astana-view

Болат Палымбетов: «Жер телімдерін аукциондар арқылы сатуды жиілету қажет»

2016 жылғы 15 Сәуір
- Ақтөбе облысы
9404 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Ақтөбе облысына іссапармен келді

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бизнес-омбудсменмен кездесіп, бизнесті дамытудағы өзекті мәселелерді талқыға салды.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде 131 мың адамды жұмыспен қамтып отырған 51 мыңдай кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, бұл облыстың белсенді халқының жалпы санының 30 пайызына тең. Қаржылай қолдауға тоқталар болсақ, 2016 жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында түрлі қаржы көздерінен 4,1 миллиард теңге бөлу көзделуде. 1 миллиардтан астам қаражат ауыл бизнесін жандандыруға және «Жұмыспен қамту жол картасы» пилоттық бағдарламасын шеңберіндегі ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге жұмсалады.

«Шағын және орта бизнесті дамыту үшін біз түрлі шаралар қолданып, барлық мүмкіндіктерді пайдаға асырудамыз. Өңірде аумағы 200 гектар болатын «Ақтөбе» индустриалды аймағы қолдануға берілді. Шетелдік инвесторлармен әріптестікті қолға алып, соның нәтижесінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылып, тиімді жұмыс істеуде», – деді Сапарбаев.

Бизнес-омбудсмен өңірдегі бизнестің даму бағытын жоғары бағалады.

«Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Бизнесті жандандыруда ілгерілеу байқалады. Бұған «Іскерлік климат» рейтінгісінің қорытындылары дәлел бола алады, оған сәйкес, қолайлы бизнес-климат бойынша сіздердің өңірлеріңіз Астанадан кейін екінші орынды иеленген. Сонымен қатар, бірқатар мәселелер шешілмеген күйде қалуда», – деп атап өтті Болат Палымбетов.

Негізінен олар жер телімін бөлу мен сол жер телімдерінің мақсаттық тағайындамасын өзгертуге қатысты. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіпкерлік әрекетінің субъектілері жерге аукцион арқылы ғана қол жеткізе алатынын еске салып өтті.

Соңғы екі жылда Ақтөбеде 117 жер телімі саудаға салынған барлығы 7 аукцион өткізілген. Ал ШҚО-да 86 аукцион өткізіліп, 532 жер телімі сатылса, ОҚО бойынша 56 аукцион ұйымдастырылып, 828 жер телімі сатылған. 2016 жылдың бірінші тоқсанында Ақтөбеде аукцион арқылы 20 жер телімі сатылған. Оның нәтижесі бойынша, күтілген 9 миллион теңгенің орнына 75 миллион теңге қаржы түскен.

Болат Палымбетов аукционға шығарылатын жер телімдерінің тізімін жасау барысында кәсіпкерлердің қандай да бір жер теліміне қатысты ұсыныстарын ескере отырып, аукционды жиі өткізіп тұруды ұсынды.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлердің қордаланып қалған мәселелерін шешуге ықпал жасауға уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер