astana-view

ЖОО рейтингі бәсекелестік орта қалыптастырады

2020 жылғы 27 Ақпан
6247 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйесіз, диплом сатумен айналысып кеткен жоғары оқу орындары санын қысқарту тапсырма­сын орындауға септігін тигізіп отыр. Негізі, рейтинг жоғары оқу орындарының артықшылықтарын анықтау, беделін көтеру және білім беру сапасының ұлттық және халықаралық нарықта деңгейін көтеруге бағытталған. Ал ЖОО-лар рейтингі негізгі 17 критерий бойынша жүргізілуде. Басты талап – жұмыспен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы («Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ ұсынған мәлімет), оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау. 

Былтыр рейтингте 90 мамандық қамтылып, екі мыңнан астам білім беру бағдарламасы бағаланған. Осы сараптамаға еліміздің барлық өңірлерінен жеті жүзден аса сарапшы қатысқан. Соның нәтижесінде 109 ЖОО бойынша алты мыңға жуық сараптамалық қорытынды жасалып, ЖОО-ларға ұсыныстар әзірленген. Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларының еңбек нарығына сай келмеуі де белгілі болған. Айталық, 666 білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің талаптарына сай келген, ал 1052 білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің талаптарына сай келгенімен, жаңартуды талап етеді. 318 білім беру бағдарламасы күтілетін нәтижелерге сәйкес емес, пысықтауды талап етеді.

Рейтинг жұмысқа орналасқан және орналаспаған түлектер саны бойынша жүргізіледі, 2019 жылғы қорытынды бойынша түлектердің диплом алған сәттен бастап жұмыс іздеу ұзақтығы 3,5 айды құрапты, ең тез жұмыс табушылардың қатарына «Көліктік құрылыс» мамандығының түлектері (2 ай) жатады. «Шетел филологиясы», «Стоматология», «Кеден ісі» мамандықтарының түлектері 5 айдан артық уақыт бойы жұмыс іздейді екен. Бұл – мамандық бойынша анықталған деректер. Түлектердің 51 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналаспаған. Ең жоғары үлесі қай жоғары оқу орнына тиесілі, сол университет рейтингтің көш басында болады.

Сонымен бірге, рейтингте түлектер санының аз болуы университеттердің деңгейін төмен түсіреді. Мысалы, «Астана» университетінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша 2018 жылы 1 түлек, ал 2019 жылы 3 түлек аяқтаған. Дәл осы сияқты, Орталық Азия университетінде «Маркетинг» мамандығы бойынша 2018 жылы түлектер болмаса, ал араға жыл салып аталған мамандықты 1 адам ғана бітірген. Демек, бір ғана маманды даярлау үшін арнайы лицензия алудың қажетілігі бар ма деген сұрақ туындайды. Бұл жағдайда 2-3 студентті оқытуға материалдық-техникалық база қаншалықты жабдықталған? Бұл күдік туғызатындығы анық.

Зерттеу қорытындысын шығара отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту, сондай-ақ жоғары оқу орындарының жұмысқа орналастыруға бағыттылығын ескере отырып, жұмыс берушілердің болжамына сай рейтинг жыл сайын өткізіледі. Оның нәтижелері мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру процесінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басқару шараларын қабылдауда пайдаланылатын болады.

Айта кетейік, мамандықтар рейтингі – «Атамекен» ҰКП-ның бастамасы негізінде қолға алынған. Аталған сараптама жұмыс беруші мен жоғары оқу орынының арасындағы байланысты нығайтады. Өйткені, қазіргі таңда теория мен практиканың алшақтығы бар. Соның салдарынан жоғары оқу орнын бітірген жастар жұмыс таба алмай жатады. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс берушілер жас мамандарды қайта даярлауға басымдық береді. Бұл уақыт пен материалдық жағынан кәсіпкерлер, жұмыс берушілер үшін тиімсіз екені белгілі. Сондықтан аталмыш рейтингтің өзіндік маңызы жоғары. Тек осы рейтингке қоғам сүйенсе игі. Себебі, шетелде ата-аналар мен мектеп түлектері осы іспетті рейтингтерді мұқият бақылап отырады. Өйткені, дамыған елдерде университеттің оқу бағдарламасы мықты болса, оны оқып шыққаннан кейін жақсы жұмыс та, жоғары жалақы да болады табылады.  

Айнұр Ыбыжанова,

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер