astana-view

Үлкендер балалар демалысына алаңдаулы

2016 жылғы 06 Мамыр
10499 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстанда белсенді-танымдық балалар демалысын жандандыру ұсынылды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаеваның балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатындағы тапсырмасына сәйкес, «Атамекен» Палатасында демалыс кезінде оқушылар мен студенттерге арналған арнайы көлік, жатын орны, тамағы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағаларын есепке ала отырып, туристік бағыттар жасау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.

Өңірлерді қатыстыру арқылы ұйымдастырылған жиынға ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің, «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты. Жиынды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы орынбасары Юлия Якупбаева жүргізді.

ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті басқармасының басшысы Жалғас Балғожин демалыс кезінде оқушылар мен студенттер үшін арнайы көлік, жатын орны, тамағы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағаларын есепке ала отырып, туристік бағыттар жасап шығару мәселесін көтерді. Оның айтуынша, өңірлерден балалар туризміндегі логистиканы субсидиялау туралы ұсыныстар келіп түсуде.

Ақмола облыстық мәслихат депутаты, «Сұңқар» сауықтыру кешенінің директоры Қайрат Сұлтанов жазғы балалар демалысының сапасын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізілгенін мәлім етті. Оның айтуынша, мәселені заңды түрде шешу қажет. «Ең басты проблема – айрықша қорғалатын аумақтарға кіру. Салық кодексіне түзетулер енгізу қажет. Біз бұл мәселені жеті жылдан бері айтып келеміз. Мәселе біз әр балаға екі рет төлеп отырғанымызда болып отыр. Ал бізде қазір соғысқа қатысқандар үшін де, ардагерлерге де, көп балалы отбасыларға да арналған жеңілдіктер жоқ. Проблеманың мәні осында», – деді ол.

Сұлтановтың айтуынша, қазір еліміздегі жазғы лагерьлер айтарлықтай қаржылық қиындықтар көріп отыр. Ол саны көп, әрекетсіз лагерьлер жұмысын жандандыру мақсатында арнайы бағдарлама жасап шығаруды ұсынып отыр.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева ұсынысты қолдап, «Атамекен» бұл мәселені Үкіметке жеткізетінін айтты.

БҚО облыстық Балалар мен жасөспірімдер туризмі мен экология орталығының өкілі Виктор Фомин оқушылар мен студенттерге арналған жұмыс бағыттары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Балалар экспедицияларын ұйымдастыру ережелерін енгізу қажеттілігі туралы айтты.

Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек, Астана туристік нысандарына бару кезіндегі бағалық саясатқа назар аударды. Ол бұл проблеманы мемлекеттік субсидиялау жүйесі арқылы шешуді ұсынды. Бұдан басқа, оның айтуынша, көлік және логистика мәселесі маңызды болып тұр. «Тіпті ҚТЖ 50%-дық жеңілдік ұсынған күннің өзінде темір жол билеттері бәрібір аз ақша тұрмайды. Егер билет құнына жатын орны, тамақтану және экскурсияларды қосар болсақ, бұл тым қымбатқа түседі!», – Г. Жүнісбек.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының өкілдері Ұлттық турзим индустриясы қауымдастығы басшысының өтінішіне пікірлерін білдіре отырып, пойыздарда қатынау тарифтері Үкіметпен бекітілгенін, оған сәйкес балаларға арналған жеңілдіктер барын жеткізді. Сондай-ақ, олар егер мемлекет қосымша субсидиялар бөлсе, компания бағаларды түсіруге дайын екенін айтты.

«Турист» ЖШС директоры А.Слюсарева пойыздардағы балаларды тамақтандыру мәселесін қарау туралы ұсыныс тастады. «Егер біз үш күндік жол жүрер болсақ, балаларды құрғақ тағаммен тамақтандыруға тура келеді», – деді ол. Сонымен бірге, жазғы лагерьлерде тамақтандыру сапасын бақылап отыратын кәсіби медициналық қызметкерлерді тарту туралы ұсыныс келіп түсті.

Алматы кәсіподақтары өкілі К.Летникова тағы бір мәселеге назар аударды. «ҚР Премьер-Министрінің 2011-2015 жылдарға арналған жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру туралы бұйрығы бар және бұйрықтың 2016 жылға қол қойылуын тездету қажет. 1 маусым таяп қалды, осы уақытқа қарай мәселе шешілуі тиіс!», – деп мәлімдеді К.Летникова. Оның сөзінше, балалар демалысы кезінде демалысты ұйымдастыру туралы 2016 жылға арналған бұйрықтың болмауы балалар мен жасөспірімдер туризмін ұйымдастыруға қатысы бар барлық ұйымдар мен органдардың өзара нормативті базасын құруға мүмкіндік бермейді. «Үкімет бұйрығы болмаса, әкімдіктердің бұйрығы да және т.б. болмайды деген сөз», – деп қорытындылады К.Летникова.

Ұлттық инженерлік академияның оралдық филиалының атқарушы директоры Николай Сорокин өңірде бұдан 2 жыл бұрын құрылған жылқы шаруашылығы кластері туралы айтып берді. «Біз дәстүрлер мен салтқа негізделген жүйе құрғымыз келді. Бұл ат туризмі ғана емес, дала дәстүрлерін қайта жаңғырту деп есептейміз», – деді ол.

Астана қаласы туризм басқармасынан келген Мэлс Әбенов «Батыр» шатырлы лагеріндегі балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастырудың қызықты мысалымен бөлісті. «Балалар шатырда тұрады, сапарға шығады, «Қазақстан саяхатшысы» және «Жас турист» белгісін алу үшін нормативтер орындайды, отта тамақ әзірлейді және т.б. Идеяның өзі шығынды қажет етпейді. 360 балаға бізде шамамен 8 млн теңге кетеді. Бұл дегеніңіз бір балаға 20 мыңнан сәл асатын қаржы кетеді деген сөз. Лагерь білім беру басқармасы есебінен толығымен тегін. Бұл тәжірибе барлық өңірлерде қолға алынса», – деді ол. Сондай-ақ, Мэлс Абенов Ресей Федерациясының тәжірибесіне сүйеніп шатырлы және киіз үйлі лагерьлерге арналған Санитарлық ережелер қабылдау қажеттілігі мен демалысты ұйымдастыру үшін мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі инфрақұрылымдардың жоқтығы  (шатырлар орналастыратын, тамақ әзірлейтін орындардың, дәретханалардың және т.б.) туралы мәселені алға тартты.

«Туындап отырған проблемаларды есепке ала отырып, жұмыс тобын құруды ұсынып отырмын. Ал бүгінгі отырысымыз оның бірінші отырысы болсын. ҰКП-ға барлық ұсыныстарыңызды жіберіңіздер. Біз оларды жинақтап, үкіметке жолдайтын боламыз», – деп қорытындылады Юлия Якупбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер