойлар бір жерден шығады. Ортада идея туса, оны өзге өңір іліп әкетеді.

Жалпы Кеңестің негізгі миссиясы қандай?

Басты миссиямыз – отандық экономика кеңістігінің дамуына өз үлесімізді қосу, уақытын басқара алатын орта классты қалыптастыру. Нақты мақсатын білетін, әр минутын бағалайтын әйелдер маған механизмі тоқтауды білмейтін үлкен шеберхананы елестетеді. «Қол бірікпей, ине ілікпейді» деген жақсы тәмсіл бар, сондықтан алдымыздағы ірі жоспарларды орындау үшін облыс, аудандарда кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Әйелдердің еңбекқорлығы мен табыстылығы көп ер азаматтардың алдын орайтыны «қырық жандылығымен» сипаталады емес пе, осы ретте әйелдің кәсіпкерліктегі алар орны қандай ?

Үйде де, жұмыста да тыңбай еңбектеніп, қызметте көшбасшы, тамаша ұйымдастырушы қазақстандық әйелдер легі қалыптасып келеді. Бүгінде кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі 50%. Дегенмен, Кеңес ер-азаматтарды басып озу, мықты болуды көздеп отырған жоқ. Шығыс халқы ретінде қазақ әйелі тіпті мықты бақсарушы, табыскер болсын ер-азаматынан қашанда бір қадам төмен тұрады. Ол – табиғат, ол – дәстүр, ол – тәрбие. Бізді өзге мемлекеттердің гендерлік институттарынан ерекшелейтін де осы қасиетіміз. ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мақсаты: жүйелі сөзден – нақты іске.

– Іскер әйелдер бизнес-қоғамдастығының осал тұсы бар ма? Бұл ортаға не жетіспейді?

Мінсіз жүйе болмайды. «Көш жүре түзеледі» деген. Кеңес өте жас, идеялар мен жоспраларымыз көп. Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Bastau Бизнес» оқу бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Өңірлерде қыз-келіншектердің оқимын деген ынтасы жоғары. «Атамекенмен» 46 мыңнан аса көрсетілген қызметтің ішінде іскер әйелдерге 17 666 сервистік қолдау көрсетілген, өңірлерде 8 мың әйел оқыту түрінде көмек алды. Облыстардағы бизнес-қоғамдастықтармен бірлесе жұмыс істегенде, көпшіліктің бизнес саласында жұмыс істегісі келетіні, тек қаржы жетіспейтінгі анықталды. «Атамекен» енгізген жаңалықтың бірі – шағын несиелеу. Жергілікті атқару органдарымен жүргізілген келісімдердің нәтижесінде Қазақстанның 5 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Пайыздық мөлшерлемесі көп емес, 5-8% құрайды. Инвесторлар мен жергілікті атқару органдары бірлесуі нәтижесінде шағын бизнеске қаржы бөлініп отыр.

– Елбасы Жолдауында инновациялық технологияларды қолға алу туралы айтылды. Бизнестегі жаңа бағытқа әйелдердің көзқарасы қандай?

– Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдына экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз етуде, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, халықтың басым бөлігін кәсіпкерлікке тартуды тапсырды. Осы ретте әйелдердің ЖІӨ құраудағы салымы ­– 40%, бұл жақсы көрсеткіш. Енді бизнес жобаларды инновациялық бағытқа бейімдеу заман талабы. Алайда, бұл күрделі үдеріске уақыт керек. Ең алдымен инновация тілінде отандық ғылым сөйлеуі тиіс, жаңа ғылыми жобалар жасалуы керек.

– Лаззат ханым, әйел ең біріншіден ана. Осы бағытта көмекке мұқтаж жандарға, балаларға Кеңестің ықпалымен қайрымдылық шаралары жасалады ма?

– Кеңес қайырымдылық шараларды тұрақты түрде өткізеді. Әр облыс, аудан кеңестері жергілікті балалар үйлерінен қамқорына балаларды алады, қаржылай көмек береді, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізеді. Сондай-ақ, ауылдағы қыз-келіншектердің бизнес ашуына жәрдемдесеміз, біздің мақсатымыз – барынша қолдау көрсету. Ең бірінші кеңес беріп, қаржылай көмек беру жолдары қолға алынбақ.

– Кеңестің келер жылға жоспары қандай, жаңа бастамалар туралы айтып кетсеңіз...

– Биыл шалғай аудандардағы әйелдерді ақпаратпен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қаржылық сауаттылықтарын арттыру бағытында жұмыс істеуге кірістік. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 22 869 кәсіпкер әйел бар. Былтыр 1600 қыз-келіншекке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен. Солардың жеті жүзден астамы «Бизнес кеңесші», «Bastau бизнес» оқу курстарынан өткен. 69 жаңа жоба іске қосылып, он тоғыз нәзік жандыға шағын несие берілген.
Осы жылы да кәсіпкерлікпен айналысатын, сондай-ақ өз ісін ашуға ниетте қыз-келіншектерді Кеңес бағыттап, оларға ықпал жасалады.

Лаззат Керімқұлқызы, көктемнің әсем мерекесінде аруларға тілек жолдасаңыз...

– Әйел қаласа, атқарылмайтын іс болмайтыны біздің іскер әйеллдердің жетістігінен-ақ көрініп тұр. Әрбір іскер қыз-келіншекке бизнесте бастаған қадамдары нық болсын, талаптары табысты болсын деп тілек білдіремін. Әрине, отбасылық бақыт, береке тілеймін.

Толымды сұхбатыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер