astana-view

Ақтөбе агломерацияға айналады!

2015 жылғы 26 Маусым
- Ақтөбе облысы
12850 просмотров

Ақтөбе облысында Дүниежүзілік Банк өкілдерінің тобы жұмыс жасайды. Консультанттар Ақтөбе қаласы агломерацияға айналу үшін қандай бағытта дамуы қажет екенін анықтауға тиіс. Бұл жұмыс Шымкент және Ақтөбеде орталықтары бар агломерациялар базасындағы пилоттармен стратегиялық және институционалдық Қала агломерациялары Жол картасын дайындау аясында жүргізілуде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынырақта Ақтөбені еліміздің алғашқы заманауи урбандалу орталықтарына айналатын қалалар қатарында атағанын еске саламыз. Астана, Алматы және Шымкентпен бірге ол агломерациялық құрылым орталығы ретінде дамитындығы аталды.

Ақтөбе агломерациясын 2020 жылға дейін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды және жаңа аумақтың әсер ету аймағы айқындалды. Агломерация құрамына әкімшілік басқаруындағы бес ауылдық округпен бірге халық саны 427 мың адамды құрайтын орталық немесе ядро – Ақтөбе қаласы, сонымен қатар жалпы халық саны 541 мың адам болатын шағын қалалар Алға, Қандыағаш, моно-қала Хромтау мен Алға, Мұғалжар, Мәртүк, Хромтау және Қарғалы аудандарының бірқатар ауылдық округтері кіреді деп болжануда.

Тәуелсіз консультанттар Мэтс Андерсон, Тошиаки Кейчо, Стив Буджс алдында облысымызды экономикалық тұрғыдан зерттеу жүргізу міндеті тұр. Дүниежүзілік Банк өкілдері облыс орталығына бір сағаттық жердегі елді мекендерде болып қайтты, ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен, тамақ өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындар қызметімен танысты, жылыжай шаруашылықтарында болып қайтты.

26 маусымда жұмыс тобы өңір басшылығының назарына Өңірлік даму бағдарламасының бір бөлігі ретінде қала агломерацияларын дамытуға шолу ұсынуды, өңірге диагностикалық бағалауды таныстыруды жоспарлап отыр. Бүгін Дүниежүзілік Банк өкілдері Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшыларымен кездесті.

«Өңір дамуы туралы, соның ішінде кәсіпкерлікті дамыту туралы барлық қажет ақпаратты алдық. ӨКП сарапшылары ел экономикасында, соның ішінде Ақтөбе облысында болып жатқан дүниелер жайлы хабардар», – деп бөлісті ойымен Дүниежүзілік Банктың аға консультанты Мэтс Андерсон.

«Сарапшылар үшін бұл мәселеде ӨКП пікірін есту, өңірдегі экономиканың қаншалықты серпінмен дамып келе жатқанын білу, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мәселелерді талқылау маңызды. Сонымен қатар өңірдің даму келешегі және бұдан әрі бірлесе ынтымақтасу мәселелері қозғалды», - деді ӨКП сарапшысы Гүлмира Қазмұхамбетова кездесу қорытындысын сөз ете отырып. 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер