astana-view

Бизнес күш біріктіреді

2016 жылғы 16 Наурыз
9427 просмотров

«Атамекен» ҰКП өкілдері Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту жұмыстары туралы айтты

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әртүрлі ауыл шаруашылығы өндірушілерін кооперативтерге экономикалық тұрғыдан біріктіруді негіз ететін «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң күшіне енді.

Аталған заң аясында «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты мерзімдерді белгілей отырып, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту бойынша Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сөз сөйлеген ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитеті хатшылығының басшысы Рүстем Құрманов хабарлағандай, 2016 жылдың соңына дейін Ұлттық палата Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, келешекте бүкіл елде оң тәжірибеге қол жеткізу арқылы 10-нан астам сынамалы кооператив қызметін ұйымдастыруды көздеп отыр.

«Мәселен,  Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылының 55 ұсақ мал өсірушілері малды жайылымға жіберуді ұйымдастыру, асыл тұқымды бұқалар сатып алу, азықты орталықтандырылған түрде дайындау және төлді (бұқаларды) тиімді бағамен мал бордақылайтын орындарға өткізу арқылы селекциялық жұмысты жақсарту мақсатында «Рахат+» ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккен болатын. Кооперативке біріге отырып, қатысушылар селекциялық-тұқымдық жұмысқа мемлекеттік көмек алып,  жайылымдарды суландыру және т.б. үшін инвестициялық субсидиялардың өтелуіне қол жеткізе алады»,– деді ол.

Құрмановтың сөзіне қарағанда, Жамбыл облысы, Мерке ауданының 40-тан астам шаруа қожалығы «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС-не шикізат сүт жинау және орталықтан өткізу, азық-жем дайындау, ветеринария қызметтеріне қол жеткізу мақсатында «Мерке Өнімдері» кооперативіне біріккен. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға және сүтт шикізатының сапасын арттыруға жол ашады. Келешекте кооператив мүшелері малды Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсететін қормен іске асырылатын «Ырыс» бағдарламасы бойынша сатып алу арқылы сүтті мал басы санын көбейтуді жоспарлап отыр.

«Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында май өнімдерін шығару және кепілді өткізу бойынша ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін «Total Impex» қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны түрінде құру мәселесі қарастырылуда, өз кезегінде аталған кәсіпорын 100 мың тонна рапс май өнімдерін қайта өңдеуді қолға алуды көздеп отыр. «Total Impex» ЖШС шаруа қожалықтарын көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаражатпен, ұрықпен қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда машина-трактор станциясы қызметтерін ұсынуды ұйымдастыруға дайын», – деді ол.

Рүстем Құрманов ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі дамуы Палатаның басты міндеті екендігін атап өтті, сондықтан ҰКП басшылығымен Өңірлік кәсіпкерлер палатасына өңірлерде құрылып жатқан барлық кооперативтерге іс жүзінде белсенді түрде қолдау көрсету міндеті жүктелді. «Атамекен» өз алдына 100 ауыл шаруашылығы кооперативін құру мақсатын қойып отыр. Ол үшін «Алмэкс-Бәйтерек» қорының қаржы құралдарына немесе бүгінде «Атамекен» ҚР ҰКП-ның қатысуымен өңірлерде құрылып жатқан микронесиелік ұйымдардың қаржысына арқа сүйеуге болады»,– деп қорытындылады ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер