astana-view

Кәсіпкерге арбитр не үшін қажет?

2016 жылғы 08 Сәуір
12224 просмотров

Ұлттық палата Төрелік орталығы дауларды сотқа жеткізбей шешіп береді

2014 жылы бизнес субъектілері арасында туындаған дауларды сотқа жеткізбей шешу үшін «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан Төрелік және аралық қарау орталығы ашылған болатын.

Мұндай төрелік орталығын құру қаншалықты дұрыс? Бұл қандай да бір дау орын алған кезде кімнен көмек сұрарын білмей дал болатын кәсіпкерлер үшін тиімді ме? Мемлекеттік соттар бизнесменнің ақшасы мен уақытын алып қана қоймайды, сондай-ақ жүйкесін тоздырады емес пе. Осы және өзге де мәселелер бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП «Төрелік және аралық қарау орталығы» ЖМ Басқарушы кеңесінің төрағасы Байрамалы Ахмедов түсінік берді.

– Байрамалы Ағабекұлы, кейбір күрделі мәселелерді шешуде Төрелік орталығының атқарар рөлі қандай? Мұндай жағдайда шынымен де кәсіпкердің арбитр көмегіне жүгінгені дұрыс па? Олар бизнесмендер арасындағы дауды әділ шешуге қауқарлы ма?

– Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елдегі жекеменшік бизнес ілгерілей түсті. Сондықтан бизнес субъектілері арасында туындайтын даудың көбеюі және сан алуан болуы заңды. Мемлекеттік сот қарауындағы істер бастан асады. Осы тұста коммерциялық дауларды шешетін баламалы органдарға сұраныс туындайды. Мемлекеттік соттардың рөлі мен маңыздылығы сөзсіз, бірақ дауларды төрелік сотта шешудің артықшылықтары көп деп ойлаймын. Мұнда қос тарап судьялар санын анықтауға және өздері сенім білдіретін судьяны таңдауға құқылы. Мұндағы арбитрлар мемлекеттік қызметкерлер болып саналмағандықтан, олар ешкімге тәуелді емес. Тиісінше тартысты шешуде әділдікке, объективтілікке, қолданатын құқық нормаларын сақтауға көп көңіл бөлінеді. Істі қарау мерзімі де айтарлықтай маңызды басымдыққа ие. Төрелік сотта дау мемлекеттік соттарға қарағанда жылдамырақ аяқталады. Төрелік сот алымдары да қолжетімді. Регламент арқылы шығындарды азайтуға да мүмкіндік бар. Сонымен бірге «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Төрелік қарау орталығы шешімдері шетел төрелік шешімдерін мойындау және орындау туралы Нью-Йорк конвенциясын (1958 ж.) қабылдаған барлық елдерде орындалу мүмкіндігі бар. Қазақстан бұл конвенцияға 1995 жылдың 4 қазанында қосылған.

– Артықшылықтары бар, бұл сөзсіз. Алайда кәсіпкерлер төрелік сотқа жиі жүгіне ме деген ой қылаң береді. Бұл институтты таныту үшін не істеу керек?

– Бүгінгі күні Төрелік қарау орталығы жұмыс істеп тұр. Алайда біз тек мұнымен қанағаттанып отырғанымыз жоқ. Бізге келіп жүгінетін кәсіпкерлер аз. Оның бірнеше себебі бар. Көптеген компаниялардың заңгерлері, кәсіпорын басшылары шартқа отыру кезінде туындаған дауларды шешу бөлімінде дауды шешу Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жалпыға бірдей тәртіп бойынша өтеді деген үйреншікті нұсқаны белгілейді. Сондықтан дау туындай қалған жағдайда олар мемлекеттік соттарға баруға мәжбүр болады. Бізде, Қазақстанда ҚР резиденттері мен резидент емес тұлғалар арасында, немесе екі резидент емес тарап арасындағы дауды қарайтын халықаралық төрелік соттар сәл де болса белсендірек жұмыс жасаған еді. Аралық соттар анау айтқандай белсенділік танытпай келді, олар туралы кең тараған ақпарат та болмаған. Сонымен бірге, «Аралық соттар туралы» заңға сәйкес аралық сот шешімін заңдылық қағидасының бұзылуы себепті мемлекеттік сотта қайта қарауға болатын еді.

Себептердің барлығын зерттеген соң Төрелік орталығының Басқарушы кеңесі Төрелік орталығын дамытуға бағытталған шаралар кешенін қолға алды.

Қазіргі таңда «Төрелік туралы» жаңа заң қабылдану кезеңінде тұр. Біздің Төрелік орталығымыз оны жасауда аса белсенділік танытқан. Бұл заңның қабылдануы төреліктің рөлі мен мәнін арттырады. Төрелік орталығы коммерциялық құрылымдарды осы заңмен таныстыру жұмыстарын кең ауқымда жүргізбек. Мұнымен қатар төрелік қызметі туралы ақпарат тарату жұмыстарын іске асыратын боламыз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылып, онда дауларды Төрелік сотта қараудың артықшылықтары түсіндірілуде. Төрелік соттың құрамы оның алтын қоры іспеттес. Негізінен олар юриспруденция саласында өмірлік және практикалық тәжірибесі бар, ғалым-заңгерлер, бұрыңғы судьялар, кәсіпорындар заңгерлері. Сот құрамы ұдайы қайта қаралып, кеңейтіліп отырады және арбитрлармен жұмыс жасалады. Жуырда Алматы қаласында анағұрлым белсенді арбитрлармен кездесу ұйымдастырып, Төрелік орталығын дамыту, төрелік сотты таныту мәселелерін талқыға салған болатынбыз.

– Сіз басқарып отырған Төрелік және аралық сот орталығының басқарушы кеңесінің рөлі қандай?

– Төрелік орталығының басқарушы кеңесі қоғамдық негіздерге сүйеніп жұмыс жасайды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, отставкадағы судьялар, қорғаушылар кіреді. Басқарушы кеңес Төрелік сот қызметіне, арбитрлерге басшылық жасайды. Оның отырыстарында Орталық қызметін ұйымдастыру мәселелерін, Төрелік қарау регламенттерін қарастырамыз. Басқарушы кеңестің әр мүшесінің белгіленген жұмыс бағыты бар.

 Төрелік қарау орталығы мен ҰКП қаншалықты бірлесіп жұмыс жүргізеді?

– Төрелік қарау орталығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылғандықтан, біз Палата басшылығымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Дәл осы Палата қолдауымен Астанада болсын, басқа жерлерде болсын кәсіпкерлермен және арбитрларен кездесулер өткізілген. Менің ойымша, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік және аралық қарау орталығының осындай қуатты қолдауы барда сот танымал бола түседі және шаруашылық даулардың көп бөлігін біздің орталық қарайтын болады деп ойлаймын.

Қарлығыш Жүсіпбекова 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер