astana-view

Кәсіпкерлік кодексі – бизнестің үстел үсті кітабы

2016 жылғы 10 Ақпан
- Атырау облысы
13556 просмотров

Өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте ӨКП Кәсіпкерлік кодекстегі жаңалықтар туралы айтып берді

Бұл құжат 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енгенін айта кету керек. Атырау облыстық кәсіпкерлер Палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары айтуынша, жаңа кәсіпкерлік кодекстің қабылданған күнінен бастап бірқатар заң күшін жойған.

«Жаңартылған кодекс жеті бөлім, 31 тарау, 324 баптан тұрады. Енгізілген жаңалықтар қатарында кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілік қағидаларын ынталандыру, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметіне қатысуын шектеу, бизнес саласындағы өзін өзі реттеуді, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін дамыту», – деді ӨКП өкілі.

Ол сонымен бірге жаңа кодексте мемлекеттік қолдау шаралары (қаржылық, мүліктік, инфрақұрылымдық, институционалдық және ақпараттық) жүйеленіп, орта бизнесті мемлекеттік қолдау қарастырылғанын айтты. Табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау саласындағы жекелеген ережелер бизнестің мүддесіне лайықталып қайта қаралған. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкіл институты, ол туралы негізгі ережелер, оның құқығы мен міндеттері бекітілген. Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше Қазақстанда омбудсмен институтын құру елге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа омбудсмен қорғауына енді өзге елдерде жұмыс жасайтын отандық және бизнесмендер арқа сүйей алады.

Палата өкілі жаңа кодексте кәсіпкерлерге «адалдық презумпциясы» қағидасын қолдану механизмі заңнамалық негізде бекітілгеніне ерекше назар аударды. «Кәсіпкер адалдығы оның әрекетінің (әрекетсіздігі) заңды (яғни заңнама талаптарына сай болу) болуымен және мемлекеттік органдар шешімдері мен (немесе) түсіндірмелеріне сай жүзеге асуымен өлшенеді»,– деп түсіндірді ол.

«Көрсетілген нормалар мемлекеттік органдар мен ұйымдар іс-әрекеті салдарынан туындаған даулы мәселелер кезінде кәсіпкерлерге өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа Кәсіпкерлік кодексі отандық кәсіпкерлік дамуына жаңа леп беретініне сенімдімін»,– деп қорытындылады сөзін С.Жолдыбаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер