astana-view

Әкімдікке тиесілі ЖШС «Бәсекелестік туралы» заңды бұзып отыр

2015 жылғы 04 Тамыз
12972 просмотров

Коммерциялық компания негізгі қызметімен бірге нарық қатысушыларын бақылауда ұстайды, сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсаттар береді.

Алматы Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының жарнама нарығындағы айла-шарғының басын ашуына тура келді.

Қалалық әкімдіктің еншілес ұйымы «Алматыжарнама» ЖШС Алматы қаласында 2012 жылдан бері қызмет жасайды. Компания коммерциялық болып табылады және қаладағы жарнама қызметі нарығында жұмыс жасайды: баннерлерге, билбордтарға және т.б. сыртқы жарнама орналастырады, жарнама дайындау бойынша полиграфиялық қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, ол… сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсат беруге де қатысады!

«Жарнама туралы» ҚР Заңына сәйкес сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсат беру саласындағы уәкілетті орган Сәулет және қала құрылысы басқармасы болып табылады. Бірақ тәжірибеде, қала әкімдігінің арқасында, басқарма өзінің бақылау функциясын «Алматыжарнама» ЖШС-ға беріп қойған.

Нәтижесінде мүдделі тұлғалар сыртқы жарнама нысандарын орналастыруға рұқсат алу үшін «Алматыжарнама» ЖШС-мен сыртқы жарнама нысанының макеті, мәтіні, дизайны және орналасу орнын келісуге міндетті. «Алматыжарнама» ЖШС оң қорытындысын алғаннан кейін ғана Сәулет және қала құрылысы басқармасы қажет рұқсатты береді.

Сонымен қатар, «Алматыжарнама» ЖШС іс-жүзінде әкімдіктің бақылау-қадағалау функциясын жүзеге асыра отырып, қалада орналастырылған жарнаманың заңнама талаптарына сәйкестігіне рейдтер және тексерістер жүргізеді. Мониторинг жөніндегі инспекторлар деп аталатын жарнама компаниясының қызметкерлері бәсекелестерінің жарнама конструкцияларын суретке түсіріп (әрине, өз нысандарын тексермейді), бұзу туралы мәліметтерді Алматы қаласының салық органдарына жолдайды. Сонымен бірге Сәулет басқармасы да, салық органы да «Алматыжарнама» ЖШС ақпаратын мемлекеттік органнан келгендей қабылдайды және бұзушыларға айыппұл салады.

Осылайша, «Алматыжарнама» ЖШС – үш басты айдаһар сияқты. Бәсекелестерінің рұқсаттарын да келістіреді, олардың қызметтерін де бақылауда ұстайды, өзі де жарнамамен айналысады.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдарға қарағанда компанияның бақылау саласындағы мүмкіндіктері көбірек, себебі мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді тексеру үшін көптеген құжаттарды рәсімдеуге тиіс, прокуратура органында тіркеуден өтеді және тексеріс нысанына ескерту жасауға тиіс. Ал «Алматыжарнамаға» ондай қимыл жасаудың қажеті жоқ – мониторинг жөніндегі инспекторлар фотосуретке түсіреді де, айыппұл тағайындауға дайын түрдегі ақпаратты ұсынады.

«Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 31 бабына сәйкес, мемлекет кәсіпкерлік қызметке заңда қатаң белгіленген жағдайларда ғана қатысатынын атап өту керек: ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін, стратегиялық нысандарды қолдану және ұстауда, мемлекеттік монополия саласында, мемлекеттік саясаттың тиімділігін талдау үшін. Сонымен бірге, ұқсас тауар немесе қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік субъектілері болмауы қажет. Жарнама бизнесінің ұлттық қауіпсіздікпен, мемлекеттік монополиямен немесе мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен еш байланысы болмаса да, «Алматыжарнама» ЖШС нарықта 100 пайыздық мемлекеттік қатысу кәсіпорны ретінде көп жылдар бойы заң талабына кесе көлденең жұмыс жасап келеді.

Заңға қайшылықтар мұнымен бітпейді. Жарнамашылардың айтуынша, «Алматыжарнама» мен Алматы қаласы Сәулет басқармасы арасында құпия шарт жасалған екен. Оған сәйкес компания басқа жарнама компанияларының алдында басымдылыққа ие. Әрине, бұл бәсекелестікке шек қоюға әкеледі. Сонымен бірге, шарттың жасырындығы соншалық, «Алматыжарнама» ЖШС оны «коммерциялық құпия» ретінде қорғайды.

Заңгерлер бұл жағдайда әкімдік пен «Алматыжарнама» әрекетіндегі «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының мемлекеттік кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектейтін және мемлекеттік органдардың бәсекеге қарсы әрекеттеріне тыйым салатын 31 және 33 баптарын бұзудың анық белгілерін көрсетіп отыр.

Құзырлы құқық қорғау органдарына жарнама компанияларынан шағымдар үнемі түсіп тұрады, бірақ «Алматыжарнама» ЖШС қызметі одан өзгеретін емес. Қазірде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы істі өз қолына алып отыр. 2015 жылғы шілде айында ҰКП компания мен Алматы қаласы әкімдігінің әрекетіне тергеу жүргізуді және оның бәсеке туралы заңнаманы сақтап отырғанын тексеруді талап етіп ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жүгінді. Жағдайдың дамуы жайлы www.palata.kz қосымша хабарлап отырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер