astana-view

Фин бизнесмендері Қазақстанға қызығушылық танытуда

2015 жылғы 12 Қазан
- Астана қаласы
9710 просмотров

Астана Финляндияның бизнес-делегациясын қарсы алды

Екі күндік қазақстандық-финляндиялық бизнес-форумға 200-ден астам қатысушы келіп, өзара ынтымақтастық туралы 2 меморандум жасалды және В2В форматында ондаған екі жақты кездесу өткізілді.

Іс-шараның ұйымдастырушылары берген ресми деректерге сүйенсек, фин тарапынан білім беру және жасыл технологиялар саласында маманданған 43 компания келген. Арасында 9 университеттің өкілі бар 20-дан астам фин компаниясы елордалық әріптестерімен іскерлік келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде екі елдің жетекші оқу орындары арасында өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. Финляндияның қолданбалы ғылымдар университеті - РОНТО сияқты жетекші жоғары оқу орындары, сонымен қатар Жасыл академия еліміздегі Еуразия ұлттық университетімен тығыз ынтымақтасуға дайын.

Финляндияның білім беру және таза технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына кіретінін, сонымен қатар соңғы жүз жылдықтағы дамыған 30 ел тобына кірген әлемдегі төрт елдің бірі болып табылатынын атап өту керек. Мұндай табыстың бір кепілі – жетекші білім беру жүйесі. Финдер бұл тәжірибені де елордалық әріптестеріне беруге дайын.

«Бұл Қазақстанда өтіп отырған бесінші форум. Алғаш рет жұмысты 2007 жылдан бастағанбыз. Ол кезде 17 фин компаниясының сапарын ұйымдастыра алдық. Жыл өткен сайын қызығушылық және компаниялар саны өсіп келеді. 2012 жылы экономиканың түрлі салаларында маманданған 109 адамнан тұратын 74 компанияны алып келдік. Бұл статистика фин іскер топтарының Қазақстанға аса үлкен қызығушылық танытатынынан хабар береді», - деп баса көрсетті «Finpro Kazakhstan» компаниясының басшысы Жәния Әділбек.

Бір айта кететіні, 2008 жылы «Finpro Kazakhstan» жұмысының негізінде Астанада Финляндия елшілігі ашылған еді. Содан бері тараптар жемісті ынтымақтастық құруда. Ал 2011 жылы екі елдің сыртқы сауда айналымы миллиард долларға жетті. 

Елордалық кәсіпкерлер екі жақты В2В кездесулерге ынтамен қатысты. Олар аталмыш кездесулер аясында жеке инвестициялық жобаларын таныстыра алды. Іскерлік келіссөздер қорытындысы бойынша білм беру саласындағы ондаған алдын-ала келісімдер жасалып та қойды. Олардың қалай жүзеге асырылатыны жайлы жақында белгілі болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер