astana-view

Жайылымға қатысты астыртын әрекеті үшін ауыл әкімі орнын босатты

2018 жылғы 08 Тамыз
- Қостанай облысы
4625 просмотров

Қостанай облысындағы ауыл әкімі Әділбек Кәкімбеков кәсіпкермен жасалған меморандумды заңсыз бұзғаны үшін мансап жолына зиян келтірді. Шенеуніктің әрекетінен Архиповка ауылының тұрғындары жайылым жерінен айрылып қала жаздады, ал жергілікті кәсіпорын «Заря» АҚ 10 млн теңгесінен қағылар еді.

Орын алған жағдайға Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент, Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақинвест» АҚ бірігіп күш салуымен құрылған инвесторларды қорғау жөніндегі жобалық кеңсе уақытында араласты.

Архиповка – мал шаруашылығымен айналысатын ауыл. Былтыр ғана ауыл тұрғындары жалпы сомасы 73 млн теңге болатын 920 тонна сүт өткізген. Бұл уақытқа дейін жайылымдық жерді пайдалану жүйесі нақты жолға қойылған – 21 жыл бойы жем өсірумен «Заря» АҚ айналысып келген,  ауыл әкімдігі осы есеппен меморандумда жасаған. Барлық тараптың шағымы болмаған, ешқандай қауіп те төнбеген еді.

Алайда биыл мамыр айында Михайлов ауылдық округінің әкімі Әділбек Кәкімбеков «Заря» АҚ жасалған меморандумды бұзып, басқа ауылдық округтегі «Сүлейменов» ШҚ кәсіпорнымен жасағаны анықталған. Оның үстіне шенеунік кәсіпкерлерге де, ауыл қоғамдастығына да мән-жайды түсіндірмеген.

«2017 жылдың мамыр айында жасаған ауылдық округ аумағында жайылымды басқару және жем-шөп базасын құру туралы мемерандумда ешқандай шағым болмаса, құжат бірден ұзартылады деген тармақ көрсетілген, - дейді «Заря» АҚ президенті Александр Климко. – Бізге ешкім ешқандай шағым түсірмеді, сәуір айында қажетті егістік жұмыстарын жүргіздік. 18 мамырда мемрандумның жарамдылық мерзімі аяқталғаны және ол ұзартылмайтыны туралы хабарлама алдық. Ешқандай түсіндіру болмады».

Оның үстіне Александр Климко егістік жұмыстарына 10 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған, жем дайындайтын кешеннің жұмысы тоқтап қалды.

Бұл туралы білген ауыл тұрғындары бас көтіріп, ауылдық округ әкімінің жауап беруін талап етті. Кәкімбеков «Заря» АҚ қатысты ешқандай шағым болмағанын мойындады және Климконың жеке қабылдауға келмегені үшін меморандумнан бас тартқанын айтқан. Мұндай жауап ауыл тұрғындарының ашуын одан сайын көтерді, бірақ әкімнің шешімі өзгермеген. Әкім мырза «Сүлейменов» ШҚ бірінші болып жүгінгендіктен, жермен осы шаруашылық айналысатынын кесіп айтқан.

Бұл дау аудан деңгейіне шығып, аудандық әкімдік, одан кейін инвесторларды қорғау жөніндегі жобалық кеңсенің араласуына ұласқан. Шу болған меморандум «Сүлейменов» ШҚ тоқтатылып, «Заря» АҚ қайтарылды, ал Михайлов ауылдық округінің әкімі лауазымынан айрылды.

Қостанай облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізген тексеру жұмыстары Әділбек Кәкімбеков «Жайылым туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар мен Этикалық кодекстің бірқатар баптарын бұзғанын анықтаған.

«Меморандум мерзімі аяқталуына орай 2018 жылдың 18 мамырында Кәкімбеков «Жайылым туралы» заңның 4 және 9 баптарын бұза отырып, жайылымды беру және пайдаланумен байланысты іс-шараларды жүргізуде ашықтық қағидатын сақтауды, жайылымды пайдалану және басқару мәселесін шешуде тұрғындардың қатысуын қамтамасыз етпеген, «Заря» АҚ меморандумды ұзартпаған, «Сүлейменов»  ШҚ меморандумды жариясыз жасаған», - деп көрсетілген қызметтік тергеу материалында.

Кәкімбековтің «Сүлейменов» ШҚ бірініші болып жүгінді деген дәлелі де расталмаған. Барлық құжат көтеріліп, тексерілгенде әкімнің жеке қабылдауына 21 мамырда келгені анықталған.

Фото: http://acad.kz

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер