astana-view

Әйелдің қолынан бәрі келеді

2016 жылғы 05 Наурыз
- Маңғыстау облысы
19267 просмотров

Маңғыстаулық іскер әйелдер үшін «GO WOMEN» бағдарламасы жүзеге асырылады

«Универмаг KZ» және «Қазақстанда жасалған» жобаларына қатысып жүрген Маңғыстау облысының кәсіпкер-әйелдері өздерінің жобаларын  ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Маңғыстау облысындағы филиалында өткен брифингте Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова мәлімдеді.

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Әсел Жекенованың бастамасымен қолға алынған жаңа жоба, яғни «Дәрия» маркісімен болашақ аналарға тігілетін киімдер Астана қаласындағы «Универмаг KZ» дүкенінде сатылымға шығарылды. Ал Ақтаудағы «Жамал-Ай» тігін фабрикасында «Sharkey» брендімен дайындалатын мокасиндер еліміздің өзге аймақтарын айтпағанда, Ресей нарығын жаулап алуға дайын. Ал «DOMA DOMA» кәсіпорны спорттық киімдерін бұрын Қытайда тіктіретін, бұдан былай аталмыш мекеме өз өндірісін Ақтаудағы тігін фабрикасында жалғастыратын болды. Осы және өзге мәселелер Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылған.

Кеңес төрайымы Сәуле Салихованың айтуынша, облыс орталығынан бөлек Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарында кеңес филиалдары жұмысын бастап кеткен. Алдағы уақытта Бейнеу, Маңғыстау және Жаңаөзен қалаларында филиалдар жұмысын бастайды.

«Іскер әйелдер кеңесі – әйелдер бастамалары мен кәсіпкер болуға бет бұрған нәзік жандарға арналған жаңа алаң болып табылады. Экономика мен қоғам өмірінде әйелдердің алар орны орасан екендігін ескеруіміз қажет. Сол себепті олардың жетекші болуына және барлық бастамаларын қолдауға барынша ықпал етудеміз. Алдағы уақытта, Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің құрамы дәрігер, стильші, сәнгер, психолог әйелдермен бірқатар кездесу ұйымдастыруды көздеп отыр», деді ол.  

Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созған.  Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылындағы балалар интернатында болып, балаларға 200-ден астам жаңа жылдық сыйлықтар табыстаған. Мұнан бөлек елге танымал цирк өнерінің жұлдызы Мұрат Мұтырғановтың қатысуымен жағдайы нашар отбасының 18 баласы «FASHION BEATS FOR KIDS» фестиваліне тегін қатыстырылды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап қайырымдылық түскі ас ұйымдастырылған.

 «Қазіргі әлемді шарпыған қиындықтарға қарамастан, іскер әйелдер халыққа қажетті жобаларды жүзеге асырып келе жатқандығы қуантады. Біздің кеңес те қарап қалмасы анық, қазір алдымызға жаңа міндет қойып отырмыз, барынша әйелдер кәсіпкерлігін қарыштап дамуына сүбелі үлес қосу»,деп хабарлады БАҚ өкілдеріне Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Өкінішке орай Маңғыстау өңірінде әйелдер кәсіпкерлігінің қарқынды даму динамикасы байқалмайды. Бұған бірнеше себеп бар, олар әкімшілік кедергілер, бастапқы капиталдың жоқтығы, кепілзат мүлігінің болмауы және т.б. проблемалар әйелдерге өз ісін бастауға кедергі болып тұрғанын айтып өтті Сәуле Салихова. Бизнесті бастамас бұрын ең алдымен білімді жетілдіру қажет, бұл ретте әлі күнге дейін кәсіпті қалай бастауға болатыны турасында көптеген әйелдер бейхабар болып шықты.

Осындай олқылықтарды болдырмау мақсатында, Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Маңғыстау облыстық қолөнер қауымдастығы құрылмақ. «Ақтау-Атырау» республикалық маңыздағы тасжолында жол бойындағы бизнесті дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жуырда ғана құрылатын «Атамекен» микроқаржы ұйымы қаражатының есебінен ауылдарда қолөнер өндірісі, наубайхана, тігін шеберханасы сияқты жүздеген жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.   

«Ол үшін «Табыс тарихы» негізінде ауылдарда бірқатар семинар-тренингтер өткізу жоспарда бар. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде есту қабілеті төмен әйелдердің қиындықтарға қарамастан өз бизнесін бастағандары туралы баяндалады. ҰКП-мен бірлесіп «GO WOMEN» бағдарламасы жүзеге асырылатын болады, оның ішінде Маңғыстау өңіріне бейімделген 20 бизнес-жоба қолдау табады. Бұл бастамалар өңірде әйел кәсіпкерлігі санының артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді»,деп журналистер алдында өз сөзін қорытындылады Сәуле Халелқызы.   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер