astana-view

Палата — заңды сауданы қолдайды!

2015 жылғы 10 Тамыз
- Қостанай облысы
12548 просмотров

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерге алкогольді заң бойынша сатуға кеңес берді

Сарапшылар «Прокурор түсіндіреді» акциясының аясында қадағалау органының өкілдерімен бірге бұзулардың қандай салдарға әкелетінін айтып берді.

Акция тақырыбы өткен рейд іс-шаралардың қорытындысынан туындап отыр. Қостанайда үш күн ішінде сағат 21-ден кейін өткір спиртті ішімдіктерді сату және кәмелетке толмағандарға спиртті ішімдік сатудың 55 дерегі анықталған. Әрбір бұзу бойынша әкімшілік істер қозғалған, олар 20 мың теңге және одан да жоғары сомадағы айыппұлға әкеледі.

Облыс прокурорының орынбасары Серік Әбденов баса көрсеткендей, қазір қадағалау органының өкілдері алкоголь өнімін өткізуді іске асырып жүрген кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнаманың талаптарын барынша түсіндіруді мақсат етіп отыр.

«Біздің жұмыс қызметке кедергі жасау емес, заңсыз саудаға бөгет болу. Қазір күллі облыс бойынша кең көлемді түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Сауда нүктелерін аралап, арнайы жадынамалар табыстаймыз. Жазалауды қаламаймыз! Бәрін ой елегінен өткізіп, бұзуға бармауға мүмкідік бергіміз келеді. Осыдан кейін ғана, егер мұның әсері болмаса, сауда нүктелері иелерін лицензиядан айыруға дейін барамыз», - деп мәлімдеді Серік Әбденов.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында сонымен қатар бизнес қызметінің халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге тиіс екені еске салынды. Осыған орай дүкендер иелеріне тек қана құқықтық алаңда жұмыс жасауға кеңес берілді.

«Үнемі кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтынымызды айтып отырамыз. Сондықтан да қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтауға тағы да үндейміз. Бұл алкоголь өнімін сатуға ғана емес, өрт-техникалық және санитарлық-экологиялық нормаларға да қатысты. Табыс табумен бірге халықтың қауіпсіздігін де ойдан шығармауымыз қажет», - деп түйіндеді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Самат Сәдуақасов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер