astana-view

ДСҰ жөніндегі «дөңгелек үстелдер» топтамасы бастау алды

2015 жылғы 16 Қараша
11257 просмотров

Ұлттық палатада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенінен кейін ЕАЭО аумағына кейбір тауарларды әкелу және оны алып жүру ережелері түсіндірілді

Отырыс ҰКП және ҚР Мемлекеттік табыс комитеті өкілдерінің, сонымен қатар аймақтық режимде Ұлттық палатаның өңірлік өкілдіктері мен бизнесмендердің қатысуымен өтті. Сарапшылар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізді. Жиналыс барысында олар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО аумағына алулар тізбесіне түсетін кейбір тауарларды әкелу және олардың айналымына қатысты алда болар жаңа енгізілімдер жайлы айтып берді.

«Қазақстан 1 желтоқсаннан бастап ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреді. Қазақстанның ДСҰ аясында мойнына алған негізгі міндеттемелері – бұл 3 877 тауар жайғасымына қатысты тарифтік артықшылықтар. Оның ішінде 2016 жылы кедендік әкелу баждары 1 347 тауар жайғасымында төмендетілетін болады. Аталмыш тізбедегі тауарларға салынатын кедендік әкелу баждары айтарлықтай төмендетіледі: орташа өлшенген 10, 4% тарифтен 6,5%-ға дейін. Тауарларды ҚР төмендетілген бажымен әкелген жағдайда оларды ЕАЭО мемлекеттері аумағына апаруға құқығы жоқ екенін түсіну керек. Яғни бұл Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдері. Апару құқығы аталмыш тауарларды ЕАЭО қолданыстағы Бірыңғай кедендік тарифімен ғана әкелген жағдайда пайда болады», - деп атады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дана Жүнісова.

Мемлекеттік табыс комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов және «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дана Жүнісова жиналысқа қатысушылардың барлығының назарын басты мәселе – тауарлармен жасалатын кез-келген процедуралар кезінде (әкелу, сату, апару) бірінші кезекте тауардың Алулар тізбесінде бар-жоғына көз жеткізіп алу қажеттігіне аударды.

Қазақстанның Алулар тізбесіне кіргізілген тауарлардың, ҚР аумағына қандай мөлшерлемемен әкелінгеніне қарамастан, қадағалануы жөніндегі міндеттемелерді мойнына алғанын назарға ала отырып, Мемлекеттік табыс комитеті жиналыс барысында аталмыш тауарлардың қозғалуын бақылауды қамтамасыз етудің ішкі тетігін таныстырды.

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу және олардың айналымының кейбір мәселелері туралы» Хаттама нормаларына сәйкес, Алулар тізбесіне кірген тауарлардың қозғалуын бақылауға қойылатын талаптар бекітілген:

  1. Алулар тізбесіне кіргізілген және төмендетілген кеден баждарымен әкелінген тауарлар Кеден одағының Кедендік кодексіне сәйкес шартты түрде шығарылған тауарлар болып табылады және Қазақстан Республикасы аумағынан ЕАЭО басқа мүше мемлекеттері аумағына апаруға жатпайды;
  2. Алулар тізбесіне енгізілген тауарлар Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелерімен әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда мұндай тауарлар ЕАЭО тауары мәртебесіне ие болады.

Мемлекеттік табыс комитеті әкелу кезіндегі бастапқы кезеңде тауарлардың қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҚР ҰКП ұсынысымен «Кедендік декларацияларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтар және кедендік декларациялар формалары туралы» 2010 жылғы 20 мамырдағы №257 Шешіміне Қазақстан үшін Кедендік декларацияларды толтырудың ерекше тәртібін белгілеу жөнінен өзгертулер енгізу мәселесін пысықтауда.

Мемлекеттік табыс комитетінің өкілдері атап өткендей, жаңа тәртіп ерекше нөмір беру есебінен декларация нөмірі бойынша тауардың қандай мөлшерлемелермен әкелінгенін айқындауға мүмкіндік береді (ЕАЭО БКТ немесе ДСҰ аясында төмендетілген). Сонымен бірге, қазірде декларациялардың бірінде ЕАЭО БКТ және ДСҰ аясындағы түрлі мөлшерлемелер бойынша әкелінген тауарлар ресімделмейтіні белгіленген талапты бекіту талқыланып жатыр. 

Осылайша, кәсіпкерлер тауарларды әкелу кезінде басынан-ақ әкелінетін тауарлардың ақтық нысанасын айқындауға тиіс. Тауарлар тек Қазақстан Республикасының аумығанда ғана айналымға түсетін болса, онда тауарларды төмендетілген кедендік баждармен әкелуге болады. Егер тауардың кейін ЕАЭО елдеріне өткізілетіні болжанатын болса, онда тауарларды кедендік тазарту ЕАЭО БКТ мөлшерлемелері бойынша жүруге тиіс.

Алулар тізбесіне кіргізілген және ЕАЭО БКТ мөлшерлемелері бойынша әкелінген тауарларды әкету шарты тауарларды есепке алудың ұлттық жүйесінде қалыптасу мен тіркелуі көзделуге тиіс болатын тауардың ілеспе құжаты болып табылатынын атап өту қажет.

Мемлекеттік табыс комитеті Хаттаманың аталмыш нормасын жүзеге асыру мақсатында тауарға ілеспе құжаттағы мәліметтердің белгілі бір жиынтығы болуы жөніндегі талапты орындауға мүмкіндік беретін қолданыстағы Электронды шот-фактуралар жүйесін қолдануды ұсынады. «Атамекен» ҚР ҰКП сәл бұрын Хаттамаға сәйкес тауарға ілеспе құжаттың мына мәліметтерден тұруға тиіс екенін хабарлаған болатын:

  • Тауар туралы мәліметтер;
  • Тауар саны;
  • Кедендік декларация нөмірлері;
  • Кедендік декларация бойынша тауарлардың реттік нөмірі;
  • ЕАЭО БКТ мөлшерлемесі бойынша кедендік әкелу баждарының төленгені туралы мәліметтер.

Комитет таныстырған электронды шот-фактуралар жүйесі Алулар тізбесіне кіргізілген тауарларды әкету үшін талап етілетін барлық қажет мәліметтерді толтыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда Хаттама ратификацияланған сәттен бері ҚР Қаржы министрлігі «Электронды түрде жазылатын шот-фактуралар құжат айналымының ережесін бекіту туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы ҚР қаржы министрінің №77 бұйрығына қажет өзгертулер енгізбекші. Өзгерту күшіне енген соң электронды шот фактураларды толтыру жөніндегі талап, субъектінің заңды формасы мен ҚҚС бойынша есепке қойылуына қарамастан, Алулар тізбесіне кіргізілген тауарларды әкелуді жүзеге асыратын барлық кәсіпкерлерге таралатын болады.

«Атамекен» ҚР ҰКП осыған орай барлық кәсіпкерлерге жаңа ереженің күшіне енуін күтпей, электронды сандық қолтаңба алып, электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесіне тіркелуді ұсынады.  

Мемлекеттік табыс комитетінің «Атамекен» ҚР ҰКП-мен бірге ЕАЭО мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия уәкілетті органдарының өкілдерімен осы аптада өтетін жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша Алулар тізбесіне кірген тауарларға әкімшілік етудің барлық тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін вебинарлар топтамасын өткізуді жоспарлап отырғанын атап өту керек.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанынан бастап Call-center ашу туралы келісуге қол жеткізілді. Аталмыш желі жұмысы Алулар тізбесіне кіргізілген тауарларды Қазақстан Республикасынан ЕАЭО басқа мүше мемлекеттеріне апару кезінде туындайтын түйткілдерді шешуге бағытталады.  

Осылайша, ҰКП Мемлекеттік табыс комитетімен бірге ЕАЭО елдеріне барлық экспорттаушылар мен тауарларды тасымалдаушыларға тауарларды алып жүрудің жаңа ережесімен танысуды және тасымалданатын тауардың алулар тізбесінде бар-жоғын тексеруді ұсынады. 

Басқарма Төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дана Жүнісова дөңгелек үстел барысында сонымен бірге ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) тиесілі тауарлар бойынша Қазақстанның мұндай тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар міндеттемелерді мойнына алғанын хабарлады. Мұндай тауарлар мен осындай тауарлардан жасалған өнімдерді ЕАЭО басқа мемлекеттеріне апарудың базалық шарттары хаттамамен бекітілді.

Қазақстан ДСҰ-ға кіру кезінде Қазақстан аумағына ветеринарлық бақылауға жататын тауарларды ЕАЭО бірыңғай Ветеринарлық сертификаттары формасынан ерекшеленетін екі жақты сертификаттармен әкелу жөніндегі міндеттемені мойнына алды. Еуропалық одақ – Қазақстан Республикасы форматындағы Келісілген сертификаттар тізбесіне 13 сертификат кірді (сәл бұрын «Атамекен» ҚР ҰКП сайтында жарияланған). 

Үстіміздегі жылдың 20 қарашасында «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің қатысуымен ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету жүйесін таныстырумен егжей-тегжейлі түсіндірулер жасалатын осынған ұқсас дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Аталмыш жиналысқа қатысу төңірегіндегі егжей-жейлі ақпаратты мына нөмірлер арқылы алуға болады: 91-93-73, 91-93-25.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер