astana-view

Қоғамдық қорлар алым-салық құралы ретінде

2015 жылғы 09 Желтоқсан
14747 просмотров

Кәсіпкерлерді іс жүзінде әкімдіктер қалтасына кететін жарналарды төлеуге міндеттеген

Еліміздің бірқатар өңірлерінде елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі ұйымдар жұмыс жасап жатыр. Негізінде, бұл қоғамдық бірлестіктер немесе қоғамдық қорлар. Қатысушылар қатарында, ережеге сай, жеке тұлғалар бар. Кәсіпкерлер, аталмыш ұйымдар және аудандар, қалалар мен облыстар әкімдіктері арасында жасалған үш жақты меморандумдар негізінде кәсіпкерлер қорлар атына ақшалай қаражат аударуға міндетті. Жарналар сомалары түрліше және оны жергілікті атқару органдары белгілейді деуге болады. Бизнестен алынатын миллиондаған теңге көбіне жергілікті атқару органдарының қажетіне, атап айтқанда, коммуналдық меншік нысандарындағы жөндеу жұмыстарына кетеді. Бұл мәселе ҚР Бас прокуратурасында өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

«Сонымен, мәселен, Қостанай облысындағы қоғамдық қор 2013-2014 жылдары ауылшаруашылық тауар өндірушілермен 2013 жылы 1  гектар үшін 300 теңге және 2014 жылы 500 теңге есебінде меморандумдар жасалады, ал өзге де бизнес субъектілерінен: шағын бизнес - 15000 теңге, орта бизнес - 50000 теңге, ірі бизнес 1 млн. теңгеге дейін және одан жоғары. Қостанай облысында тағы бір қоғамдық қор шартына сәйкес жарна сомасы астық өндірілетін 1 гектар жерден 100 теңгені құрайтын меморандумдар жасалған», - деп атады «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Ол сонымен қатар жоғарыда аталған қорға кәсіпкерлер жасаған жарналар балабақшаны жөндеуге жұмсалғанын айтты. «Палатаның ойынша, мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның коммуналдық меншігіндегі мектепке дейінгі мекемелер мен ғимараттарды ағымдағы жөндеу және ұстап тұру жөніндегі шығындарды қоғамдық ұйым атына міндетті қаражат аудару жолымен кәсіпкерлер емес, елді мекендегі жергілікті атқару органдары және сәйкес шаруашылық етуші субъектілер көтеруге тиіс. Ұлттық палата сонымен қатар кәсіпкерлердің қоғамдық ұйымдар мен қорларға аударған ақшалай сомасы немесе жарналар қандай да бір құжатпен белгіленген міндеттеме емес, ерікті құқық болуға тиіс деп есептейді», - деп баса көрсетті ҰКП өкілі.

«Облыстардағы барлық прокурорларға жүгінемін: сіздердің естіп отырғандарыңыз келесі тоқсанда тексеріс мәніне айналуға тиіс», - деп мәлімдеді өз кезегінде ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко.

«Бұл әрекеттерден қылмыстық-құқықтық тәртіпте жазалануға тиіс қарапайым дүниелерді байқап отырмын. Иә, біреулер ерікті демеушілік түрінде әлдекімге көмектескісі келетін шығар – оған ешкім де тыйым салмайды, бірақ бұған қатысты міндеттемелер болуы мүмкін емес. Бұл не деген дөрекілік? 90 жылдарға қайта оралғанымыз ба? Жергілікті жерлерде не істеп жүргендеріңізді түсінбейсіздер ме не? Әкімдіктерге жүгіне отырып, бір нәрсені айтқым келеді: нешетүрлі қоғамдық қорлар құрып жатсаңыздар, онда не болып жатқанын қадағалаңыздар. Сіздердің орындарыңызда болсам, ол жерге жұртшылықты – қордың ақшаны қалай жұмсайтынын, олардың қайда кетіп жатқанын көріп отыратын депуттарды, кәсіпкерлерді отырғызар едім», - деп жалғады сөзін ол.

Бұдан басқа бюджет заңнамасын бұзуларға қатысты тағы бір түйткіл қаралды. «Бюджет кодексінің 57 бабы бюджеттік комиссия жұмысына кәсіпкерлік мәселелері бойынша Ұлттық палата өкілдерінің тартылатынын анық айқындайды. Бүгінгі күні Палата өкілдері 16 облыстық бюджет комиссиясынан тек екі облыс – Маңғыстау және Павлодар облыстарында ғана қатысып жүр. Алматы, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері сәйкес өңірлік палаталардың тек бизнес мәселелері қаралған жағдайда ғана бюджет комиссиясы жұмысына қатыстырылатынын ашық мәлімдеді. Палаталардың жұмысқа шақырылмағанына қарағанда, екі жарым жыл бойы кәсіпкерлік жөнінде бірде бір мәселенің қаралмағаны ғой», - деді ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов.

Олег Савеленко сонымен қатар жергілікті атқару органдарының бюджет заңнамасы талаптарын жер-жерлерде орындамауын да атады. «Мұндай бұзушылық кәсіпкерлік қоғамдастықтың бизнесті қозғайтын мәселелер бойынша бюджеттер қалыптасуына қатысуға деген құқығына қысым жасайды», - деп мәлімдеді ол.

Ғани Қасымов аталмыш мәселелер қаралып болған соң Андрей Кравченко жеткізген қоғамдық қорларды тексерістің Кеңес қарарына кіргізілетінін атады. «Облыстар, Алматы және Астана қалалары әкімдіктеріне кәсіпкерлер мүддесін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде Ұлттық палата өкілдерін бюджеттік комиссия жұмысына тарту жөніндегі бюджет заңнамасы талаптарын қатаң сақтау ұсынылсын. Егер әкімдіктер бұл жолы да елемейтін болса, онда Бас прокуратураның араласуын сұраймыз. ҰКП-ға барлық аудандардағы жергілікті атқару органдары лауазымды тұлғаларының әрекетіне түрлі қоғамдық қорлардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінен демеушілік немесе басқа да қаржылай көмек көрсету мәніне қоғамдық мониторинг жүргізу бойынша әдістеме дайындау және шаралар қолдану нұсқалсын. Барлық деректер Бас прокуратура органдарына берілсін. Кәсіпкерлер құқығын бұзушылық деректері анықталған жағдайда Бас прокуратура атына қылмыстық жазаға тарту мәніне жүгіну бастамалансын», - деп қорытты ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер