Балқаш - ғашықтар көлі
Ертеде мыңғырған мал айдаған бір байдың Балқия деген айдай ару, күндей көркем қызы болыпты. Ел-жұрты Балқияның ақылы мен көркіне тамсанып, оны «Балқияжан, Балқаш» деп еркелетіп айтатын болыпты. Күндердің күнінде сол Балқаш қыз бойжетіпті. Бала кезінен атастырылған Балқаш қыз өзінің болашақ жары туралы ештеңе білмейді екен. Бір күні бесік құдасы байға кісі шаптырып, «келінімді алып кетуге барамын, дайындала берсін» деп хабар жіберіпті. Өзінің болашақ күйеуінің сақау әрі есерсоқтау екенін осы кезде ғана жеңгелерінен естіп-білген Балқаш қыз күннен-күнге солған гүлдей сарғайып, қайғыдан қан құса бастайды. «Бай баласы, ертең-ақ ел ағасы болады, қызымыздың да көңілі жайланар» деп ата-анасы бұған аса мән бермейді. Бірақ та жүрегі қаламаған жанға жар болмасқа бел буған Балқаш қыз ертеден өзі көңіл қосып, ұнатып жүрген Ерденге өзінің өтініш-назын жеткізеді. Ерден бұл елге сіңіп кеткен, сырттың адамы екен.
– Етегіңнен ұстадым, батыр-еке. Өмір-бақи алдыңнан шықпай, бетіңнен қақпай өтуге ант-су ішемін. Тек мені мына пәледен құтқара гөр.
Барар жер, басар тауы жоқ, артында тұрған қалың жұрты, арқа сүйер елі жоқ Ерден сонда қатты қысылыпты. Балқаш қыздың кім көрінгеннен бұлай өтіне бермейтінін, ғазиз тағдырын қолына бекер тапсырмайтынын Ерден де жақсы біледі. Нартәуекел! Өткен жылы жоғалған бай жылқысын іздеп жүріп, қамыс құрақты айдын көлге тап болғаны бар-ды. Күзді Балқашжанмен сонда өткеріп, қыс түсе көлдің беті қатқанда арғы беттегі жұртқа өтіп кетсе, қауіп бұлты сейілер. Ел қорғауға жарар күші бар, ел ішіне сіңіп кетер. Қарға тамырлы қазақ баласы сыртына теппес. Ер ойы осыған бекіді. Бір түнде ізім-ғайым жоғалған екі жасты іздеп, ел-жұрты сабылды да қалды.
Қоңыр күз түсті. Бұл кезде екі жас қалың қамыс арасында жасырынып жатқан болатын. Ерден күндіз аң аулайды, үйрек-қазға тұзақ құрады. Ал Балқаш қыз болса, елін сағынып, ұшқан құсты, көл бетінде шолпылдаған шабақтарды қызықтап күн өткізеді. Санаулы күндерден соң қытымыр қыстан да хабар білініп қалар, көл бетіне мұз байланса, осы азаптан, қияметтен құтыламыз деген екі жастың да қуаныштары шексіз еді.
Қамыстан тігілген қос ішінде отырып, арқандаулы аттардың оқыс кісінеп, тыпырши бастағанын естіген Ерден сыртқа атып шығады. Бұл кезде екі жылқыға қанды көзін қадап, азу тісі алмастай жарқырап дәу қара қабан шапқалы тұр екен. Аттан айырылса, ұшқан құс қанаты талатын қазақ даласының арғы бетіне өту мүмкін еместігін түйсінген жас жігіт қабанға қарсы ұмтылады. Қайың сапты шоқпар болса ғой, қара бастан қақ айырып салатын. Жалаң қол мен азулы тіс айқасы әділетсіздікпен аяқталары белгілі. Шошына шыңғырып, бас жібін үзе қашқан қос жылқының соңына түскен қабан жайрап жатқан жас жігітті тастап, соңдарынан тұра қуады. Шыр-пыр етіп, шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған Балқаш қыз ерінің басын сүйеп, қосқа кіргізді. Киіз күйдіріп, жарасын таңды. Бірақ та күн санап денесі ісініп, өне бойына жайылған Ерден Балқаш қызды тастап, бақиға аттанып кете барады. Тағдыр ісіне амал бар ма? Қабырғасы сөгіле қайғырып, өз қолымен ерін жерлейді. Жанынан өзіне де орын дайындайды.
Құсалы көңілмен өзін құрбан қылуға бел буып отырғанда аяқ астынан сау ете қалған атты адамдардың ортасынан өзінің туған-туысын, қайын жұртын көреді. Менің мазалы жүрегімді, жабырқау жанымды ешкім көрмесін, ешкім білмесін деген Балқаш қыз көлге қарай жүгіріп, өзін жартастан тастап жібереді. Саумал жел, сыңсыған ну, байтақ дала қасірет күйін тартты. Аспанда құс, көлде балық атаулы адамзаттың қайғысына ортақтасты. Бәрі-бәрі Балқаш қызды жоқтап қала береді.
Содан бері көл бойын жағалай қонған жұрт айна бетіндей жарқыраған қасиетті айдынды «Балқаштың көлі» деп атаған екен.