astana-view

Аудан әкімдіктері құрылыс компаниясына 32 млн теңге қарызды төлеуге міндеттілді

2019 жылғы 06 Маусым
- Жетісу облысы
8110 просмотров

Сот кәсіпорынның су тасқыны салдарын жою мақсатында атқарылған жұмыстың ақысын өндіру туралы шағымды қанағаттандырды

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша Өңірлік сектор аппаратының араласуынан кейін Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының әкімдіктері «ДСУ-13» АҚ ірі құрылыс кәсіпорнына ауылдық округтерде су тасқыны салдарын жою мақсатында орындалған жұмыстар үшін 32,6 млн теңге көлеміндегі қаражатты төлеуге міндеттелді. Алайда оң нәтижеге жету үшін кәсіпкерге үш жыл уақыт керек болды.

Істің құжаттары бойынша 2016 жылы Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жергілікті атқарушы орган бірқатар қалалар мен ауылдарда төтенше жағдай жариялады. Су тасқынының салдарын жою бағытында Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі тарапынан «ДСУ-13» компаниясына техникалық құралдарды жұмылдыру туралы жазбаша өтініш келіп түсті. Өз кезегінде кәсіпорын қалпына келтіру жұмыстарын толықтай жүргізген. Атқарылған жұмыстар сомасы 30 446 205 теңгені құрады. Жұмыс көлемінің толығымен орындалғаны растайтын құжаттар және фотоматериалдармен дәлелденген. Алайда құрылыс бөлімі себепсіз қаражатты төлеу мерізімін кешіктірді. Компанияның өтініштері еш нәтиже бермеді.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгіну барысында «ДСУ-13» АҚ шағымы қанағаттандырылмады.  2018 жылдың шілде айында Алматы облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да шешімді өзгертусіз қалдырады. Сот барысында әкімдік екі жақ арасындағы келісім-шарттың жоқтығына сілетеме жасап, қаражатты төлеуден бас тартқан.

Кәсіпорын Талғар ауданы әкімдігімен дәл осындай жағдайға де тап болған. Жергілікті атқарушы орган су тасқыны зардаптарын жою бойынша атқарылған жұмыстар үшін 2 178 740 теңгені төлеуден бас тартқан.

Осыдан кейін кәсіпорын Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, жағдай Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша Өңірлік сектор аппаратының жіті қадағалауына алынды.

Іс бойынша материалдарды зерттеу барысында Еңбекшіқазақ ауданының құрылыс басқармасы «ДСУ-13» АҚ атына келісім-шарт жобасын уақытылы жолдамағаны белгілі болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы бұзу фактісі болып табылады. Сонымен бірге сот тапсырыс берушілер қол қойған растайтын құжаттарды есепке алмаған.

«Сотқа жүгінген соң Алматы облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы соттың бірінші сатысында жол беріліп, істің қорытындысына әсер еткен заң бұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты сот алқасы жұмыстарды орындаудан келтірілген залалды өндіріп алу жөніндегі талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды. Осылайша жергілікті атқарушы орган кәсіпкерге 30 млн теңгеден астам қаржыны төлеуді міндетті. Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Талғар ауданына қатысты шағымды да қанағаттандырып, әкімдікті 2 млн теңгеден астам соманы төлеуге міндетті», – деп атап өтті Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша Өңірлік сектор аппаратының меңгерушісі Қанат Қабдиев.

Осылайша аудандық әкімдіктер кәсіпкерге 32 млн теңгеден астам қаржыны төлеуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер