astana-view

Кадрлар қажеттілігі төңірегінде

2016 жылғы 29 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
14849 просмотров

СҚО Кәсіпкерлер палатасы еңбек нарығының қалыптасу мәселелерін талқылауда

Бизнеске қандай мамандар қажет, еңбек сұранымы мен ұсынымындағы кәсіптік-біліктілік теңгерімсіздігінің себебі неде? Өңір экономикасы үшін кадрларды даярлау түйткілдері биылғы жылы алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі отырысында көтерілді.

Ең сенімді инвестициялар өзіңе, өзіңнің білім алуың мен денсаулығыңа салынған инвестициялар екені жайлы әркім де білетін шығар. Бірақ денсаулық мәселесі түсінікті болғанмен, білім жағы кемшін түсіп жатады. Ең жақсы білім мен мамандықты иеленген жанның жұмысқа тұра алмай қалуы жиі кездесіп жатады. Оның аз дегенде екі себебі бар: алған білімінің жұмыс берушіге жеткіліксіз болуы, не болмаса еңбек нарығының мұндай мамандықты мүлдем қажет етпеуі.

«Еңбек нарығы құрылымында айтарлықтай өзгертулер орын алғанын, сондай-ақ білікті мамандарға деген сұранымның табиғи түрде көбеюін айта аламыз. Жаһандану, миграция және еңбек нарығындағы бәсекелестік бүгінде жаңа білім, білік және дағдыларға қатысты талаптардың көтерілуіне әкеледі. Алайда, еңбек сұранымы мен ұсынымындағы кәсіптік-біліктілік теңгерімсіздігі, халықтың бір бөлігі үшін жұмыстың жоқтығы, экономиканың бірқатар басты салаларындағы еңбек өнімділігінің төмендігі, еңбек әлеуеті сапасының жетімсіздігі, қажет біліктілігі жоқ жұмысшылар санының көптігі сақтала береді», - деп атады сөзінде адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Владимир Литвиненко.

Ол сонымен бірге еңбек нарығында қандай да бір мамандардың аса көп болуына кәсіпкерлердің әлеуетті жұмыс беруші бола тұрып кадрлар даярлауға білім беру тапсырысының қалыптасуына мүдделі болмауы себеп болып табылатынын баса көрсетті.

«Жыл сайын, Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырмасына сәйкес, өңірлік палата кәсіптік және техникалық, жоғары білімді кадрларға деген болжамды қажеттілікті анықтау бойынша облыс кәсіпорындарында сауалнама жүргізеді. Аталмыш қажеттілік КжТББ кадрларын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының қалыптасуы кезінде ескеріледі. Өткен жылы бизнес субъектілері ұсынған ақпаратты талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады. Бір кәсіпорындар сауалнамаға қатысуды қажет деп таппайды. Олардың арасында «Қазақтелеком» АҚ да бар. Басқалары сауалнаманы толтыра отырып, қажеттілікті анықтауға формалды тұрғыдан келеді де, көбіне кәсіпорын жайлы жалпы деректерді көрсетеді, ал мамандықтар қимасындағы ағымдағы кадрлар саны мен оларға деген қажеттілікті жазбайды. Бұл «Совет СК» ЖШС, «Сұлтан ЭММК» АҚ, «Коммунхоз Петропавловск» ЖШС сияқты кәсіпорындар. Ақпан-наурыз айларында кадрларға деген қажеттілікті анықтау бойынша кезекті сауалнама алынады және ол кезде бизнес субъектілерінің аталмыш мәселеге салмақпен қарайтынына сенеміз», - деп жалғады сөзін Владимир Литвиненко.

Ол сонымен бірше Еңбек кодексінде «Біліктіліктің ұлттық аясы», «Біліктіліктің салалық аясы», «Кәсіптік стандарт» ұғымдарының айқындалғанын атады. «Үстіміздегі жылдан бастап, кәсіптік стандарттарды дайындау, енгізу, айырбастау және қайта қарауды біліктіліктің салалық аялары негізінде жұмыс берушілер бірлестігі жүргізеді және ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оны бекітеді. Еңбек кодексінің 119 бабына сәйкес, ұйымның қызмет жасауы мен дамуы үшін кәсіптік даярлық, қайта даярлау және біліктілікті көтеру қажеттігі мен көлемін жұмыс беруші айқындайды. Жұмыс беруші жұмысшылардың немесе еңбек қатынасы орнатылмаған өзге де тұлғалардың кәсіптік даярлығын, қайта даярлануы мен біліктілігін көтеруді тікелей ұйымда, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарының білім беру бағдарламаларын жүзеге асырушы білім беру ұйымдарында, сонымен қатар кәсіптік даярлық, қайта даярлау және кадрлардың біліктілігін көтеруді іске асыратын өзге де ұйымдарда өткізеді. Әрі білім беру шартына сәйкес, жұмыс беруші қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін», - деп түйіндеді СҚО Палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы.

Отырыс кезінде СҚО КП Өңірлік кеңесінің мүшелеріне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 13 қарашадағы №398-V ҚР заңында студенттердің екінші курстан бастап кәсіпорындарда міндетті өндірістік іс-тәжірибеден өтуі заң жүзінде бекітілгені де еске салынды. Бұл жұмыс берушілерді іс-тәжірибеден өту үшін оқу және жұмыс орындарын ұсынуға міндеттейді, сонымен қатар салалық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, кадрларды даярлау жөніндегі кәсіпорындардың жауапкершілігін көтереді.

«Сонымен қатар кәсіпорындағы өндірістік оқыту мен іс-тәжірибенің оқу уақытының кем дегенде 60 пайызда басым болуымен білікті кадрларды даярлаудағы жұмыс беруші мен оқу орнының жауапкершілігін орнатуға мүмкіндік беретін «дуалды оқыту» ұғымы бекітіледі. Кәсіптік іс-тәжірибені өткізу үшін білім беру ұйымы шарт негізінде ұйымдарды іс-тәжірибе базасы ретінде анықтайды, олармен келісілген бағдарламалар мен іс-тәжірибелерден өту кестелерін бекітеді. Шарттарда білім беру ұйымының, сонымен қатар іс-тәжірибе базасы болып табылатын ұйымдар және студенттер міндеттері мен жауапкершілігі айқындалады. Іс-тәжірибеге жұмсалатын шығындарды білім беру ұйымдары мен іс-тәжірибе базалары болып табылатын ұйымдар қарастырады және білім алушылардың кәсіптік іс-тәжірибесін өткізу шартының типтік формасы негізінде жасалған шарттарда анықталады», - деп ерекше атады Владимир Литвиненко.

Бизнес және білім беру мекемелерінің өкілдері отырыс барысында білім алушылардың өндірістік оқыту және кәсіптік іс-тәжірибеден өтуін, инженерлік-техникалық қызметкерлердің машықтануы мен біліктілігін көтеруді ұйымдастыру талаптарын толық түсіндіріп, тәлімгерлік сияқты құралдың маңыздылығы жайлы айтты.

Бір айта кететіні, СҚО Кәсіпкерлер палатасы өңірегі түрлі кәсіпорындардың 87 өкілінен тұратын тәлімгерлердің арнайы базасын құрды. Алайда бұл жерде де қиындықтар кездесе кетті. Олардың бастысы – тәлімгер бола алатын адамдарды іріктеу. Тағы бір түйткіл – тәлімгерлікке түрткі болу, нақтырақ айтсақ, оның жоқтығы. Ал онсыз тәлімгерлік жүйесінен қажет әсер ала алмайтынымыз белгілі. Бір сөзбен айтқанда, кадрларды даярлау саласында түйткілдер аз емес және оларды Кәсіпкерлер палатасы, бизнес субъектілері мен білім беру өкілдерінің бірлескен күшімен ғана шеше аламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер