astana-view

Алматының жаңа басшылығы бизнес үшін барлық жағдайды жасайды

2016 жылғы 09 Ақпан
9251 просмотров

Алматыда кәсіпкерлердің ІІ жыл сайынғы конференциясы өтуде

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев экономика үшін қиын шақта мемлекеттік органдардың бизнеспен өзара әрекеттестігінің маңызды екендігін атап көрсетті.

«Қазір пікір алмасуды, ұсыныстарды жолға қою, бизнестің кәсіпкерлік ортаны жақсарту жөніндегі тілектерін тыңдау маңызды, – деді Тимур Құлыбаев. – Міне, сол себепті кәсіпкерлердің бірінші конференциясы Алматыда өтуде. Бұл ерекше қала, бүкіл еліміздің экономикалық өсімінің драйвері. Алматыға қарап өңірлер бой түзейді. Және де, Алматының жаңа басшылығы жарты жылғы жұмысында кәсіпкерлікке қарай елеулі қадамдар жасағанын атап айтқан жөн».

Алматы қ. әкімі Бауыржан Байбек мегаполис ЖІӨ-нің 21%-ын, мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың 31%-ын беретінін мәлімдеді. Оның сөзі бойынша, Алматы – бизнес пен жеке капиталдың қаласы. Әрбір он алматылықтың алтауы шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Осы жеке меншік капиталға қолдау көрсету, бизнесті кедергісіз жүргізу үшін жағдай жасау маңызды.

«Біз «Алматы-2020» қаланы дамыту бағдарламасын әзірледік. 7 басым бағыттың үшеуі бизнестің мүддесіне қатысты салаларды қамтиды. Осы бағдарлама шеңберінде Алматы жаңа басқарушылық инновациялардың қаласына айналуы тиіс. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына, жұмыс орындарын сақтауға, жекешелендіруге, мүлік пен капиталды заңдастыруға, ШОБ-ті дамытуға, МЖӘ үшін жағдай жасауға ерекше назар аударылатын болады», – деді Б.Байбек.

Алматы басшысы атап өткендей, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері БЖК-2020, Өнімділік-2020, Жұмыспен қамту жол картасы мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты барлық консультативтік-кеңесшілік комиссияларға қатынасуы тиіс. Ал әкімдік әкімшілік кедергілермен күресуге айрықша назар аудара отырып, осы шараларды орындауға ықпал ететін болады.

«Өкінішке орай, бюрократиялық аппарат барлық елдерде күшін жоймай отыр, мұндай практика бізде ғана бар деуге болмайды, – деді Бауыржан Байбек. – жүйеішілік проблемалар көбінесе архитектурада (жер алу, құрылыс, техникалық шарттарға қол жеткізу мәселелері бойынша) жиі байқалады. Мұндай фактілер әлі де бар, біз бюрократиялық іркілістер  жасағаны үшін қызметкерлерді жұмыстан шығарамыз. Қазіргі уақытта Doing Business рейтингінің, Дүниежүзілік банктің халықаралық критерийлерін сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен бізде бизнеспен кері байланыс жолға қойылған, Қазақстанның 30 жоғары  дамыған ел қатарына кіруі жөніндегі кең ауқымды жүмыстар билік пен ҰКП-ның бірлесе әрекет етуін талап етеді».

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер