astana-view

Дубай-Астана: өзара байланыс нәзік жанды кәсіпкерлер еншісінде

2016 жылғы 07 Сәуір
8298 просмотров

Қазақстандық әйел кәсіпкерлер БАӘ-не ауылшаруашылық өнімдерін жеткізетін болды

Бұл туралы Қазақстанның іскер әйелдері мен дубайлық бизнесвумендер арасында болған кездесуде айтылды. Кездесуді Al Khalidiah Tourism туристік компаниясының қолдауымен «Деловые Эмираты. Казахстан» журналы ұйымдастырған. Делегация құрамына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ірі туризм мен қонақжайлылық нысандарының нәзік жанды өкілдері мен шағын және орта бизнес басшылары енді.

Кездесуде БАӘ Қазақстанның белсенді сауда серіктесі әрі логистикалық хаб қызметін атқара отырып, БАӘ-де бизнес дөңгелету шарттары ыңғайлы және жеке бастамаларды дамытуға септігін тигізетіні туралы сөз болды. Табиғи таза азық-түлік, жоғары сапалы «халал» ет, ұн, жемістер мен көкөністер – бұл бөлек даму саласы ретінде зерттеуге тұрарлық бағыттар.

Royal Middle Eats компаниясының серіктесі, БАӘ-де сатылатын ірілей тартылатын ұн брендін қалыптастырған Қаламқас Сыздықова  бизнесті табысты жүргізу құпияларымен бөлісті. Брендтің атауы – South Meals. ISO халықаралық стандартына сай келетін жоғары сапалы өнім Парсы шығанағы елдерінде сатылады.

Қазақстандық әйел кәсіпкерлер ұлттық нақыштағы қолдан жасалған әшекейлер, киім-кешек, экологиялық таза қой етін, ұн жеткізу секілді  салаларды белсенді игеруде. Сондай-ақ, БАӘ-дегі қазақстандық бизнес өкілдері әлеуметтік жобаларға белсене қатысып, ақпараттық технологиялар дәуірінде кітап оқу мен интеллектуалды азықтану дәстүрін сақтауға шақыратын оқырман клубтарын ұйымдастыруға бел шеше атсалысуда.

Эмираттық бизнес-леди кеңесінің басшыларымен де кездесу болып өтті. Онда халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен қатар әйел кәсіпкерлігінің ерекшеліктері, сонымен бірге әйел затына тән әйел, ана және кәсіпкер рөлдерін қатар алып жүру секілді өмірлік мәселелер де талқыланды.

Кеңестің бірінші вице-президенті Фарида Аль Авадидің айтуынша, мәдени және тілдік айырмашылықтарға қарамастан, әлем әйелдерінің ортақ мәселелері көп. Оның ойынша дәл осындай дөңгелек үстел басындағы кездесулер жеке-жеке танысып, өзара ортақ мүдделерді анықтауға және бұл таныстықтың нақты ынтымақтастық жобаларына айналуына мұрындық болады. Кездесу аясында туризмді дамыту, сән және медицина саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Осы айдың мамыр айында эмираттық әйел кәсіпкерлерінің Қазақстанға келуі туралы өзара келісім жасалды.

Араб Әмірліктерінде тұрып, өз бизнестерін дамытып жүрген отандастармен де бейресми кездесу өтті. БАӘ-де бизнес ашу мүмкіндіктеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан әйелдерінің Араб Әмірліктеріндегі табысты бизнес тәжірибелері екі ел әйел кәсіпкерлері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық орнатуды күшейтуге түрткі болып отыр. Кездесу қонақтары экономиканың түрлі секторларында кәсіпкерлік қызметті жүргізу тәжірибелерімен бөлісті.

«ЭКСПО – 2020» ұйымдастыру комитетінің кездесуінде қатысушылар бірнеше жылдан соң Дубайда өтетін әлемдік жәрмеңкеге даярлық жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. 2017 жылы Астанада осыған ұқсас көрме өтетіндіктен ақпарат өзекті болды. Айырмашылық қамту ауқымымен ерекшеленеді: егер Қазақстанға 5 млн турист келеді деп күтілсе, Дубай туристер санын 25 млн.-ға дейін арттырмақ. Астананың бұдан үйренері көп. Бірінші кезекте қонақ үй нысандарын салу және басқару, көлік желісін және қонақ күтудің барлық салаларын, оның ішінде іскерлік және оқиғалық туризмді жетілдіру.

«ЭКСПО – 2020» ұйымдастыру комитетінің қатысушылар мен халықаралық байланыстар жөніндегі аға вице-президенті Омар Шехаденің айтуынша, мұндай кең көлемдегі шараны жоғары технологияларсыз ұйымдастыру мүмкін емес. Процесстің барлық қатысушыларына, оның ішінде құрылыс мердігерлеріне арнап esource.expo2020dubai.ae жасалған, онда бәрі серіктес тауып немесе салалық тендерлерге қатыса алады. Сондай-ақ, Омар Шехаде алдағы күзде Астанада БАӘ-нің ұлттық павильонының құрылысы басталатынын және оған қазақстандық мердігерлерді тарту көзделіп отырғанын хабарлады.

«Деловые Эмираты | Казахстан» журналының басқарушы серіктесі Қанат Ысқақов сапарды қорытындылай келе: «Біздің басылым жұмысының біржылдығы құрметіне ұйымдастырылған Қазақстанның іскер әйелдер делегациясының Біріккен Араб Әмірлігіне сапары екі ел бизнесмендері арасында екіжақты келісім-шартты жүзеге асырудың зор әлеуетін көрсетіп отыр. Бүгіннен бастап біз Араб Әмірліктеріне келесі сапарымыз туралы ойланып отырмыз, сонымен бірге олардың Қазақстанға келуін ұйымдастыру бойынша жұмыс жасаудамыз. Қазіргі оңай кезең емес, алайда әлсіздер ғана шағым айтатынын ескерсек, біз алға ұмытылып, табысқа аяқ басқандармен бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз», – деді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер