astana-view

Талдықорғандық компанияны құрдымға кетуден сақтап қалды

2017 жылғы 10 Қазан
- Жетісу облысы
6591 просмотров

Салық органы ЖШС-н банкрот деп жариялауды талап етті

Алматы облысында тағы бір борышкер компания өз жұмысын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Әңгіме құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын, штатында 102 адам бар (2017 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша) талдықорғандық компания «K&K TALDYKORGAN» туралы болмақ.

Бұрын Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы «K&K TALDYKORGAN» ЖШС-н банкрот деп жариялауды өтініп сотқа жүгінген болатын. Мемлекеттік органның пікірінше, компания өзінің дәрменсіздігі мен қабілетсіздігіне байланысты бюджет алдындағы өз борышын өтей алмайды.

Іс материалдарына сәйкес, Алматы облысы бойынша Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйығарымымен 2011 жылдың наурыз айында ЖШС-не қатысты оңалту рәсімі қолданылған. Алайда, ағымдағы жылдың қаңтар айында ЖШС-не қатысты оңалту рәсімі тоқтатылып, банкроттық жөнінде іс қозғалды. 09.06.2017 жылғы салыстырып тексеру актісіне сәйкес, кәсіпорынның бюджетке салық және басқа да төлемдер бойынша берешегі 61 804 171 теңгені құрады, оның ішінде негізгі берешек 56 607 240 теңге, өсімпұл 5 082 729 теңге, айыппұл 114 202 теңге.

Ақтау кезеңіне дейінгі ЖШС-нің берешегі ұсынылған салық есептемелігінің нысандары бойынша және 2010 жылғы салық тексерулерінің нәтижелері бойынша құрылған болатын.

Сот отырысы барысында ЖШС-нің өкілі Қайрат Жақиянов серіктестіктің және оның жалғыз құрылтайшысының берешекті өтеу үшін активтері жеткілікті екендігін, олар салық органы талап етіп отырған соманы жаба алатындығын, мұны мүлікті бағалау туралы есептері растай алатындығын, және де кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырғандығын айтып өтті.

Сонымен, белгілі болғандай, кәсіпорын 2017 жылы Алматы қаласының Алатау ауданында жалпы құрылыс жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 128 млн. теңгені құрайтын және Панфилов ауданының Жаркент қаласында жалпы сомасы 103 млн. теңгені құрайтын автомобиль жолдарын салуға, сусымалы материалдарды тасымалдауға, төсеуге және нығыздау жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасады.

Кәсіпкерлер Палатасының өкілі, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Думан Керімбеков кәсіпкердің іс-әрекеті ерекше назар аударуды талап ететінін айтып өтті, өйткені, оңалту кезінде  мүлікті иеленуге шектеу қойылғандықтан, берешекті өтеу мүлікті сату есебінен емес, қызмет есебінен жасалған. Осы фактілердің барлығы ЖШС қызметі қабілетті және тиімді екендігін көрсетті.

Бұл дәлелдерге қатысты мемлекеттік кіріс департаментінің (МКД) өз пікірі бар. МКД оңалту және банкроттық басқармасының өкілі ЖШС-нің уақытша басқарушысының қорытындысы бойынша борышкерді банкрот деп тануға негіз бар екендігін айтады.

Бірақ, сот отырысында оңалту рәсімі кезінде өтелуі кейінге қалдырылған сомасы 29 млн. теңгені құрайтын кредиторлық берешек өтелгені анықталды.  Сонымен қатар борышкер мүлікті тәуелсіз бағалауды ұсынды, ол 95 млн. теңгеден астам соманы құрады, ол кредиордың мәлімдеген  61 804 171 теңге берешегінен айтарлықтай асады.

«Мұндай жағдайда сот «К&К-TALDYKORGAN» ЖШС-нің активтері кредиторлық берешектен айтарлықтай асады және борышкер толық көлемде кредитордың талаптарын қанағаттандыра алады деген тұжырымға келді және Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» заңының 4 бабының 5 тармағын қолдануға еш негіз жоқ екендігін айтты. Жоғарыда айтылған заңның 4 бабының 5 тармағы бойынша борышкерді сот тәртібімен банкрот деп тану үшін ол дәрменсіз болуы керек. Дәрменсіздік фактілері анықталған уақытта борышкердің қарызы, оны өтеу мерзімінің жеткендігі сондай-ақ қабылданған және (немесе)  орындалу үстіндегі жағдай ескерілуі тиіс», - делінген Алматы облысының  Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімінде.

Сонымен қатар, судья атап өткендей, борышкерді банкрот деп тану тек берешекті өтеудің өзге жолдары болмаған жағдайда кредитор мен борышкердің мүдделерін қорғаудың соңғы құралы ретінде қолданылуы тиіс. Осылайша, сот Талдықорған қаласының МКД-нің талабын қанағаттандырмады. Енді ЖШС-нің оңалту рәсімін жалғастырып, әрі қарайғы уақытта өз қызметін толығымен қалпына келтіруге мүмкіндігі бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер