astana-view

ДСҰ жағдайында отандық тауар өндірушілерді қорғау тұжырымдамасы дайындалды

2015 жылғы 02 Желтоқсан
9592 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп хабарлады.

«4 желтоқсанда Астанадағы «Көрме» орталығында Қазақстан заңды түрде мақтан тұта алатын өнімдер ұсынылмақшы. Көрмеге 200-ден астам тауар өндіруші, сонымен қатар шенеуніктер, ұлттық компаниялар өкілдері қатысып, олармен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері, атап айтқанда, ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларында орын алып жүрген мәселелер талқыланатын болады», - деді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, тендерлерді ашық өткізетін және отандық тауар өндірушіге қолдау көрсететін тапсырыс берушілер ынталандырылатын болады.

«Интернетте тендерге қатысушылардың онлайн-дауыс беруін ұйымдастырдық. Жеңімпаздарды сәйкес жүлделермен марапаттаймыз. Сонымен қатар биылғы жылы «Атамекен» жаңа – ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық тауар өндірушілерді қорғау тұжырымдамасын даярлады. Аталмыш тұжырымдаманы форумда ҚР Премьер-Министріне таныстырамыз», - деді Нұржан Әлтаев.

Басқарма Төрағасының орынбасары сонымен қатар жалпы ұлттық «Ұлы Дала Елі» брендінің құрылатыны туралы хабарлады.

«Мемлекет басшысы еліміздің белгілі бір брендпен ассоциациялануға тиіс екенін айтқан болатын. Мәселен, Жапония – Күн шығыс елі. Біз Елбасының бастамасын іліп әкетіп, Made in Kazakhstan брендімен қосарлас, бірыңғай бренд құрғымыз келеді», - деп атады Нұржан Әлтаев.

Оның сөзінше, бренд, біріншіден, тауардың Қазақстанда жасалғанына, екіншіден, тауардың сапалылығына әрі қазақстандықтардың құрмет тұтатынына куә болады.

«Алайда таңбалаудан бұрын кәсіпорындарға аудит жүргізіп, оның шынымен де қазақстандық тауар шығаратынына көз жеткізіп алуымыз қажет. Ол сондай-ақ сапалы болуға тиіс. Мәселен, «Рахат» кондитерлік фабрикасы, «Air Astana» авиакомпаниясы. «Ұлы дала елі» брендімен отандық таңдамалы әрі танымал тауарлар таңбаланатын болады», - деп қорытты Нұржан Әлтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер