astana-view

«Атамекен» жарнама туралы заңнан қисынға келмейтін нормаларды алып тастады

2016 жылғы 18 Сәуір
10128 просмотров

Банктер, ақша айырбастау орындары мен ЖҚБ бұдан былай маңдайшадағы жазу үшін салық төлемейтін болды

2016 жылдың 29 наурызында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат құжаттарын азайту және рұқсат беру құжаттарын жеңілдету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді.

2016 жылдың 22 сәуірінде нормативті-құқықтық акт өз күшіне енеді. Соның аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің, мәселен жарнама саласының дамуына кері әсерін тигізген нормаларды жеңілдетуге қол жеткізді.

Жекелей алғанда, нысандардың жарнамаға жатқызылу не жатқызылмауы туралы талаптарды түрліше түсіну проблемасы шешілді. Мәселен, көптеген кәсіпкерлік субъектілері маңдайшадағы жазу үшін жарнама ретінде төлем төлеуге міндеттелген болатын. Заңнамадағы тиянақталмаған тұстардың болуы салдарынан ірі бизнес, оның ішінде банктер, сонымен бірге ксерокөшірме, басып шығару қызметтерін ұсынатын шағын фирмалар да зардап шекті. Салық тек сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына ғана салынбаған. Ал енді кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін маңдайшадағы жазу жарнама нысандары қатарынан алынып тасталды.

Сонымен бірге, Қазақстандағы жарнама саласындағы заңнамалық олқылық нәтижесінде ЖҚБ аумағында жанармай бағасы жазылған ақпараттық таблоларды орнатқаны үшін ақы төлеу міндеттемесі бойынша көптеген сот даулары өткен. Айырбастау орындары да валюталар бағамы жазылған маңдайша жазулар үшін де төлеуге міндеттелген.

Қабылданған заңда жоғарыда айтылған олқылықтар мен қайшылықтарды жоятын түзетулер енгізу қарастырылған.

Сонымен бірге, заңнамадағы жаңа түзетулер жер телімдерін алу мәселесімен де бетпе-бет келген. Заң қабылданғанға дейін жергілікті атқарушы органдар ТЖЖ (толық жобалау жобалары) болмаған жағдайда жер телімін беруге рұқсат бермеу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге жекелеген тұлғаларға жер телімі ТЖЖ болмаған немесе сәйкес келмеген жағдайларда да берілді. Мұндай деректер ҰКП бастамасымен Қарағанды, Балқаш, ШҚО, ОҚО қалаларының әкімдіктерін прокурорлық тексерістен өткізу барысында анықталды. Мәселен, 2013-2014 жылдары Қарағанды әкімдігі ұсынған 121 жер телімінің 90-ы ТЖЖ болмауы немесе сәйкес келмеген жағдайда да эскиздік жобалар негізінде берілген.

ҚР Жер кодексіне енгізілген түзетулер жер телімдерін алу кезінде жоғарыда айтылған әкімшілік кедергілерді жоюды қарастырады.

Енгізілген өзгерістер жергілікті атқарушы органдар тарапынан жемқорлық іс-қимылдарының болу қаупін барынша азайтып, кәсіпкерлерге құрылысқа арналған қажетті жер телімін алуға немесе пайдалануға мүмкіндік беретінін айта кету керек. Осылайша, бекітілген ТЖЖ болмаған жағдайда кәсіпкерлер жер телімдерін елдімекендердің бас жоспарларына сәйкес ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер