«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

Аралдық кәсіпкердің мәселесін шешу үшін 5 ай уақыт кетті

23 Сәуір 2019 - Қызылорда облысы
828 просмотров

Жақында Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов әлеуметтік желіде «5 ай: көп пе, әлде аз ба?» деп басталатын жазба қалдырды.

Жазбада Ғалымбек Жақсылықов: «Бес ай көп уақыт па, әлде аз ба? Оны әр адам өзінің тұрмысына, тіршілігіне қарай шешер. Ал кәсіпкер үшін бұл өте көп уақыт, өте ұзақ мерзім», - дей келе 5 ай бойы кәсіпкерді сарсаңға салған мәселені оқырмандар назарына ұсынған.

Біз Палата директорының жазбасын толықтай назарларыңызға ұсынамыз.

«Бізге, яғни Кәсіпкерлер палатасына 2018 жылдың қараша айында «Арал құрылысы» ЖШС-ның директоры өтініш түсірді. Мәселе мынада. Арал қаласы Мостовая көшесінде кәсіпкердің асфальт-бетон зауыты орналасқан. Өткен жылдың қараша айында Арал ауданының полиция бөлімімен аталған көше бойына 3.4 «жүк автомобильдерінің жүруіне тыйым салынады» жол белгісі қойылады. Бұл жол белгісін орнату салдарынан Серіктестікке тиесілі жүк көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіріліп, кәсіпкер жұмысы тоқтап тұрғандығы жөнінде Палатаға арызданды», - дейді Палата басшысы.

Жалпы жол жүрісін ұйымдастыру құрылыс нормалары мен қағидаларына (СНиП) сәйкес 3.4 жол белгісі кейбір аудандық елді мекендерді немесе анақұрлым қауырт, шиелініскен жолдарды босату (разгрузка наиболее напряженных дорог) мақсатында қойылуға тиіс. Осыған байланысты, Палатамен Арал ауданының полиция бөліміне жол белгісінің қойылу заңдылығына түсіндірме беру туралы хат жолданады. 

Аталған хатқа сәйкес жол белгісі заңды қойылып, алайда кәсіпкердің өтінішін қанағаттандыру мақсатында Мостовая көшесінен айналма жол қарастырылатындығы хабарланады. Дегенмен, бұл хат келіп түскеннен 3 ай мерзім өтсе де хатта көрсетілген шаралар атқарылмайды. 

Жалпы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларына сәйкес 3.4. белгісінің күші белгіленген аймақта орналасқан кәсіпорындарға қызмет ететін, сондай-ақ белгіленген аймақта тұратын немесе жұмыс істейтін азаматтарға қызмет көрсететін немесе осы азаматтарға тиесілі көлік құралдарына қолданылмайды- деп көрсетілген.

Осыған сәйкес Палата Арал ауданының полиция бөліміне аталған норма негізінде Серіктестікке тиесілі көлік құралдарына 3.4 жол белгісі қолданылмайтындығын және жол белгісі орнатылған Мостовая көшесі арқылы кедергісіз жүру мүмкіндігін растау туралы қайта хат жолдады. Арал ауданының полиция бөлімімен Палатаға тек Серіктестікке жазбаша түсіндірілгендігі хабарланған. 

«Кәсіпкерден өтініш келіп түскелі Палата Арал ауданының полиция бөлімімен хат алмасулар арқылы, одан бөлек аудандық прокуратура арқылы да Серіктестіктің мәселесін шешу үшін бес (5) ай көлемінде жұмыстар атқарып келді. Дегенмен, аталған мәселе созбалаңға салынып, әр түрлі жауаптар беріліп шешімін таппады. Өз кезегінде Палата Қызылорда облысының полиция департаментіне хат жолдауға мәжбүр болды», - дейді Ғалымбек Жақсылықов. 

Нәтижесінде, Департаментпен кәсіпкердің мәселесі 5 жұмыс күні аралығында жедел арада оң шешіліп, қазіргі таңда кәсіпкерлік нысаны орналасқан жол бойына негізсіз қойылған жүк автомобильдерінің қозғалысына тыйым салу жол белгісі алынып тасталды. 

Бұл мәселеге қатысты Палата директоры: «Жол белгісін негізсіз қою салдарынан кәсіпкердің қызметіне кедергі келтірілді, одан бөлек өтінішіне нақты және толыққанды жауап ала алмай бес айдан аса уақыт созбалаңға салынды. Өз кезегінде Қызылорда облысының полиция департаментіне кәсіпкердің мәселесін жедел және оң шешілуіне жасаған жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз», - деді.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер