astana-view

Бизнестегі бәсекелестік – дамудың қозғаушы күші

2016 жылғы 03 Наурыз
- Алматы қаласы
6944 просмотров

«Көрпе Art» авторлық дизайн үйінің жетекшісі Айман Ибраева бәсекелестік қана бизнестің бағын жандырады деп есептейді  

Соңғы жылдары  қазақтың салт-дәстүрлері қайта жаңғырып, халықтың ұлттық өнерге бетбұрысы байқалады. Ауылды жерлер мен қалалардағы қазақ отбасыларының төрінен ұлттық нақыштағы көрпелер мен өзге де тұрмыстық заттар орын ала бастады. Осылайша дәстүрлі бұйымдарға деген сұраныс артып,  нәтижесінде көптеген қолөнершілер  жаңа кәсіп көздерін  ашуда. Олар бабаларымызбен бірге келе жатқан тұрмыстық заттарды жаңа заманғы технологиялармен жасап, көпшілікке ұсынып, кәсібінен нәсібін тауып отыр. Сондай кәсіпорындардың бірі –  «Көрпе Art» авторлық дизайн үйі. Дизайн үйінің жетекшісі Айман Ибраева ұлттық қолөнерді ұлықтай білген дәстүрлі өнердің жалғастырушысы ғана емес, шеберхана ашып, ұлттық тауарларды нарыққа шығарып жүрген кәсіпкер.  

Айманға тігіншілік он саусағынан өнер тамған әжесінен дарыған. «Бала күнімнен іс тігуге жақын болып өстім. Апамның құрақ көрпелерді, тұскиіздерді тігіп отыратыны әлі есімде. Оның қолынан шыққан барлық бұйымдар өте әдемі, әрі қайталанбас дүниелер еді. Менің  қолөнерді үйренуіме сол кісінің ықпалы көп болған шығар деп ойлаймын. Ал, қолөнерді кәсіпке айналдырып, мені бүгінгі биігіме жетелеген,  ең басты көмекшім, кеңесшім әрі сыншым –  анам. Сенім адамның бойындағы күшті оятады емес пе? Менің өзіме сеніп, мақсатыма жетуіме анам көмектесті. Сол үшін анама деген алғысым шексіз», – деп атап өтті Айман.

«Көрпе Art» компаниясы бұйымдарының қатарында тек көрпе ғана емес, сәндік жастықтар, сөмкелер және автожабулар, төсек жабындылары, перде мен асжаулықтар бар. Және олардың барлығы этникалық үлгіде жасалған. «Көрпе Art» компаниясы өнімдерінің басты ерекшелігі де осында.  

Қазір дизайн үйінде 10 адам жұмыс істейді.  Мұндағы шеберлердің бәрі өз ісінің кәнігі мамандары. «Біздің әр бұйымді ізденіп, оның бөлшегін жіті ойланып жасаймыз. Сондықтан шеберлеріміздің қолынан шыққан заттардың бәрі – қажырлы еңбек пен шығармашылық ізденістің жемісі. Кез-келген затты қазіргі заманғы үлгіге икемдеп, ұлттық  нақышты сақтай отырып, тартымды, қолайлы етіп жасауға тырысамыз», – деп Айман Ибраева еңбек тәжірибесімен бөлісті.

Қазіргі интернет технологиялар жақсы дамыған заманда шебер өз бизнесін дамыту үшін әлеуметік желілерді кеңінен пайдаланатынын айтады:  «Біз тауарларды  Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы жарнамалаймыз. Заманауи технологиялардан қалып қалмауға тырысамыз. Оған қоса біздің «www.korpe-art.kz» деген жеке сайтымыз бар»,– дейді ол.

Нарыққа ұлттық бұйымдарды шығарушылар қатары күннен күнге артып келеді. Мұны әлеуметтік желілердегі жарнамалардан, мекемеге түскен сұраныстардың көптігінен байқауға болады. «Бүгінде қолөнер бұйымдарын өндірушілер арасында  бәсекелестік өте жоғары. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, өйткені бәсекелестік –дамудың табыс кепілі іспетті. Әр қолөнершінің өзіндік қолтаңбасы бар, әр қайсысы қолөнерге жаңалық енгізуі мүмкін. Осылайша біз, қолөнершілер қазақ халқының тарихы мен бай мәдениетін  жаңғырта аламыз», –дейді Айман.

Айманның айтуынша, ол кәсібін бастамас бұрын нарыққа  талдау жасамаған. Дегенмен, қазіргі дағдарыс жағдайында  қауіп-қатерден сақтану үшін, оған мамандардың ақыл-кеңесі керек екенін айтады: «Кәсіпкер болу  оңай емес. Қажырлы жұмысты қажет етеді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүруің керек. Ал бизнес ретінде жандандыру үшін болашақта «Атамекен» ҰКП-ның бизнес-жоспар жасау жөніндегі көмегіне жүгінуді көздеп отырмыз», – дейді Айман Ибраева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер