astana-view

Кәсіпкер визажистің әлеуметтік жауапкершілігі

2016 жылғы 26 Ақпан
- Қызылорда облысы
8013 просмотров

Қызылорда қаласындағы жеке кәсіпкер, халықаралық сән маманы Динара Әлмұсаева ата-анасының қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан балаларды шаштараз және бет әрлеу салалары бойынша оқытып, сертификаттар табыстады

Мемлекеттің қолдауымен несие алып, кәсібін бастаған Динара Әлмұсаева бүгінде Қызылорда облысына кеңінен танымал визажист және шаштараз маманы. Сән саласының кәнігі шебері атанған Динара бизнесін бір жолға қойып, енді өз білгенін өзгелерге үйретумен де айналысып жүр. Сән салонының жанынан шеберлік сыныбын да ашқан. Осы бағытта тек жас мамандарды ғана үйретіп қоймай, жетім балаларға да көмек көрсетуде. Ол жақында Қызылорда облысындағы "Атамекен" отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілермен кездесу өткізді. Шара барысында өзінің табыс сырымен бөлісіп, жастарды талмай еңбектенуге үндеді. Және бет әрлеу бойынша шеберлік сыныбын өткізіп, бет күтімінің негізгі мәселелеріне тоқталып өтті. Бұл әрине анасыз бой жетіп келе жатқан қыз балалар үшін аса маңызды әпкелік ақыл-кеңес болары анық.

Сонымен бірге, кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде қолынан іс келетін төрт жеткіншекті өзінің шеберлік мектебінен өтуге шақырды. Әр қайсысы 150 мың теңге тұратын оқу курсынан өтуге сертификаттар табыстады. Жобаның жалпы құны 400 000 теңгені құрайды. 14-15 жастағы тәрбиеленушілер Зарина Ақбай «визажист», Алексей Долгов  «шаштараз», Аделя Ыдырыс «визажист», Айжан Кадірова  «шаштараз» мамандықтарын игеріп,  сертификаттарға ие болды. Өзге балаларға сыйлықтар үйлестірді.

Жас кәсіпкер визажист Динара Әлмұсаева: «Маған бұл идеяны «Атамекен» ҰКП-ның әлеуметтік бастамалар және жастар кәсіпкерлігі жөнінде өкілі ұсынған болатын. Мен бірден қолдадым. Себебі, өз білгеніңді өзгеге, әсіресе асыраушысынан айырылған балаларға үйрету сауапты іс деп санаймын. Оларға аз да болса көмегімнің тигеніне  қуаныштымын. Алдағы уақытта талабы бар балаларға көмектесуге, нәсіп үндетуге әрқашан дайынмын», –дейді.   

Шараны ұйымдастырған Атамекен ҰКП жанындағы "Sana Eurasia" әлеуметтік бастамалар мен жастар кәсіпкерлігін дамыту қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Ботагөз Жүсіп кәсіпкердің бұл қадамын  өңірдің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі деп бағалайды: «Бұл қайырымдылық шарасын Қызылордадағы жас кәсіпкердің өңірдің әлеуметтік дамуына, қайырымдылыққа қосқан үлесі деуге болады. Болашақта сән саласына маманданған бұл балалар қосымша табыс таба алады. Немесе өмірлік кәсібі ретінде таңдайтын болса, осы білген-түйгендерін  іс жүзінде жетілдіріп,  болашақта жеке сұлулық бизнестерін ашуға мүмкіндіктері болады»,– дейді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер