astana-view

Кәсіпкерлік картасы: бизнес жолбасшысы

2016 жылғы 28 Сәуір
- Атырау облысы
10181 просмотров

Атырауда мамыр айының соңына қарай бизнес-қоғамдастық пен жергілікті атқарушы биліктің арқасында Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасының тұсауы кесілмек

Бұл картаның басты артықшылығы осы өңірде экономиканың қай саласы бойынша кәсіпті жүргізген ыңғайлы, сол үшін бизнеске бүгін қандай қолдау жасалып отыр деген сауалдарға жауап беретін болады.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Толқын Тілемісованың айтуынша, Кәсіпкерлікті дамыту картасы отандық кәсіпкерлер үшін қандай маңызды болса, шетелдік инвесторлар үшін де соншалықты болмақ. Оның үстіне мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер, даму институттары  үшін де пайдалы. 

«Бизнес үшін Кәсіпкерлікті дамыту картасы жолбасшы ретінде болады. Картада өңірдегі салалық кәсіптердің маңызы айтылады, ресурсты әлеует, сату нарығы, инфрақұрылым жайы, кәсіпкерлік нысандарының реестрі, кадрлық әлеует нақты көрініс табады. Одан бөлек өңірде бар әкімшілік кедергілер де айтылады. Яғни, картада бизнестің даму бағыттарының нақты кедергілері, өңірлердегі және салалардағы бизнесті ашуға қандай мүмкіндіктері есептеле беріледі, шикізатты іздеуден сату нарығына шығу мүмкіндіктеріне дейін көрсетіледі, бюджеттік шығынды жұмсау мен инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік жобалар, мемлекеттік қолдау шамасы туралы да нақты баяндалады», – деді Толқын Тілемісова. 

Палатаның сарапшылары айтып өткендей, жергілікті атқарушы органдар үшін де карта бағыт беруші бола алады, инфрақұрылымды дамытуға арналған бюджеттік шығынды жоспарлауға септігін тигізеді, әлеуметтік нысандар, аумақтың абаттануына, мемлекеттік қолдаудың шаралары, екінші деңгейлі банктер, даму институттары өздеріне керекті ақпаратты таба алады, сол арқылы қаржыландыру жобаларына атсалысады.

Кәсіпкерлікті дамыту картасын жасау Атырауда былтыр басталған. Дайындық кезінде 160 аса адамға сұрау салынып, 160 кәсіпкерлік нысан сауалнамаға қатысқан. Олардың 58-і ірі кәсіпорын болса, 102-сі орта кәсіп иелері. Бизнес нысандарымен, жергілікті атқарушы органдармен, қаржы институттарымен сұхбаттасып, халық арасында сауалнама жүргізілген. Осы ақпараттардың нәтижесінде кәсіпкерлік нысандарының тізімі жасалып, өңірдің мамандануы бойынша бар ақпарат жинақталған.  

Бұдан былай кәсіпкерлікті дамыту картасын интернет порталда тіркелген әр адам ала алады. Мұнда ұсынылған ақпарат үздіксіз толықтырылып, жаңартылып отырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер