astana-view

Мемлекеттік қолдау бизнеске үлкен мүмкіндіктер бермек

2016 жылғы 22 Сәуір
- Маңғыстау облысы
11612 просмотров

Маңғыстау өндірушілеріне «Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасының артықшылықтары туралы айтып берді

Бұл туралы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының бизнесті сервистік қолдау бөлімінің бастығы Үміт Меңдіғалиева «Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қызметтер механизмін түсіндіру жөніндегі семинар барысында мәлім етті. Семинарды «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ («ҚИДИ» АҚ) өкілдері облыс кәсіпорындарына, олардың мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігін қарастыру мақсатында барып қайтқан соң ұйымдастырған болатын.

«Қаскор-Машзауыт» АҚ, «Ақтау машинажасау зауыты» ЖШС, «Sewon-Vertex Heavy Industry» ЖШС, «Кudu industries kazakhstan» ЖШС кәсіпорындарына барып қайтқан «ҚИДИ» АҚ қолдау құралдары орталығының бас сарапшысы Талғат Жұмабеков пен салалық талдау орталығының бас сарапшысы Дәулет Диқанбаев өндірістік цехтарды аралап, өндіріс кезеңдерімен танысты. «Каскор-Машзауыт» АҚ және «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС-да жаңа жабдықтар желісін сатып алу және іске қосу арқылы кей өндірістік процестер жаңартылған. Бұл кәсіпорындар басшылары  «Өнімділік – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша толыққанды жауап алды.

Бұдан соң делегация 100-ден астам қызметкері бар «Жамал-ай» ЖШС-на барды. «ҚИДИ» АҚ және Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері арнаулы жұмыс киімдері мен арнаулы аяқ-қиім, арнаулы киім-кешек және аяқ-киім даярлайтын цехтарды аралады. Сонымен бірге олар  жақында ғана іске қосылған «Sharkey» мокасиндерінің жаңа желісімен танысты.

«Бұл жаңа желі 2015 жылы жаңа технологиялар мен жаңа жабдықтарды сатып алу арқылы іске қосылды. Мокасиндердің дизайны мен оларды жасайтын жабдықтарды даярлау үшін біз шетел мамандарын шақырдық. «Sharkey» өндірісін жолға қоюда бізге итальяндық  «Toiga» фирмасының технологтары мен механиктері жәрдемдесті», – деді «Жамал-ай» ЖШС директоры Зәбира Хасанова.

Кәсіпорындарды аралап болған соң, «ҚИДИ» АҚ өкілдері Т.Жұмабеков пен Д.Диқанбаев Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында «Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасының қызметтер механизмін түсіндіру жөнінде семинар өткізді. Кәсіпкерлер палатасы шақырған семинар қатысушылары, яғни экономиканың басым салаларында қызмет ететін облыстағы өндірістік кәсіпорындар басшылары мен жауапты қызметкерлері аталған мемлекеттік бағдарлама мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде сұрақтар қоя алды. 

Семинар жұмыстарын қорытындылай келе, Ү.Меңдіғалиева мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына өндірістің технологиялық процестерін жаңарту мен жетілдіруге кеткен шығынды өтеу, кәсіпорын құзыреттілігін арттыру және өндірісті ұйымдастыру тиімділігіне қол жеткізу мүмкіндіктері берілетінін атап өтті.

«Осы мемлекеттік бағдарламаның қолдау құралдарының арқасында Маңғыстау облысы кәсіпорындары өз өндірісіне заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік алады деп сенемін. Бұл нәтижесінде бәсекеге қабілеттілікті арттырып, дамудың жаңа белесіне көтерілуге септігін тигізбек», – деп сендірді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер