astana-view

Нұрсұлтан Назарбаев: «Атамекен» кәсіпкерлік өкілдерінің пікірін танытады»

2015 жылғы 08 Желтоқсан
10295 просмотров

Мемлекет басшысы бұл жайында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшыларымен кездесу барысында мәлімдеді

Кездесуде Президиум төрағасы Т.Құлыбаев пен Басқарма бастығы  А.Мырзахметов Мемлекет басшысына Ұлттық палатаның 2015 жылғы қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Ұлттық палата құрылған 2013 жылдан бері ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Атамекен» кәсіпкерлік өкілдерінің пікірін танытады. Палата мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау үшін қабылдаған көптеген шараларын жүзеге асыруға қатысты. Бес институционалдық реформа аясында 80-дей заң қабылданды. Оларды әзірлеу ісіне де палата өз үлесін қосты. Енді сол шараларды жүзеге асыратын уақыт келді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру үдерісі барысында отандық бизнестің мүддесін барынша қамтамасыз етіп, мүлікті жария етуге қатысты түсіндіру жұмыстарын белсендірек жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда өндірілген тауарларды ілгерілетудің, әсіресе сыртқы нарықтарға шығарудың маңыздылығын айтты және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының инвестиция тарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясындағы, еңбекпен қамту және ауыл тұрғындарын оқыту саласындағы жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті.

Палата басшылығы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары 188 аудан орталығында, моноқалалар мен шағын қалаларда жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бүгінде солардың негізінде 212 мың кәсіпкерге көмек көрсетілген.

Ұлттық палатаның нормалар әзірлеу саласындағы шығармашылық жұмыс пен кәсіпкерлікті қорғау арқылы бизнес жүргізетін ортаны жетілдіру ісіне белсене қатысатыны атап өтілді. Мәселен, биыл 6,9 мыңнан астам нормативтік құқықтық актіге, соның ішінде 200-ден аса заң жобасына сараптама жасалды. Кәсіпкерлерден келіп түскен 9,6 мың шағымның 41 пайызына қатысты оң нәтижеге қол жеткізілді.

Сонымен қатар сатып алу және жергілікті қамту жүйесін жетілдіру аясында 2014 жылдың 1 тамызынан бері «Атамекеннің» атсалысуы арқылы отандық өндірушілермен арада ұзақ мерзімге арналған 334 миллиард теңгенің 750 шартына қол қойылды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер