astana-view

Омарта ісінің шебері

2015 жылғы 26 Тамыз
- Ақтөбе облысы
10570 просмотров

Ақтөбелік шалғай ауылдың тұрғыны андреев балын кеңінен өндіруді қолға алмақшы

Әділбек Қуанов Ақтөбе қаласынан туған ауылы Қызылжарға (бұрынғы Андреевка) үш жыл бұрын қайтып оралған болатын. Омарташылықпен айналысып, бірнеше ара ұясын сатып алады. Оларды сынап көрмекші болады. Ал мұнымен салмақты түрде айналысуға бел буғанда Палатаға жүгінеді.

«Ісін бастаушы кәсіпкер бізге 2014 жылдың сәуір айында келді. Бірнеше ай бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 600 мың теңге көлемінде микрокредит алу үшін өтінім ресімдеген болып шықты. «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік жедел-курсын тыңдаған», - деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Мәртүк ауданындағы филиалының директоры Бернияз Длимов.

Палатада болашақ кәсіпкерге жеке істі қалай ашу керектігі және омарташылықты дамыту жөніндегі жобасын қалай дамыту керектігі жайлы толық консультация беріледі. Әділбек Қуанов өз бетінше бизнес-жоспар дайындайды, себебі бұл іске көптен дайындалған еді және омарташылық істе тәжірибесі де жоқ емес. Филиал директоры жобаны толығымен жүзеге асқанша сүймелдеді. 

Кәсіпкер кредит алған бетте, тіркеме сатып алып, Башқұртстаннан 20 омарта алып келеді.

«Қалаға қарағанда, ауыл өмірі көбірек ұнайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында бизнесті дамытуға кредит алдым. Бұл омартаны үлкейтуге және ара санын 30-ға жеткізуге сеп болды. Биыл 200 литр бал алып үлгердім. Бір келісін 1800 теңгеге сатамын», - дейді 55 жастағы омарташы.

Әділбек Қуанов ісін негізді түрде бастады. Тәтті тауарын өндірістік өткізу үшін тіпті емдік тауардың таңбасы бар фабрикалық заттаңбаларға тапсырыс беріпті.

«Жоспар көп. Шаруашылықты кеңейткім келеді. Қосымша жер, қажет техника сатып алу керек. Түйбұршақ, қарақұмық, қыша, беде сияқты бал беретін дақылдар екпекшімін. Қызылжар ауылдық округінің басшылығы Арман Ахметовке, жұмыспен қамту орталығының басшысы Айгүл Баубековаға қолдағандары үшін үлкен алғыс, және де Мәртүк ауданындағы ӨКП филиалының директоры Бернияз Длимовке ерекше ризашылығымды білдіремін. Олардың зор көмегі тиді және өз күшіме сенім ұялатты», - деп қорытты Әділбек Қуанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер