astana-view

Отандық өндірушілер жауынгерлерге арнап әскери бәтеңкелер шығаруға дайын

2016 жылғы 01 Наурыз
10401 просмотров

ҰКП-да әскери киіммен жабдықтау бойынша мемлекеттік сатып алу мәселесі талқыланды. Бүгінде әскери киімнің отандық әлеуетті  жеткізушілерінің саны шамамен 100-ге жетті

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің Хатшылығы бейнеконференция режімінде 2016 жылға арналған формалық киіммен жабдықтау және мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру бойынша техникалық ерекшеліктерді құру мәселелерін талқылау бойынша жеңіл өнеркәсіп бөлімінің отырысын өткізді.

Сондай-ақ, кездесу барысында кәсіпорындарды іріктеу қағидалары талқыға түсіп, олардың мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Отырыс ҚР Қарулы Күштер тылының басқармасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ҚР Ұлттық гвардиясы, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті, сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жиналыс модераторының тізгінін Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының басшысы Төлеген Молдахметов өз қолына алды. «Бүгін біз өңдеу өнеркәсібі ішкі комитетінің кезекті жиналысын өткізіп отырмыз. Қазіргі таңда Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы 2016 жылға арналған формалық киіммен жабдықтау мемлекеттік стандарты бойынша сапасы анықтау кестесін жасап қойды. Жеңіл өнеркәсіп кәспорындарының осы кестені қайтадан қарап, келісіп алғандары жөн»,– деп атап өтті ол.

ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова 2015 жылдың 25 қараша күнгі хаттамалық шешімге сәйкес қауымдастықтың 2015 жылғы формалық киіммен жабдықтау бойынша жасап шығарған ұлттық стандарттары негізіндегі техникалық ерекшеліктерді дайындағандығын жеткізді. Сондай-ақ,  аталған хаттамалық шешімге сәйкес, 2016 жылдың 1 сәуіріне дейін кәсіпорындар жасап шығарылған ұлттық стандарттардың сапасын анықтауды жүргізуі және Қауымдастыққа өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізулері қажет. «Барлық кәсіпорындарды осы жұмысқа жұмылдырылып, 2016 жылдың 31 наурызына дейін Қауымдастыққа өз ұсыныстары мен ескертулерін ұсынулары өте маңызды»,–деп толықтырды Худова.

Сонымен бірге, осы мәселе бойынша ҚР Қарулы күштері тылының заттар басқармасының бастығы Руслан Көкішев сөз алды. Ол дайындалған кестеге сәйкес кәсіпорындар ұлттық стандарттардың өнеркәсіптік апробациясын жүргізулері қажет дегенді алға тартты.

Талқылау барысында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары су жұқпайтын былғарыдан әскерилерге арналған сыдырма ілгекті, қонышы ұзын бәтеңкелер жасап шығару туралы ойларын білдіріп, осы бастаманы тәжірибе жүзінде сапасын тексеру мақсатында Қорғаныс министрлігіне ұсыну керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, аталған жиналыс аясында 2016 жылға арналған қорғаныс тапсырысын құру мәселесі де сөз болды. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ұлттық валюта девальвациясын ескере отырып, бәсекеге қабілетті баға белгілеуге қатысты бірқатар мәселелерді алға тартты. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ азаматтық өндірістерді дамыту департаментінің директоры Мәлік Сыздықов өз сөзінде қазіргі уақытта 96 компанияның алдын ала біліктіліктен өткен әлеуетті жеткізушілердің тізімінде екендігін атап өтті. Алайда, барлық кәсіпорындар қажетті материалдарды (калькуляция және т.б.) ұсынбаған. «Өңірлер бойынша қорғаныс тапсырысын орындау үшін кәсіпорындар бекіткен оңтайлы болады деп есептейміз. Баға белгілеуге келсек, біз бұл мәселені барынша мұқият түрде қарастырдық: имппортталатын материалдардың келісімшарттарын сұраттық, бағаны шикізат пен материалдарға кететін шығынның өсімін ескере келе қарастырдық»,– деп мәлімдеді ол.

Жиналыс қорытындысы бойынша 2015 жылы жасалған ұлттық стандарттар жобаларына сәйкес формалық киіндіруді анықтау кестесін бекіту бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен бірге, барлық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығына жүргізілген сапаны анықтау негізінде ұлттық стандарттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты ұсыныстар жасау міндеттелді. Сондай-ақ, ҚР СІМ техникалық реттеу және метрология комитетіне су жұқпайтын былғарының сәйкестігін растау үшін сынақ жүргізетін зертханаларды қажетті жабдықпен қамтамасыз ету мәселесін қарастыру тапсырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер