astana-view

«Ұрпақтар алғысы» - «Атамекен» ҚР ҰКП әлеуметтік жобасы

2015 жылғы 15 Сәуір
8562 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Ұрпақтар алғысы» әлеуметтік жобасының бастау алғаны жайлы хабарлайды.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары Нұржан Әлтаев брифингте сөз алып, жобаның бір реттік акция болып табылмайтынын, науқан сипатында да емес екенін атады. Дүниежүзіндегі ең қанқұйлы соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқанын сезіне отырып, бизнесмендер олардың нақты тұрмыстық түйкілдерін шешуге назар аударып отыр.

«Ұлттық палата ел бизнесмендерімен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өміріне белсене атсалысқылары келеді. Біздің ойымызша, бұл бір-ақ рет емес, үнемі жасалып тұруға тиіс. Сондықтан да «Ұрпақтар алғысы» әлеуметтік жобасы ұзақ мерзімдік болып табылады. Кәсіпкерлер жоба аясында қамқорлық жасайтындарына кепілдік береді және ардагерлерге қаржылық болсын, тәжірибелік болсын, кез-келген көмекті көрсетуден аянбайды», - деп баса көрсетті Нұржан Әлтаев.

Ұлттық палатада арнайы «жедел желі» ашылды. Еліміздегі кез-келген ардагер 59-79-60 номері бойынша Кәсіпкерлер палатасына түйткілін шешіп беруді сұрап жүгіне алады.

«Барлық өтініштер тіркеледі және бизнес-қоғамдастыққа жолданып отырады», - деп уәде етті Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары.

Бизнес өңірлердегі ардагерлерге белсенді түрде көмек көрсетуде. Солтүстік Қазақстан облысында танымал кәсіпкер Владимир Левин Қызылжар ауданының 12 ардагеріне өз кәсіпорнында әзірленген жиһаз табыстады. Ақтөбеде 77 компания басшысы Ұлы Отан соғысы қатысушыларының пәтерлерін өз есебінен жөндеп берді.

Қостанайда 200 ардагер мен тыл еңбеккеріне көмек көрсетілуде. Ал Жамбыл облысында жеке кәсіпкер Тұрсын Рахметилдаев Сәлімбай ауылында өз қаражатына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш тұрғызған.

Шикізат секторындағы ірі кәсіпорындар да қалыс қалмады: «Қазақойл», «Қазхром», «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Евразийская группа және  көптеген басқалары. Алматыда «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС «АРДАГЕР  -  Мәңгі Даңқ!» науқанын дайындау үстінде. 2015 жылғы 1 мамырдан бастап 31 желтоқсанға дейін «АлматыЭнергоСбыт» әрекет ету аймағында тұрып жатқан ҰОС ардагерлері «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС есебінен айына 70 кВтс электр энергиясын төлеуден босатылады. (Осы кезеңде, яғни үстіміздегі жылдың соңына дейін ардагерлер осы көлемнен асыра тұтынылған электр энергиясы үшін ғана төлем жасайтын болады).

«Ұрпақтар алғысы» әлеуметтік жобасына белсене атсалысқаны үшін кәсіпкерлерге ерекше алғыс білдіргім келеді және оған елдегі барлық бизнесмендерді қосылуға шақырамын», - деп «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары әріптестеріне үндеу тастады.

Нұржан Әлтаев өз сөзінде Ұлттық палатаның тағы бір әлеуметтік жобасы – «Линия жизни» туралы еске салды. Жоба қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жедел көмек шақыру қызметіне негізделген. Әрбір ардагерге арнайы бипер (немесе түрлендірілген ұялы телефон) берілген. Оқыс оқиға орын алған жағдайда, «дабыл түймесін» басқанда немесе құлау тетігі іске қосылғанда, тәулік бойғы Көмек орталығына белгі беріледі. Мұнда отырған оператор «электронды картотека» деректерін бағдарға ала отырып, «жедел жәрдем», ТЖМ және басқа да қызметтерді шақыру жайлы шешім қабылдайды, туысқандар мен көршілерге ақпарат беріп, қажет көмектік көрсетілу барысын бақылайды.

«Линия жизни» пилоттық жобасы 2014 жылы Астана мен Алматыда сынақтан өтті. Мұнда шұғыл көмек шақыру жүйесіне тәулік бойғы режимде 150 ардагер қосылған. ҚР ҰКП басшылығы Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы қолдауымен бұл жүйені күллі елге таратуға ынта беріп отыр. Палата 9 150 000 теңге сомасындағы жылдық абоненттік төлем мен жабдық құнын толығымен өтеп берді.

«Ұрпақтар алғысы» атты әлеуметтік жобамызды қолдайтын бизнесмендер санының артатындығына, еліміздегі әрбір ардагерге шынайы көмек көрсете алатындығымызға сенімдімін», - деп қорытты Нұржан Әлтаев.

Басқа құрылымдар өкілдері де қалыс қалмады. «Медикер» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрбек Ақажанов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің биылғы жылдың 1 мамырынан бастап 30 маусымға дейін компания клиникаларында медициналық тексеруден тегін өту мүмкіндігіне ие болатыны жайлы хабарлады. «Медикер» қызметі аумағының айтарлықтай кеңейіп, еліміздің ең шалғай орналасқан жерлерінде өкілдіктерінің ашылғанын ескеру керек (атап айтқанда, Жаңаөзен қаласында).

Бизнесмен әріптестерінің бастамасын «Астана Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ханзада Балтаева да қолдап отыр.

«Жеңіс күні – әлемдегі ең маңызды мереке. Көктем сайын жер көгеріп, аспанымыздың ашық болып, күніміздің арайлып атуы, балалардың ояна салып балабақшаға баруы, анасының жетектеп баруы – осының бәрі бұл бүгінде кеудесі орден-медальға толы жандардың арқасы. Олар майданға аттанғанда өте жас болды. Отбасын құрмай, бала көрмей, соғыс алаңында қаншамасы қаза тапқанын ойласаң, денең түршігеді. Сіздерге деген алғысым шексіз. Ұлттық палатаға да осы науқанға қатысу мүмкіндігін беріп отырғаны үшін алғыс айтамын», - деді бизнесвумен.

Кәсіпкер қоғамдық ұйымның елорда ардагерлерін өз қамқорлығына алатынын мәлімдеді. Ол кез-келген ардагердің жыл бойы Астанадағы ең үздік шаштараздар мен компаниясындағы тігін шеберханаларының қызметін қолдана алатынын, шаштараздардың ардагерлер үйіне барып қызмет көрсететінін хабарлады. 

«Біз өз сүйіспеншілігімізді көрсетеміз, бұл біздің «майдан» болмақшы. Бәлкім, бұл үндеуімді әріптестерім естіп, олар да қолдайтын шығар. Бұл қолдан келер істің шағын ғана бөлігі! Біз сіздердің ерліктеріңізді ұмытпаймыз және мақтан тұтамыз», - деп мәлімдеді бизнесвумен.


Ұқсас жаңалықтар:

Майдангерлерге мың тағзым!
5 Мамыр
2016
Қостанай облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер