astana-view

Қазақстандықтар бизнестің пайдасы жаңа жұмыс орнын ашу деп есептейді

2016 жылғы 26 Ақпан
6445 просмотров

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстанда шағын және орта бизнестің даму мүмкіндіктері» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облысынан 18 жастан асқан 1821 адам қатысты. Сұрақтарға жауап берген азаматтардың 68%-ы әйелдер және 32%-ы ер азаматтар. Сауалнама әдістері –  телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 25 желтоқсаннан бастап 5 қаңтарға дейін жүргізілді. Статистикалық қателік 2,5%-дан аспайды.

Қазақстанның солтүстігінде орналасқан облыс тұрғындарының 23%-ы қазіргі дағдарыс жағдайында бизнес ашу мүмкін емес дейді. Мұндай пікір білдірген респонденттердің көбі– павлодарлықтар (36%).

Шағын және орта бизнестің (ШОБ) ел экономикасына тигізер басты пайдасы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың  33%-ы осындай пікір білдірді. Ал, 13%-ы елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз етеді дейді. Ел экономикасының уақыт талабына, түрлі жағдайларға қарай бейімделуіне, өзгеруіне әсер етеді және мемлекеттік бюджетті толықтыруға ат салысады деген жауаптарды таңдаған респонденттер 10%-дан. Сұрақтарға жауап берген отандастарымыздың қалған 4%-ы шағын және орта бизнес ішкі нарықтың шет елден келетін тауарлардан бейтараптануына әсер етеді деген пікірде.

2015 жылы елімізде шағын және орта бизнес саласында жиі кездескен мәселелер: нормативті-құқықтық базаның жетілдірілмеуі және салық жүктемесі. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 40%-н ШОБ төңірегіндегі осы мәселелер толғандырады.  28% қатысушылар теңге бағамының төмендеуін түйіткілді мәселелер қатарына жатқызды. Ал, 3%-ы 2015 жылы шағын және орта бизнес саласында айтарлықтай мәселер болған жоқ, болған күннің өзінде олар аса маңызды емес деп жауап берді.

Респонденттер Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі факторы ретінде келесі нұсқаларды таңдады: ШОБ салығын азайту (20%), тексеріс түрлерін азайту (10%), Еуразиялық одаққа мүше елдермен байланыс орнату (10%), жеңілдетілген несие (10%), өзге елдерде жүзеге асырылған ШОБ-ты дамыту тәжірбиелерін енгізу (9%), заңнамалық реттеу (7%), ШОБ өкілдері үшін салық және статистикалық есептерді тапсыруды жеңілдету (6%), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде жұмыс жасау (5%).

Респонденттердің небәрі 4%-ы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жобалары мен өзге мемлекеттік бағдарламаларды шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі факторларының біріне жатқызды.

Зерттеу барысында қатысушыларға «Мүмкіндігіңіз болса, қай салада өз ісіңізді ашар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Ер азаматтар мен әйелдер жауаптары арасында үлкен айырмашылық байқалды. Мәселен, 10% әйелдер азық-түлік тауарларын сатуды таңдаса, 10% ер азаматтар мейрамхана ашуды таңдайды. Екінші орында нәзік жандылар медициналық орталық, дәріхана немесе заңгер, нотариус қызметін ұсынатын орталық ашуды қалайды. Ал, ер азаматтар халыққа білім беру, оқыту бағытында қызмет көрсетуді таңдады.

Сонымен қатар, адамның жас ерекшелігіне қарай таңдауы әртүрлі екен. Мысалы, зерттеуге қатысқан 18-28 жас аралығындағы жастар мейрамхана ісін (16%) таңдады. 29-39 жас аралығындағы респонденттердің 11%-ы медициналық орталық немесе дәріхана ашуды тиімді деп есептейді. Ал, 40-69 жасар қазақстандықтардың 11%-ы азық-түлік тауарларын сатуды ең тиімді бизнес саласы қатарына жатқызады.

Батыс Қазақстан тұрғындарының 28%-ы сауда-саттық саласын таңдайды. Оңтүстік (33%) және шығыс (26%)  өңір халқы қызмет көрсету саласын тиімді бизнес санатына жатқызады. Сонымен қатар, еліміздің орталық аймақтары тұрғындары да (40%) қызмет көрсету саласына басымдық береді. Экономикалық белсенді өңір тұрғындары, алматылықтар  (27%) мен астаналықтардың (26%) пікірінше, әр түрлі бағыттағы қызмет көрсету саласында жұмыс істеу –  тиімді бизнес түрлерінің бірі.

Валюта бағамының өзгеруі секілді түрлі экономикалық жағдайларға көз жүгіртсек, дағдарыстың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыныны ойға оралады. Бұл тұжырымның қаншалықты рас екені 2016  жылы белгілі болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер