astana-view

Юлия Якупбаева: «МЖС - Ұлттық парктердегі бизнес пен мемлекет ынтымақтастығының мүмкін болатын жалғыз формасы»

2016 жылғы 01 Наурыз
9354 просмотров

Туристік қызметтің белсенді дамуына кедергі болып отырған, барлық ұлттық парктерге тән проблемалар бар

Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Алматыдағы дөңгелек үстелде мәлімдеді. Онда Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экотуризмді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел тақырыбы – «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы (АҚТА) туризмнің заманауи жағдайы мен оны дамыту жолдары».

Бұл тақырыпты талқылау барысында «Атамекен» ҚР Палатасының, БҰҰДБ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері, сонымен бірге қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар, табиғи қорықтар, салалық қауымдастықтар мен т.б.басшылары қатысты.

Әкімшілік кедергілер экотуризмнің дамуына тосқауыл болып тұр

Экотуризмді дамытудағы коммуникация мен мекемеаралық ынтымақтастық мәселелері туралы сөз қозғаған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және құрылыс қызметін жүзеге асырудың проблемалық мәселелеріне назар аударды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитеті және Қазақстанның ұлттық парктері туристік нысандарды салуға инвесторларды тарту мақсатында жер телімдерін байқауға шығару үшін іріктеу жұмыстарын қолға алған.

«Атамекен» ҚР ҰКП Комитет атқарып отырған жұмыстың маңыздылығын ескеріп отыр. Себебі туристік жобаларды іске асыруға ұлттық парк жерлерін ұзақ мерзімді жалға беру ішкі туризмді дамытуда тың нарықтарға қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Ұлттық парк жерлерін сатуға жол бермеуде АШМ-ның ұстанымын қолдаймыз. Әлемдің тәжірибе МЖС механизмдерін белсенді түрде қолданған жөн екенін көрсетті. Мәселен Испания мен Францияда жағажайлар бизнеске сенімгерлік басқаруға беріледі. Мемлекет тазалық пен инфрақұрылымды стандарттар арқылы тексеріп отырады. Кәсіпкерлер болса бизнесін кәдесыйлар сату мен дайындау, қоғамдық тамақтану орындарын ашу арқылы дамыта алады. Ерекше қорғалатын аумақтарда тасталған бос бөтелкелер мен  жағылған оттың күлі болмау керек, функционалды аймақтандыру мен нысандарға қойылатын талап дұрыс жолға қойылу керек», – деп мәлімдеді Юлия Якупбаева.  

Ұлттық палата басқармасының орынбасарының пікірінше, туристік-рекреациялық қызмет пен шектеулі экономикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында ерекше қорғалатын аумақтарға құрылыс салу «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 46-бабымен реттеледі. «Құрылыс салуға рұқсат құжаттарын рәсімдеу бойынша бизнесте келесідей мәселелер туындайды: рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін созу (бұл рәсім онсыз да іс жүзінде 1,5 жылдан 2 жылға дейін созылады), негізсіз қабылдамаулар және т.б. Нәтижесінде кәсіпкерлер ұтылады. Бүгінде табиғат қорғау аймақтарында лагерьлер, турбазалар, шипажайлар жекешелендіруге қойылды. Олардың көбі қанағаттандырылмай отыр, себебі жобаларға келісім алу үшін көптеген инстанциялардан өтіп, рұқсаттар алу қажет. Сондықтан оларға сұраныс та болмай отыр. Әлеуетті инвесторлар рұқсат беру процедураларының қиындығы мен ұзақтығынан қашады», – деді Юлия Якупбаева.

Кәсіпкер табиғат үшін жауапты

Ол, сонымен бірге, «заң аясында жер пайдаланушыларға қоршаған орта тұтастығын сақтауға септігін тигізетін міндеттемелер жүктелетінін» айтты.

«Шартта нақты көрсетілген өкілетті органның жазбаша хабарламасына сәйкес құрылыс нысандарын өзге тұлғаға табыстау жағдайларынан басқа кездері мемлекеттік ұлттық табиғи парктер жерлерін сақтау және қоршаған ортаны қорғау ережелерін сақтау міндеттемесі өз күшінде. Құрылыс аумағынан ғимараттарды бұзу және демонтаждауды адам өмірі мен денсаулығы үшін және қоршаған ортаға қауіпсіз тәсілдер арқылы жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыру керек», – деп түсіндіріп берді Ұлттық палата басқармасы басшысының орынбасары.

Юлия Якупбаеваның айтуынша, қызығушылық танытқан барлық тараптардың мекемеаралық (МжБ, ҚР АШМ, ұлттық парктер басшылығы, қоғамдық ұйымдар, ҰКП) тиімді ынтымақтастығы арқылы инвесторлар, салушылар, туркомпаниялар мен табиғатты қорғау құрылымдары бизнестерінің мүдделерін қорғауда тепе-теңдікке жету көзделген.

«Ұлттық парктерде туристік-рекреациялық қызметті жүргізуге берілетін рұқсат процедураларын барынша оңтайландыру қажет, дегенмен бұл жерлердің мақсатты пайдалануын бақылауда ұстап, экология мен қоршаған ортаға зиян тимеуін қадағалаған жөн»,– деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ю.Якупбаева. Ол сондай-ақ «туристік қызметтің белсенді дамуына кедергі келтіретін, барлық ұлттық парктерге тән проблемалар бар» екенін айтты.

Әлсіз инфрақұрылым – ұлттық парктер соры

«Бірінші кезекте, бұлар (ұлттық парктер мен қорықтар аумағындағы туристік базаларда, мейманханалар мен үйлерде  электр тогының жоқтығы; нысандар арасындағы қара жолдарды жақсарту үшін техниканың жоқтығы; су ресурстарының, су құбырының жоқтығы; ұлттық парк аумағында туристерге арналған көліктің болмауы; ұлттық парк аумағына апаратын жолдар бойында нұсқағыштардың жоқтығы; жабдықталған көрме алаңдарының жоқтығы) инфрақұрылымдық проблемалар», – деді Юлия  Якупбаева.

Заң аясы

Бұдан басқа, ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, экологиялық туризмді заңнамалық реттеуде проблемалар (қажетті реттеу деңгейі жоқ, оның ішінде туристік әлеуеті бар өңірлерде туристік қызметті тікелей дамыту және ілгерілету мақсатында реттелмейді) бар.  Ю.Якупбаеваның пікірінше, «жергілікті атқарушы органдар құрылымында туризм мәселелерімен айналысатын бөлім бола тұра, бұл қызметті сапалы түрде атқармай келеді. Көбінесе өңір әкімдіктері мен ерекше қорғалатын аумақтар басшылықтары арасында өзара әрекеттестік жоқ, сондай-ақ маркетинг пен ішкі туристік өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға ұмтылыс жоқ».

Ақша аз, гидтер жоқ

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары қорықтар мен ұлттық парктердегі қаржылық және кадрлық проблемаларға да назар аударды. Ю.Якупбаеваның сөзінше, ұлттық парк аумағын көркейтуге қаржы бөлу қарастырылмаған, ал қосымша қаражат көзі жоқ, себебі қорықтың рекреациялық ережесіне сәйкес олар белгіленген нормадан артық туристерді қабылдай алмайды. Демеуші көмегі ақшалай емес, зат түрінде көрсетіледі. Ал ақшалай көмек алуға бюрократиялық және салықтық кедергілер тосқауыл болып отыр. Ал кадрлық проблемалар турмаршруттарды сапалы орындау үшін даярланған мамандар санының (гидтер, экскурсия жетекшілері, аудармашылар, жолбасшылар) жеткіліксіздігімен, туристік қызметтер көрсетудегі сапаның төмендігімен байланысты туындап отыр.

Отырысты қорытындылай келе, Ұлттық палата басқармасы төрағасының орынбасары «әлем халқы Тейде жанартауы Ұлттық паркі барын біледі және онда барғысы келеді, бірақ біздің Бурабай мен Кендерліні білетіндер аз» екенін айтты.

«Біз осы алаңның құрылғанына қуаныштымыз. Әр ұлттық паркте экотуризмді дамытуға арналған жұмыстар атқарылғанын білеміз. «Атамекен» палатасы оларды бизнес өкілдерімен және өкілетті органмен бірлесе талқылауға дайын. Бірлесе күш сала отырып экотуризмді ілгерілетуде оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», – деп түйіндеді Юлия Якупбаева. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер