astana-view

Ауыл кәсіпкері әділдікке қол жеткізді

2019 жылғы 28 Маусым
- Маңғыстау облысы
3305 просмотров

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының жеке кәсіпкері Ғалия Зұлхарнаева кәсіпкерлік құқығының бұзылғанына шағымданып, өңірлік кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.  

Жеке кәсіпкер 2012 жылы Мұнайлы ауданы, Маңғыстау селосынан көлемі  0,1089 га жер телімін сатып алған. 2016 жылы Маңғыстау ауылы әкімінің жер телімінің нысаналы мақсатын балабақша құрылысын салуға өзгерту туралы шешімі негізінде «Ақмаржан Мұнайлы» балабақшасының ғимаратын салып, іске қосады.  

Сөйтіп Маңғыстау ауылы әкімінің шешімі және «Мұнайлы аудандық сәулет және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бұйрығымен  сатып алу-сату келісім шарты жасақталып, жер телімі үш жылға (2018, 2019, 2020 ж.) кадастрлық құнын бөліп төлеумен, жеке меншікке беріледі.

Іскер 2017 жылға белгіленген қаржыны толық төлейді. Алайда 2018 жылы кәсіпкердің белгілі себептермен облыс аумағында болмауына байланысты төлемақы дер кезінде аударылмайды. Сол жылдың шілдесінде «Мұнайлы аудандық саулет және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі аудандық сотқа талап арыз беріп, қаржының кестеге сай уақытында төленбеуі салдарынан сатып алу-сату келісім шартын бұзуды сұраған және соттың 20 тамыз 2018 жылғы шешімімен бұл талап арыз қанағаттандырылған. Сот шешімі заңды күшіне енген және оған тараптар апелляциялық шағым келтірмеген.

Қазіргі кезде сот шешіміне апелляциялық шағым келтіру мүмкіндігі өтіп кетті. Белгіленген уақыттың озуына байланысты кассациялық сатыға да шағым келтіруге болмайды. Қайтпек керек?

Ал, «Ақмаржан Мұнайлы» балабақшасы 2017 жылдың қаңтарынан бастап 60 бүлдіршінді тәрбиелеп келеді. Олардың 45-і мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асуда. Онда 27 маман жұмыспен қамтылып отыр.

Сот шешімі негізінде бөбекжай қызметін тоқтатар болса, балалар күтімсіз, тәрбиешілер жұмыссыз қалып, балалардың ата-аналарының жұмысқа шығуына кедергі келіп, оның салдары наразылық акциясын туғызуы әбден мүмкін еді.

 Осы жағдайларды ескере отырып өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын, оның ішінде   жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету барысында жеке кәсіпкерлікті, ең алдымен, шағын және орта бизнес деңгейіне ықпалын тигізетін бәсекелестікті дамыту, ішкі сұраныстың импортқа тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жұмыссыздық, кедейшілік және басқа да проблемаларды шешу қажеттігі туралы талаптарын ескере отырып, осы мәселені, барлық мүдделі органдардың уәкілдерінің қатынасуымен, дөңгелек үстел отырысында талқылап, екі жақты меморандум аясында белгілі бір тоқтамға келу туралы аудан әкімдігіне хат жолдады.

  Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев: «Осы орайда тағы бір ескеретін жайт, Маңғыстау ауылының әкімі 23 қаңтар 2018 жылы жеке кәсіпкер Зұлхарнаева Ғалияның жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімінің күшін жою туралы қаулы қабылдаған. Алайда, ауыл әкімінің бұл әрекеті заң талаптарына қайшы келген. Себебі: жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту сатысында аудан әкімі жанындағы жер комиссиясының қорытынды шешімі негізінде әкім 2016 жылы қаулы қабылдаған, ал оның күшін жою үшін комиссия шешімін алмаған. Оған қоса, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңы бойынша жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелген соң, яғни құқықтық кадастр парағына тіркелген соң, тіркеуші орган бұл жазбаның күшін заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүзеге асыра алады немесе мемлекеттік тіркеуге байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі. Осы жағдайды баяндай келе, заңсыз қаулыға прокурорлық акт та енгізілді»,- дейді.

Осы күрделі мәселе өңірлік кәсіпкерлер палатасының араласуымен оң шешілді. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық Экономикалық соты Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы әкімінің 23 қаңтар 2019 жылы  жеке кәсіпкер Зұлхарнаева Ғалия Қабижановнаға жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы құжатының күшін жойған шешімін заңсыз деп тапты. Сөйтіп, заңсыз шешімнің күшін жойылып, мәселе кәсіпкер пайдасына толық шешілді.

 «Менің түйіткілді мәселеме бей-жай қарамаған Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне алғысым шексіз. Мен сонша жыл аяғынан тұрғызған кәсібім құрдымға кетіп, тәрбиелеп отырған балаларым, еңбек етіп жүрген қызметкерлерімнің халі не күйде болады? деп қатты қиналып едім. Заң үстемдік құрды. Білікті мамандардың араласуымен бәрі сәтті шешілді. Ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – дейді  жеке кәсіпкер Ғалия Зұлхарнаева.

Осылайша ауыл кәсіпкерінің заңдық мүддесі қорғалып, кәсібінің нәсібін көруде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер