astana-view

Кәсіпкерлікті дамыту - басты назарда

2019 жылғы 22 Шілде
8062 просмотров

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін шенеуніктерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажеттігіне назар аударды.

Бұған бизнестің қалай үн қатқандығы жөнінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов әңгімелеп берді.

- Бұл, әрине, бизнес үшін үлкен қолдау, - деген пікірде Болат Әбілқасымұлы. - Өйткені шенеуніктер тарапынан туындайтын кедергілерден кәсіпкерлер зардап шегеді, бұл үшін оларға қолданылатын жазаны қатаңдату қажет. Құқықтық статистикаға сәйкес 2016 жылы ғана лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне 44 920 шағым түсті. Оның 3-еуі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды,  ал 14-і әкімшілік, 17-сі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

2017 жылы шағымдардың саны 45 086 – ға жетті, оның ішінде 12 адам қылмыстық жауапкершілікке, 32-сі әкімшілік және 81-і тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

2018 жылы жеке және заңды тұлғалардың лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы өтініштер саны 52 051-ге жетті.  Қылмыстық жауапкершілікке 7 адам, әкімшілік жауапкершілікке 37 адам және тәртіптік жауапкершілікке 61 адам тартылды.

Шенеуніктердің кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруі төмендемегендігі анық көрініп тұр. Өйткені мемлекеттік қызметкерлер жауапкершіліктен жалтарып кету мүмкін екенін түсінеді және оларға шектен шығып кеткен жағдайларда ғана болмашы ескертулер жасалады.

2017 жылы біз лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бойынша ұсыныстарды Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жібердік. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейтуді ұсындық. Сондай-ақ, сол жылы құқық қорғау органдары Академиясымен бірлесіп, кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін жауапкершілікке мемлекеттік қызметшілерді тартудың қолданыстағы тетіктерінің тиімділігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізді.

Менің ойымша біздің ұсыныстарымыздың негізінде мемлекеттік қызметшілерді кәсіпкерлерге өзге көзқараспен қарауға мәжбүрлейтін шаралар қалыптастыруға әбден болады.

- Келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігіне шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы берілетін болады. Бұл қалыптасқан жағдайға қалай әсер етеді?

- Бұл өте дұрыс. Енді кәсіпкерлікті белсенді дамытатын өңірлер жергілікті бюджеттерге салық түсімдері түрінде қосымша ынталандырулар алады. Яғни, әкімдіктер экономиканың осы секторын дамытуға мүдделі болады. 

Сонымен қатар, енді жер мәселелері бойынша, рұқсат беру құжаттарын және т. б. беру бойынша әуре-сарсаңдар аз болады деп үміттенемін...

- Мемлекет басшысы мемлекеттік бюджеттен барлық қажетсіз бағдарламаларды алып тастауды тапсырды...

- Шынында да, сұранысқа ие емес бағдарламаларды жауып тастаған жөн. Бірақ тағы да бизнес зардап шекпеу үшін өте мұқият болу керек, өйткені бизнес бағдарламаны іске асыру үшін өз қаражатын салды. Сондықтан қандай да бір бағдарламаны жаппас бұрын бірінші кезекте кәсіпкерлермен есеп айырысу қажет.

- Президент әкімдерге инвесторлармен кездесулерде қарапайым болуға, өздерін үлкен бастық ретінде көрсетпеуге кеңес береді. Сіз әкімдердің жұмысын қалай бағалайсыз?

- Жалпы, біз әкімдерді барлық деңгейде бағалаудың нақты критерийлерін анықтауымыз керек, мұны қоғам білуі тиіс. Мысалы, шартты түрде, алты критерий бойынша.

Біріншіден, жұмыссыздықтың азаюы. Екінші, тарифтердің төмендеуі. Үшіншіден, өңірдегі экономиканың барлық секторлары бойынша жалақының ұлғаюы. Төртіншіден, бұл – облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (газдандыру, жолдар, су, кәріз және т.б.). Бесінші, әкім қызмет атқарған аралықтағы  өңірде жұмыс істеп тұрған ірі, шағын және орта бизнес субъектілерінің нақты саны.

Ал алтыншы – бюджеттің кіріс бөлігінің шикізат есебінен ғана емес (мұнай, газ, металл және т.б.), сонымен қатар экономиканың басқа да секторларының есебінен ұлғаюы.

Бұл көрсеткіштер әкімдердің жұмысына нақты баға бере алады. Егер әкімдерді осы өлшемдер бойынша бағалайтын болсақ, олар кәсіпкерлермен анағұрлым тиімді және ұйымшыл жұмыс істейтін болар еді.

Сондай-ақ тоқсанына бір рет кәсіпкерлермен кездесіп тұруға кеңес берер едім. Галстуксыз, алдын-ала дайындалған баяндамасыз, өңірдегі бизнестің проблемалары қарапайым тілде, нақты талқыланса жөн болар еді.  Неге екені белгісіз, бізде тек шетелдіктерді инвесторлар деп санайды да, отандық инвесторлар ұмыт қалып жатады. Барлығына тең дәрежеде назар аудару қажет.

Казахстанская правда, 22.07.2019

Гауһар Қасенова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер