astana-view

Іскерлік ахуалды жақсартудың тиімді жолы – жариялылық

2016 жылғы 19 Сәуір
- Шымкент қаласы
7273 просмотров

Кәсіпкерлердің жұмысын тежейтін кедергілерді азайту үшін жергілікті атқарушы орындар ашықтық пен жариялылық ұстанымын басшылыққа алуы керек

Қазіргі таңда кәсіпкерлікке бөгет болып отырған әкімшілік кедергілерді азайту үшін мемлекет тарапынан кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр, дегенмен кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдар легі әлі де толастар емес. ОҚО ӨКП-ның кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету департаментінің басшысы Тимур Нақыпбековтің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасына ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 224 өтініш түсіп, оның 128-і шешімін тапқан. Бизнес субъектілерінің 27%-ы жер телімдері, 16%-ы мемлекеттік сатып алулар, 9%-ы сәулет және қала құрылысы, 5%-ы салық мәселесіне байланысты шағымданған.

«Шаруа қожалықтары және өзге де бизнес өкілдері жаңа жер телімдерін жалға алғанда немесе кеңейткенде, сату-сатып алу үрдістерінде түсініспеушіліктер туындайды. Әсіресе,  жерді  пайдалану мақсатын өзгерту төңірегінде дау көп. Жер мәселесіне қатысты түйткілдің туындауына негізгі себеп – Жер комиссияларының жұмысы кәсіпкерлерге ашық емес. Арызданушының шағымы қанағаттандырылмаған жағдайда, оның себептері түсіндірілмейді. Себебі, жер комиссиясының алқалы органында шешім дауыс беру арқылы қабылданады және бұл шешім көп жағдайда кәсіпкердің мүддесін қорғамайды. Қазіргі таңда комиссия мүшелігінде Палатаның бір ғана өкілі қатысады, алайда бұл органның алқалық екенін назарға алсақ, бір дауыстың ешнәрсе шеше алмайтындығы анық. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін өңірлік палатаның, яғни бизнес өкілдерінің жер комиссиясының мүшелігіндегі санын 50 пайызға жеткізу қажет», – дейді Палата өкілі. 

2014 жылы Өңірлік палата құрылғаннан бері әкімшілік кедергілермен күресу жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Өйткені кәсіпкерліктің көсегесін көгертпей отырған сол әкімшілік тосқауылдар. Тимур Нақыпбековтің пікірінше, мұның басты себебі, жергілікті атқарушы органдардың мамандары жаңа шыққан заңдар мен талаптардан бейхабар.  «2014 жылы жер телімдері, сәулет және қала құрылысы мәселесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарын  тексеріп шыққан едік. Тексеріс барысында 3200 кәсіпкердің құқы бұзылғанын анықтадық. Егер жұмыс күндеріне бөліп қарайтын болсақ, күн сайын 5-6 кәсіпкердің құқы бұзылған.  Кейін бұл мәселені жергілікті атқарушы органдардағы мамандардың біліктілігін арттыру арқылы шешуге болатынын түсініп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департаментінде жергілікті мамандарды оқыту жөнінде ұсыныс жасадық. Қазір бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді Т. Нақыпбеков.

Кәсіпкерлер үшін көкейтесті мәселелердің бірі – жарнама мен маңдайшалардың ара-жігін ажырата алмауы. Соның салдарынан олар айыппұл төлеуге және өзге де процессуалды жағдайларға тап болып жатады. Маманның айтуынша, кәсіпкерлер маңдайша мен жарнаманы  шатастырып, артық айыппұл төлемеуі үшін оларға Қазақстанның «Жарнама туралы» заңын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жарнама төңірегінде туындайтын тағы бір даулы проблема – Шымкент қаласының әкімшілігі қаладағы билбордтар біркелкі болуы үшін кәсіпкерлерді арнайы талапқа сай билбордтар орнатуға міндеттеген. Алайда мұнымен келіспеген кәсіпкерлер көмек сұрап өңірлік палатаға келген. Бұл жөнінде Тимур Нақыпбеков: «Қазіргі дағдарыс жағдайында мұндай артық шығындарды кәсіпкерлердің қалтасы көтермейді. Сол себепті, біз Шымкент қаласы құрылыс ережесінің заңға сәйкес емес екендігін дәлелдеп, Палатаның кәсіпкерлердің құқын қорғау туралы кеңесінде бұл тақырыпты талқылап, прокуратура арқылы сол ережеге өзгерту енгізуге ықпал ете алдық. Сонымен қатар, бұл мәселенің әрі қарай өршімей өз шешімін табуына қаланың жаңа басшылығының да үлкен септігі тиді», – дейді.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан кәсіпкерлікке маңызы бар комиссиялар мен мемлекеттік қызмет түрлерінің қызметіне қатысты ақпараттандыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен, кәсіпкерлік төңірегінде даулы мәселелердің ашық айтылмауынан бизнес өкілдері зардап шегеді. «Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлікке қатысты кез келген мәселені жариялылық ұстанымдарын басшылыққа ала отырып шешуге тырысамыз. Қандай да бір дауды қарастыру барысында ашықтықты қамтамасыз етсек, шешілмейтін проблема жоқ. Қазіргі заманауи құралдар, интернет арқылы жүйелі ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда – кәсіпкерліктің дамуы үшін жасалатын бірден бір жағдай ол кез келген мемлекеттік реттеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және оны қоғамдық бақылауға қою», – дейді Тимур Нақыпбеков.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер