astana-view

Ирандық туристерді жоғалтуға болмайды!

2016 жылғы 05 Наурыз
10040 просмотров

Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығы ирандық Mahan Air әуе компаниясының ҚР-ға ұшуларын қайта жаңғыртуды сұрайды

Иран әуе компаниясын қорғаудың бір уәжі ретінде оның ирандық туристердің Қазақстанға ағылуы үшін арнайы тарифтер мен саналуан жеңілдіктер ұсынуы фактісі келтірілген.

Кейін анықталғандай, Қазақстанның авиациялық билігі Mahan Air компаниясының Алматы қ. әуежайына ұшуына белгісіз себептерге байланысты 2015 жылдың 13 ақпанынан бастап тыйым салған.

Осыған байланысты, Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығы «Атамекен» ҰКП-на осы мәселенің себептерін анықтауға көмек көрсету және аталған әуе компаниясының ұшуларына қайтадан рұқсат беру жөнінде өтініш жасады.

Бұл алаңдаушылықтың тууына негіз бар. Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваның айтуынша, өткен жылы қауымдастық Қазақстанның туристік әлеуетін шетелдік нарықта, оның ішінде ирандық нарықта ілгерілету жөнінде көп жұмыс атқарған.

«Біз өз қаражатымызға маркетинг жүргіземіз және БАӘ, ҚХР, Еуропа, Ресей, Үндістан мен Иран сияқты елдердегі туристік көрмелерге қатысамыз. ҚР-да туризм басым бағыт ретінде белгіленген, бұл туристік бизнесті дамытуға және қайта бағдарлауға серпін берді. Иран, Қытай және Үндістан тәрізді нарықтардың әлеуеті орасан зор, және де біздің еліміз үшін мультипликативтік әсері бар», – деді Әсел Нүркебаева.

Ол, сондай-ақ, 14-19 ақпан аралығында Қауымдастық пен бір топ туристік компания Тегеранда өткен туристік көрмеге қатысқанын айтты. «Бұл бағыттағы жұмыс жарты жыл бұрын басталған болатын. Mahan Air әуе компаниясымен жасалған  алдын ала келісім бойынша біз нарықты зерттедік және Иранның аса ірі туроператорларымен байланыс орнатуға қол жеткіздік. Қазіргі уақытта ынтымақтастық туралы 20-ға жуық келісім-шартқа қол қойылды, біршама қаражат пен уақыт кетті. Әуе компаниясы Қазақстанға ирандық туристер ағынын тарту үшін арнайы тарифтер мен неше түрлі жеңілдіктер ұсынуға дайын. Әуе билетінің арзан болуы туристік өнімді қалыптастыру кезінде негізге алынатын жайт болып табылады», – деп атап өтті Әсел Нүркебаева.

Қауымдастықтың шетелдік, оның ішінде ирандық нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға қосқан үлесін «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева да атап көрсетіп, Қазақстан бағытында жұмыс істеуге дайын ирандық туроператорлармен қол қойылған 20 келісім-шартты еске салды.

«Қазіргі уақытта екі арадағы топтық туристік сапарларды оңайлату жөніндегі  меморандум жобасы қарастырылу үстінде. Бұл құжатты қабылдау арқылы  Ираннан Қазақстанға келетін туристер ағыны да ұлғаятын болады», – деп атап өтті Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары.

Алайда,  Юлия Якупбаеваның айтуынша, туристік пакеттерді қалыптастыру кезінде Mahan Air әуе компаниясы ұсынған ұшулардың бағалық шарттары басты айқындаушы фактор болды.   

«Бүгінгі күні аталған әуе компаниясының ұшуларына тыйым салу салдарынан Қазақстанға ирандық туристерді тарту жөніндегі атқарылған жұмысқа қауіп төніп тұр. Туркомпаниялар мен қауымдастық ирандық   нарықты зерттеуге және көрмелерге қатысуға аз қаражат жұмсаған жоқ», – деп мәлімдеді Ю.Якупбаева.

Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП ҚР ИДМ-нен Mahan Air әуе компаниясының ұшуларына тыйым салудың себептерін анықтауды өтінуде.

«Қазақстандық туристік нарыққа ұсынылатын балама қандай? Mahan Air бұдан былай паритет жағдайында жұмыс істейтін бола ма? Қазақстандық туроператорларға икемді баға шарттары ұсыныла ма?»  –  «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ю.Якупбаева Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбекке осындай сұрақтар жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер