astana-view

Жұмыссыздықпен күрес: жеке меншік агенттіктер және кәсіби бағдар

2018 жылғы 31 Қаңтар
3696 просмотров

Жалданып жұмыс істейтіндердің 88,6%-ы қәсіпорындарда жұмыспен қамтылған

Британияның Legatum Institute сарапшылары 2017 жылы әлемдегі өркендеуші мемлекеттердің Prosperity Index рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде 2016 жылғы көрсеткішті жақсартып, 82-орынан 72-орынға көтерілген. Бұл рейтингті сарапшылар қауіпсіздік, жеке бас еркіндігі, денсаулық сақтау, білім, кәсіпкерлік мүмкіндіктері, экономика, әлеуметтік әл-ауқат пен басқару белгілерінің бағасына қарай дайындайды.

Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан білім беру бойынша 35-орында, ал экономиканың даму көрсеткішімен 46-орынды алған, іскерлік орта – 53. Ал жеке бас бостандығы – 128, басқару – 99 және қоршаған орта 95-орынға тұрақтаған.

Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан алда. Одан кейін Қырғызстан, Тәжікстан бар. Ресей мен Қытай 101, 90-орындарда тұр. Ал бұл рейтингтің алғашқы үштігін Норвегия, Жаңа Зеландия мен Финляндия еншілеген.

Әлемдік рейтингте Қазақстанның экономикалық көрсеткіші – 46-орында. Бұл көрсеткішке жалпы ішкі өнім деңгейі, жұмыспен қамтылу әсер ететін белгілі. Осының ішінде жұмыссыздық – мемлекетіміз үшін өзекті мәселенің бірі.

Экономикалық теорияда жұмыссыздықтың 3 түрі қарастырылады:

  • Фрикциондық жұмыссыздық – адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс іздеумен ауысуын айтамыз.
  • Құрылымдық жұмыссыздық – өндірістік қуаттың жетпеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз.
  • Циклдық жұмыссыздық – өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономикалық циклдың осы фазасымен байланысты.

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тапсырма берді. Сонымен қатар Жолдауда «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деп нақты көрсетілген.

Ал елімізде жұмыссыздық деңгейі, олардың жас ерекшеліктері қандай, қанша азамат тұрақты табыс көзін іздейді деген сынды сауалдардың жауабын нақты сандар береді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті жүргізген зерттеулер мен есептеуі бойынша, 2017 жылғы III тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,0 млн адам. Республика экономикасында 8,6 млн адам жұмыспен қамтылды немесе 15 және одан жоғары жастағы халықтың 66,4%. Жалдамалы қызметкерлер саны 6,4 млн адамды құрады және 2016 жылғы III тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 34,7 мың адамға (0,5%-ға) артты.

Жалданып жұмыс істейтіндердің негізгі үлесі қәсіпорындарда (ұйымдарда) жұмыспен қамтылды – 88,6% (5,7 млн.адам). Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 2,2 млн. адамды құрады. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың негізгі бөлігі өз қызметін ауыл шаруашылығында (42,4%), сондай-ақ сауда саласында (30,3%), көлік қызметін көрсетуде (9,2%) және құрылыста (7,5%) жүзеге асырды.

Сонымен қатар 6,5 млн. адамның жоғары және орта кәсіптік (арнаулы) білімі бар, бұл жұмыспен қамтылған халықтың 75,7% құрайды. Ерлермен салыстырғандағы жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі жоғары.

2017 жылдың III тоқсанында жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге дайын болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 441 мың адам бар. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% (2016 жылғы III тоқсанда – 4,9%) құрады. 2017 жылдың III тоқсанында ерлердің жұмыссыздар санындағы үлесі – 47,3% (208,7 мың адам), әйелдердің үлесі – 52,7% (232,3 мың адам).

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыздықпен күрес, кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз ету, салалық кәсіпорындарға лайықты маман дайындау, дуальді білім беру, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, кәсіпкерлікке баулу мәселесіне аса ден қойып отыр.

«Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында Ұлттық палата жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмысқа орналастыруда жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту бастамасын көтерген еді. Бұл бастама қолдау тапты. Осы мақсатты мемлекет атқаратын және аутсорсинге берілетін қызметтердің тізімі анықталды.

Аутсорсингке жұмыссыз және өзі-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіби бағдарлау, оларды оқытуды ұйымдастыру және жұмысқа орналастыру қызметтерін беру жоспарланып отыр. Осы мақсатта 2018 жылға 1,5 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар.

Бүгінде «Атамекен» Ұлттық палатасы жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктер арқылы аутсорсинг аясында жеке агенттік қызметінің тарифына қатысты ұсынысты дайындап, Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдады.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс» деген міндет жүктелген. Ал жаңа заң жобасында еңбек нарығының бірыңғай ақпараттың базасын қалыптастыратын «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет-ресурсын заңмен бекіту қарастырылған. Осыған орай ҚР Үкіметінің «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулысының аясында Ұлттық палата мен министрлік жеке интернет ресурстармен келісілген индикативке (жарияланған түйіндеменің 50%-дан атсамы жұмысқа орналасса) жеткенде enbek.kz сайтының профильді емес функцияларын нарыққа беру келісімі жасалды.

Сонымен қатар заң жобасы аясында жұмыс беруші боасаған жұмыс орны туралы ақпаратты 3 жұмыс күнінде беру нормасын өзгертіп, ақпарат беруді 5 күнге дейін ұзарту ұсынысын ҚР Парламенті Мәжілісі қолдады. Жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығына жұмыс орны босаған жағдайда 3 күн ішінде еңбек шарты мен төлемі туралы ақпарат беруге міндетті еді, енді жаңа заң жобасында бұл мерзім 5 күнге дейін ұзаруы ықтимал.

«Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту орталықтарының аутсорсингі аясында жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етуге жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар барлық деңгейде әлеуметтік серіктестік жұйесінің жұмыс істеуі мен оның тиімділігін қамтамасыз ету, «Atameken services» бір терезе» аясында еңбек заңнамасы, әлеуметтік кәсіпкерлік, еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігі бойынша кеңес беру қызметін көрсетуді қолға алмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер