astana-view

Сауда орталықтарымен келісімге келді

2016 жылғы 28 Сәуір
- Жетісу облысы
8410 просмотров

Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер Алматының супермаркеттеріне жеміс-жидек жеткізетін болды

Алматы қаласының сауда желілері, Алматы облысы ауылшаруашылық кооперативтері және «Атамакен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үш жақты өзара әріптестік туралы келісімге келді. Оған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Юрий Тілеумұратов, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, «Хан Тәңірі» ауылшаруашылық кооперативінің басшысы Талғат Нүсіпқожаев және «Magnum Cash&Carry» сауда желісінің бас директоры Александр Гарбер қол қойды.

Бұл келісімге аграрлық кооперациялар негізінде ауылшаруашылық өнімдерін тікелей өткізу жөніндегі өңіраралық кеңесте қол қойылды. Кездесуге Алматы облысынан 130 адам қатысты, олардың арасында Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелері, шаруа қожалықтарының басшылары мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер бар.

Енді «Хан Тәңірі» кооперативі сауда желісіне картоп тасымалдап тұратын болды. Талғат Нүсіпқожаев бар өмірін ауыл шаруашылығына арнап келеді деуге болады. Өткен жылы 200 гектар жерге голландиялық технология бойынша отырызылған картоптан әр гектарына 27 тоннадан өнім алған. Биыл АӨК картопты 500 гектар жерге отырғызды. Шаруа осы жылы әр гектардан 30-35 тоннадан өнім алуды жоспарлап отыр.

«Ритейлдердің өнімді жеткізуге, соның ішінде тауарды сұрыптау мен қаптауға қатысты талаптарын, құрал-жабдық сатып алу мүмкіндіктерін, сондай-ақ тауарды жеткізудегі проблемаларды, ірі габаритті жүк көліктерін сатып алуды ескеретін болсақ, мемлекет тарапынан құрылған АӨК-терге мемлекеттік қолдау түріндегі немесе жеңілдетілген пайыздық көрсеткіш бойынша қаражат алуға, яғни шаруа қожалықтарына қолжетімді бағдарламалар негізінде көмек берілсе деген тілегіміз бар. Біздің кепілдемелеріміз ауылды жерлерде орналасқандықтан, банктер мұны әрдайым құптай бермейді. Сондықтан, бізге қолдау көрсетілсе екен», – дейді ол.

«Ақ сүт» АӨК-тің басшысы Нелли Салиханова бұдан үш жыл бұрын Алматының супермаркеттеріне 3 түрлі өнім жеткізіп тұрса, бүгінде оның өнімдері 26-ға жеткен. Қазіргі таңда ол мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.

«Бүгінде жер көп, алайда ол қараусыз қалған. 15 жылдан бері жайылымдық жер сұрап келемін. Менде 70 бас мал бар, оны 100-ге жеткізу жоспарда бар. Бірақ, осы уақыт аралығында жайылымдық жер таба алмай келемін. Төнірегіміздегі жерлердің барлығы бос. Мәселе шешіліп жатқан сыңайлы, алайда ол ұзаққа созылып кетті. Маған сіздердің көмектеріңіз қажет. Осындай кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз. Мәселеміз шешілетін болды. Біз де өнімді өткізу үшін жұмыс істеп келеміз»,– деді Салиханова облыс әкіміне өтініш білдіріп.

Өз кезегінде өңір басшысы Амандық Баталов проблемалық мәселені қарауды тапсырды.

«272 мың гектар жер пайдаланылып жатқан жоқ. Қазір бұл мәселелер сот органдары арқылы шешілуде. Оның бір бөлігі соттың қарауында болса, қалған бөлігін мемлекеттің меншігіне қайтарудамыз. Жермен айналысып жатқан адамдарға беретін боламыз. Кейін одан пайда болуы үшін сіздің аумағыңызды, жеріңізді кеңейтеміз. Сондықтан, келіңіз, мәселені шешеміз», – деді А.Баталов.

Айта кетерлігі, өткен жылы Алматы облысы жалпы ауылшаруашылық өнімінің 16%-ын өндірген еді. 11 мың өнім өндірушілердің басын қосқан 137 ауылшаруашылық кооперативі құрылды.

Кеңес барысында ауылды аймақтардағы кәсіпкерлерді шағын несиелендіру жөнінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Алматы облысының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП арасында тағы бір үш жақты келісім жасалды.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер