astana-view

Құрылыс нарығындағы бірыңғай құрылыс нормаларынсыз қызмет көрсету еркіндігі

2015 жылғы 07 Желтоқсан
11890 просмотров

ҚР ҰКП «Ғимараттар және құрылыстар, құрылыс материалдары және өнімдері қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық реттемесінің қабылдануына қарсы

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің құрылыс нысандарына (ғимараттары мен құрылыстарына) бірыңғай ұлттықтың үстіндегі талаптарды орнату мәселесі төңірегіндегі келіспеушіліктері құрылыс материалдары мен өнімдерінің ортақ нарығын құруды бөгеп отыр. Ал оған қойылатын талаптарды тараптар келісіп қойған еді.

Еуразиялық экономикалық комиссия кейбір ЕАЭО мүше мемлекеттерімен бірге «Ғимараттар және құрылыстар, құрылыс материалдары және өнімдері қауіпсіздігі туралы» бірыңғай техникалық реттеменің қабылдануын үзілді-кесілді қолға алмақшы. Аталмыш реттеме құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілеумен бірге, ғимараттар мен құрылыстарға, олардың кез-келген мақсаттағы кешендеріне, меншік формасы мен ведомстволық тиістілігіне, өмір айналымының барлық кезеңдерінде, сонымен қатар аумақтардың, қалалардың және өзге де қоныстардың жоспарлануына және онда құрылыс салынуына таралатын болады.

Техникалық реттеме жобасын талқылау кезінде қазақстандық тараптан жасалған негізді ескертулерге жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан Республикасына техникалық реттемені қабылдаудан белгісіз мерзімге дейін сырт қала тұруды ұсынып отыр.

Әрине, талқылаудың мұндай форматында өнімді сұхбатқа қол жеткізу аса қиынға соғады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде жоғарыда аталған техникалық реттемені қазақстандық тараптың қабылдауы мүмкін еместігін көрсететін басты дәйектерді ұсынды.

Бірінші. ЕАЭО мүше мемлекеттердің тәуелсіз аумақтары шегіндегі жер телімдерінде тұрақты негізде салынатын ғимараттар мен құрылыстар ортақ өңірлік нарықта айналымға шығаруға арналмаған (яғни елдер арасындағы халықаралық немесе өңірлік сауда нысаны болып табылмайды және осы елдер шекарасын кесіп өте алмайды).

Ғимараттар мен құрылыстар (жылжымайтын мүлік нысандары) қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптардың орнатылуы ЕАЭО мүше әрбір мемлекеттің айрықша құзырлылығы болып табылады.

Құрылыс нысандарының ұлттық құрылыс заңнамаларымен ғана емес, басқа да көптеген ұлттық заңнамалық актілермен реттемеленетінін ескерген дұрыс.

Екінші сәт. «Ғимараттар және құрылыстар, құрылыс материалдары және өнімдері қауіпсіздігі туралы» реттеме жобасының басты ұстанымдарының бірі ЕАЭО-да барлық елдер үшін бірыңғай және қолданылуы міндетті құрылыс нормаларының енгізілуі туралы ережелер болып табылады.

Реттеме жобасын дайындаушылардың ойластыруымен аталмыш нормалар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар мен құрылыстарға қойылатын міндетті талаптарды белгілеуге арналған.

Аталмыш міндетті нормалардың бұдан әрі тәжірибеде жүзеге асырылуы еркін негізде қолданылатын жобалау және құрылыс бойынша ережені сақтау жолымен жүзеге асырылмақшы.

Құрылыс нормалары тізбесі, сонымен қатар ережелер жинағының тізбесін Еуразиялық Экономикалық Комиссия (ЭЕК) Кеңесі бекітеді деп болжанып отыр. ЕЭК Кеңесі сондай-ақ нормалар мен қағидалар дайындалу тәртібін, оларды келісу, ЕЭК-ке ұсыну, мүше мемлекеттерде қабылдау және қолдану, сонымен қатар аталмыш құжаттар тізбелерін дайындау және бекіту тәртібін бекітетін болады.

Бір қарағанда, көрсетілген тәсіл (ғимараттар мен құрылыстар қауіпсіздігі өлшемдері міндетті құжатпен берілсе, оларды жүзеге асыру қағидалары - ерікті) Еурокодтар жүйесі аясында қолданылатынға біршама ұқсас.

Сонымен бірге ЕАЭО міндетті құрылыс нормалары және ЕАЭО құрылыс қағидалары түріндегі дәлел базасы ретінде қабылдау мүмкін болмайтынын ескеру қажет, себебі ҚН және ҚҚ, сондай-ақ олардың құрылымына, мазмұнына, дайындалу, келісілу және бекіту тәртібіне қойылатын талаптарды айқындайтын әдістемелік құжаттар да жасалмаған.

Бүгінгі таңда ТМД, ЕАЭО стандарттау жөніндегі ұйымдарының бірде-біріне ҚН және ҚҚ қабылдау құқығы берілмеген, ал ЕАЭО туралы Шарт техникалық реттемеге дәлелдеме базасы ретінде тек мемлекет аралық стандарттарды, олар болмаған жағдайда – мүше мемлекеттердің ұлттық стандарттарын айқындап отыр.

Жалпы, талаптары жасалмаған, виртуалды құжаттарға құрылған техникалық реттемені қабылдау орынды да ма, бұл жөні анық емес.

Үшіншіден, ҰКП атап өткендей, ресейлік басымдық шеңберінде қалыптасқан ЕЭК техникалық реттеу тәжірибесі, сонымен қатар аталмыш жобаны дайындау және өркендетудегі Ресей Федерациясы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің белсенділігі ұсынылып отырған техникалық реттеме жобасының ЕО-да қолданылатын реттемеге сырттай ұқсас болса да, онда қолданылатын ұстанымға мазмұн жағынан қайшы келіп отырғанын сенімді түрде болжауға мүмкіндік береді.

ЕЭК үшін ұлттықтың үстіндегі техникалық реттеу жүйесі құжаттарына мүше мемлекеттер нарықтарына шетелдік өнімнің кіруіне кедергі орнататын, сондай-ақ ішкі өндірушілерді одақ ішіндегі бәсекелестіктен қорғайтын нормаларды бекіту үйреншікті болып кеткен.

Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету сылтауымен өнімдерге тек ішкі, көбіне жалғыз ғана өндірушінің (әдетте ресейлік, ішінара белорустық) белгілі бір желілер мен агрегаттарды, материалдар мен жабдықтарды, шикізаттар мен жартылай фабрикаттарды, не болмаса сол жерде шығатын сынақ жабдығын немесе сынақтың ескірген әдістерін ғана қолдануды нұсқайтын талаптарды орнату жолымен қамтамасыз етіледі.

Бұл ұстаным заманауи еуропалық түсінікте немесе ДСҰ «Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімдер» түсінігінде де дұрыс экономикалық реттеуге мүлдем ұқсамайды. Сондықтан да аталмыш техникалық реттеме жобасы Қазақстанның Еурокодтарға көшу міндетін орындамай ғана қоймай, оны қабылдаған және жүзеге асырған жағдайда іс жүзінде мүмкін емес дүниеге айналдырады.

Бір айта кететіні, ЕАЭО туралы Шарттың сәйкес бөлімін даярлау кезінде қазақстандық тарап мүше мемлекеттердің қандай да бір өнім түрлерін ұлттық деңгейде өз бетінше техникалық реттеуін алға тартқан болатын.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлт жоспары - Бес институциялық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 қадамында кеңес заманынан бері қолданылып келе жатқан ескірген құрылыс нормалары мен қағидаларының (ҚНЖҚ) орнына Еурокодтар жүйесін енгізу қажеттігін баса көрсеткені белгілі. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға мүмкіндік береді, құрылыс қызметтері нарығында қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін көтереді, сонымен қатар қазақстандық компаниялардың құрылыс саласындағы шетелдік қызметтер нарығына шығуына мүмкіндік жасайды.

Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасының құрылыс саласын нормалаудың Еуропалық жүйесіне көшуге тиіс екенін білдіреді.

Еуропалық одақта ғимараттар мен құрылыстарға қойылатын талаптарды ұлттықтың үстіндегі реттеу ұғымының жоқтығын, оның үстіне бірыңғай құрылыс нормаларының болмайтынын айта кету керек. Еуропалық одақтағы жалғыз ұлттықтың үстіндегі құжат құрылыс материалдары мен өнімдеріне қойылатын талаптарды белгілейтін №305/2011 техникалық реттемесі болып табылады.

Сонымен қатар, ҰКП ойынша, ұлттықтың үстіндегі деңгейде «Ғимараттар мен құрылыстар қауіпсіздігі туралы» техникалық реттемені қабылдау және тікелей қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу процестеріне міндетті мемлекет аралық құрылыс нормаларын енгізу тәуелсіз мүше мемлекеттердің құрылыс саласындағы техникалық нормалау және стандарттау мәселелерін шешудің өңірлік орталықтандырылуына әкеледі.

Мұндай орталықтандырудың мүше мемлекеттердің құрылыс ғылымы мен экономиканың құрылыс секторындағы ұлттық даму бағдарламаларының Еуразиялық экономикалық комиссияға немесе оның құрылымдық органдарына тәуелді болуына жол ашары анық. Оның үстіне ұлттық үкіметтер мүше мемлекеттің тәуелсіз аумағында жатқан әрі басқа тараптар үшін ешқандай қауіп төндірмейтін (қауіпті тәуекел) құрылыс нысандары үшін талап етілетін қауіпсіздік деңгейін төмендету немесе көтеру жөніндегі шешімдерді өз бетінше қабылдауда дербестіктен айрылады.

Нысандар құрылысына байланысты жобалау-іздеу қызметтері мен процестерінің ЕАЭО ішінде еркін жүру мәселесіне келер болсақ, ҰКП пікірінше, ЕАЭО аумағында бірыңғай құрылыс нормаларын енгізу құрылыс саласындағы қызметтердің қозғалу еркіндігін қамтамасыз етеді деген пікір жаңсақ. Бұл жағдайда ұғымдарды, атап айтқанда, құрылыс саласындағы ЕАЭО бірыңғай қызметтер нарығы  ұғымы ЕАЭО бірыңғай құрылыс нормалары ұғымымен алмастырып жіберу орын алып отыр. Мұндай тәсіл экономикалық одақ аясындағы ұлттықтың үстіндегі және ұлттық заңнаманың іс жүзінде қолданылуына және дұрыс мағынаға қайшы келеді, әрі екі ұстаным бойынша сын көтермейді.

ЕАЭО туралы Шартқа сәйкес, ЕАЭО мүше мемлекет өзінің тәуелсіз аумағында «адамдардың, жануарлар немесе өсімдіктердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қажет ерекше талаптар жасақталатын жеке құрылыс нормаларын дайындау, қабылдау және қолдану құқығына ие. Бұл жағдайда ешқандай да бірыңғай техникалық реттемелер мен құрылыс нормалары осы ерекше талаптардан айналып өтуге көмектеспейді, себебі ЕАЭО мүше елдің шектеулерді қолдану құқығы өзінің заңдық күші жөнінен ЕАЭО барлық техникалық реттемелері мен өзге де нормаларынан асып түсетін ЕАЭО туралы Шартта бекітілген.

Басқаша айтқанда, ЕАЭО ішкі нарығында құрылыс саласындағы қызмет көрсету еркіндігін қамтамасыз етуге бірыңғай құрылыс нормалары көмегімен емес, қызмет көрсетуді реттейтін ұлттық заңнамаларды үйлестіру жолымен, және де ұлттық үкіметтердің қызмет көрсету еркіндігін шектемейтін заңнамалық және әкімшілік шараларды қабылдамау және қолданбау ерігін көрсетумен қол жеткізіледі.

Әлемдік тәжірибе құрылыс саласындағы қызмет көрсету еркіндігінің бірыңғай (мемлекет аралық) құрылыс нормаларынсыз да жоғары деңгейде қамтамасыз етілеріне көптеген дәйектер ұсынады. Еуропада да, АҚШ-та да, басқа да экономикалық тұрғыдан дамыған елдерде де бірыңғай (мемлекет аралық) құрылыс нормалары жоқ. Дей тұрғанмен, шетелдіктердің қызмет көрсетуіне толық еркіндік берілген. Америкалық, жапондық және басқа да компаниялар Еуропада, еуропалық компаниялар Америкада және т.б. жобалап, құрылыс салып жатыр. Әрбір елдің өз ұлттық құрылыс заңнамасы әрекет етеді және қызмет көрсететін шетелдік ұйым резидент болып табылатын ел нормаларына еш қатысы жоқ жеке құрылыс нормалары қолданылады.

Жоғарыда баяндалғанға орай ҰКП белгілі бір қорытынды жасады.

Біріншісі – ЕАЭО Бірыңғай құрылыс нормалары ЕАЭО құрылыс саласында қызмет көрсету еркіндігін қамтамасыз етпейді. Бұл ғылыми негіздемесі жоқ әрі іс жүзіндегі дәлелдер растамайтын, заңнама қызметінің тетігін түсінбеуге негізделген дақпырт.

Екіншіден, құрылыс саласындағы қызмет көрсету еркіндігі құрылыс ғимараттарының қауіпсіздігі туралы бірыңғай техникалық реттемені енгізу және бірыңғай құрылыс нормаларына көшумен емес, кешенді заңнамалық және әкімшілік шаралар кешенімен қамтамасыз етіледі.

Үшіншіден, құрылыс саласындағы іздеу, жобалау, салу және өзге де қызметтер басқа да кез-келген қызметтер сияқты қызмет көрсетудің еркіндігін қамтамасыз ету қағидаларына бағынады. Сондықтан да ұлттықтың үстіндегі деңгейде құрылыс саласындағы қызмет көрсету еркіндігін қамтамасыз ету салалық емес, жалпы заңнамамен реттеледі. Еуроодақта дәл солай «Ішкі нарықтағы қызметтер туралы» №2006/123/ЕС директивасымен жүзеге асырылады. (Салалық заңнама қызмет көрсету еркіндігі мәселелеріне қатысты емес, айрықша процедуралармен және оларды көрсетудің техникалық ерекшеліктерімен айналысады).

Мәселе Қазақстан Республикасы үшін қайсысының маңызды екендігінде болып отыр: интеграция процесі жолында ғана бірыңғай реттемені қабылдау ма немесе ұлттық экономика мүдделерін қорғай отырып, тәуелсіз аумақта жатқан нысандарды реттеуге жеке құқығын алға тарту ма, әзірше жауапсыз қалып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер