astana-view

Заңдастыру: жеңіл әрі оңай!

2016 жылғы 24 Ақпан
- Атырау облысы
9416 просмотров

Заңдастыру мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер осы процесті едәуір оңайлатты

Бұдан былай, Қазақстан территориясында орналасқан және тиісті дәрежеде ресімделген жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін, өтініш беруші мемлекеттік кіріс органына тиісті декларацияны және осы объектіге құқықтарын растайтын құжаттарды ұсынса жетіп жатыр. Республика аумағынан тыс жерлерде орналасқан мүлік те дәл осылай заңдастырылады. 

Заңдастыру ресімдеріне енгізілген өзгертулер жайында атыраулық кәсіпкерлерге Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында айтылды. Оған мемлекеттік кіріс органдарының, Атырау қалалық әкімдігінің, Әділет департаментінің өкілдері қатысты.

Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Рзағұлованың айтуынша, заңдастыру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулер мен толықтырулар аталған процесті айтарлықтай жеңілдетті.

«Түзетулерге сәйкес, Қазақстан территориясында орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін,  өтініш беруші әкімдіктер жанындағы комиссияға өтініш береді, бірақ бұл үшін оның осы объектіге құқықтары ресімделмеген болуы тиіс. Қалған жағдайларда өтініш беруші мемлекеттік кіріс органына тиісті декларацияны және осы объектіге құқықтарын растайтын құжаттарды тапсыруы жеткілікті. Бұл жағдайда ол 10% алымды төлеуден босатылады. Елден тысқары жерлерде орналасқан және тиісті дәрежеде ресімделген мүліктер бойынша заңдастыру ресімі өзгеше жүргізіледі, алайда, бұл жағдайда 10% алым төлеу көзделген», – деп түсіндірді Айгүл Рзағұлова.

Ақша қаражаттарына келетін болсақ, онда, меморган өкілінің айтуынша, оларды екі түрлі тәсілмен заңдастыруға болады. Бірінші – банк есепшоттары арқылы көрсету және кез келген мұқтаждыққа пайдалану, бұл жағдайда өтініш беруші 10% алым төлеуден босатылады. Екіншісі – екінші деңгейлі банк шоттарына салмай-ақ, соманың 10% мөлшерінде алым төлеп, ақша қаражатын заңдастыру.

«Заңдастырудың екі жаққа да, азаматтарға да, мемлекет үшін де пайдасы зор: біріншіден, физикалық тұлғалар өзінде бар мүлікті заңды айналымға енгізуге мүмкіндік алады, ал екінші жағынан – ел экономикасына заңдастырылған капитал мен мүлік түрінде қосымша қаражат тартылады. Жүргізіліп отырған акция Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті, сондай-ақ, басқа адамның атына ресімделген мүлікті заңдастыруға мүмкіндік береді. Заңдастырылған мүлік физикалық тұлғаның кірісі деп танылмайды, және де, соған сәйкес, сол физикалық тұлғаның қосымша салықтық жүктемесі пайда болмайды. Бұл айтарлықтай артықшылық, сол себепті оны пайдалану керек», – деп атап көрсетті Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің жетекшісі Қуанғали Қожантаев.

Өз кезегінде Атырау облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті бөлімінің басшысы Батырбек Юсупов, егер бастапқы уақытта тұрғындар заңдастыруға өтініш беруге асықпаған болса, ал бүгінгі күні жағдаят оң жағына өзгергенін атап айтты. Заңдастыру шеңберінде жүргізіліп отырған жұмыс туралы қалалық әкімдік, әділет департаменті өкілдері де айтып өтті.

Тұтастай алғанда, облыс бойынша бүгінгі күні мүлікті заңдастыруға жалпы 9 млрд. сомаға 1166 өтініш қанағаттандырылған, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан мүліктерді заңдастырудың үш өтініші бар. Осы таяуда ғана 3 млрд. теңге қаражат заңдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер