astana-view

Кәсіпкерлер Алматы облыстық сотының төрағасымен кездесті

2018 жылғы 06 Маусым
- Жетісу облысы
5371 просмотров

«Атамекен» алаңында Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденовпен кездесті. Шара аясында Алматы облыстық соты және Кәсіпкерлер палатасының соттармен қарым-қатынасы жөніндегі 2018 жылға арналған бірелескен іс-шаралардың орындалуы, кәсіпкерлер ісіне қатысты сот процесстеріндегі құқықтық қамтамасыз ету мәселелері, Алматы облысы соттарында медиацияны енгізудің алғашқы нәтижелері талқыланды.

Өңірілк кеңес пен облыстық сот төрағасының кездесуіне сондай-ақ, судьялар Болатбек Зағиев пен Нұргүл Жекенова, облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Нұрланбаев, Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов пен бизнес өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Мейрамбек Таймерденов Өңірлік кеңес мүшелеріне алғысын білдіріп, бизнестің мемлекеттің барлық салаларына елеулі үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Атамекен» - шағын, орта, ірі бизнестің мұң-мұқтажы талқыланып, шешілетін бірегей алаң. Барлық мәселелер осы жерде өз шешімін табуы тиіс. Өздеріңізге мәлім, соттарда арыз-талаптарды тапсыру жүйесі, сот актілерін қарау, сот отырыстарында ашықтықты қамтамасыз ету бойынша қомақты жұмыстар атқарылған. Сіздермен кездесу арқылы кәсіпкерлерді алаңдатып жүрген мәселелерді білгіміз келеді», - деді облыстық сот төрағасы.

Өңір бойынша 32 мамандандырылған, аудандық және қалалық соттар жұмыс істейді. Мейрамбек Таймерденовтың сөзінше, сот процестерінің көпшілігі мемлекеттік сатып алу, салық және жер қатынастары, мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдану салаларына байланысты. 

Сот пен бизнес арасындағы кездесу екіжақты әріптестік аясындағы іс-шаралардың бірі болып табылады.

Айта кетейік, 2017 жылдың қараша айында Кәсіпкерлер палатасы және Алматы облыстық соты арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы жылдың қаңтарында 2018 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар аясында судьялар мен кәсіпкерлер арасында бірқатар жиындар өткізілді. Бизнес өкілдері өзара серіктестікке дайын екендерін, кәсіпкерлер істері бойынша сот тәжірибесін жетілдіру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Сот шешімдеріне сараптама жүргізу бойынша жұмыстар басталды. Соның ішінде кәсіпкерлік субъектілері және кеден органдары арасындағы даулар бойынша сарапатама жүргізілді.

«Өкінішке орай, кейбір жағдайларда кәсіпкерлер шығарылған сот актілерімен келіспейді. Әсіресе, бұл жағдай кәсіпкерлердің қызметтегі тұлғалар немесе мемлекеттік органдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануы бойынша талап өндірісі қарастырылатын азаматтық істерге байланысты. Біздің ойымызша, бірлескен шаралардың табысты іске асырылуы кәсіпкерлік қызметке қатысты соттар қызметін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов.

Екіжақты қарым-қатынас нәтижелерінің бірі ретінде кәсіпкерлер қоғамдастығы өкілдерінің Алматы облыстық соты жанындағы Қоғамдық кеңеске мүшелігін айтуға болады. Кеңес мүшелігіне Өңірлік кеңес мүшесі Александр Хильниченко сайланды.

Өңірлік кеңес мүшесі Римма Салықова соттарға медиацияны енгізудің оң тәжірибесін атап өтті.

«Сотта медиацияның енгізілуі сот жүйесіндегі серпінді қадам деп санаймын. Бұл сотқа деген сенімділікті күшейтеді. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге сотқа жүгіну үлкен материалдық шығын әкеледі. Себебі, миллиондаған қаражатқа байланысты дауларда мемлекеттік баж көлемі қомақты. Сонымен бірге, медиация процедураларын жүргізу қаражатты қажет етпейді. Соттағы медиация соттың билік тармағы ретінде жеке және заңды тұлғалар арасындағы өзара түсіністікті сақтауға мүдделі екенін қоғамға танытады», - деді Өңірлік кеңес басшысы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер судьяларға сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

«Қазіргі таңда Алматы облысында талап арыздардың 98,4% электронды нұсқада қабылданады. Облыстық сот сайтында «Төрелік» жобасы жұмыс істейді. Үйден шықпай-ақ қай жерде қандай сот процесі өтетінін білуге болады, арыз немесе шағымды жіберуге болады. 92 сот залы аудио- және видеожазумен қамтамасыз етілген. Бірде-бір сот отырысы дыбыс- немесе бейнежазусыз басталмайды», - деп атап өтті облыстық сот төрағасы.

Жиын соңында Өңірлік кеңес мүшесі Жанна Телпекбаева ашық кездесу өткізген сот корпусына  алғысын білдіріп, аталмыш жиындарды аудандарда ауыл кәсіпкерлерінің қатысуымен ұйымдастыруды ұсынды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер