astana-view

Кәсіпкерлер кездескен кедергі

2016 жылғы 11 Мамыр
9181 просмотров

Мәжілісте Үкіметті салық төлеушілерге қатысты туындаған мәселелерге назар аударуға шақырды

Қазақстанда жалған кәсіпкер ретінде танылған салық төлеушілермен жасалған келісімдері үшін кәсіпкерлер салық заңнамасын бұзушы және салықты қасақана төлемейтіндердің тізіміне ілігіп, ірі көлемде айыппұл төлеу арқылы әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай пікірді бүгін пленарлық отырыста Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанның Бас прокурорына, Ұлттық экономика министріне және Қаржы министріне депутаттық сауал қоя отырып, мәлімдеді.

«Мұндай келісімдер жалған кәсіпорын ретінде танылған тұлғаларға қатысты сот үкімі негізінде жалған деп танылады. Мұндай жалған кәсіпорындардың контрагенттері көп жағдайда сот талқылауларында жақтас та болған жоқ, сот шешіміне  қатысқан да жоқ және қабылданған шешім туралы білген де жоқ. Сондықтан, нақтылы орындалса да, олардың өз мәмілелеріне қатысты сот шешімімен келіспеуге мүмкіндіктері болмады», – дейді мәжілісмен.

Депутаттың мәліметтеріне сенсек, тіпті нақтылы жүзеге асқан мұндай келісімдер бойынша есепке алынып қойған салықтар оған қосылатын өсімпұл мен әкімшілік айыппұлдармен бірге төлемге қайта есептеледі. Жамалов бұл жағдайдың 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ҚР Салық кодексінің 115 бабының өзгертіліп, толықтырылған 2 тармақшасында ескертілгендігін атап өтті. Депутат бұл норманың ҚҚС мен КТС бойынша контрагенттерді шығынға батырмас үшін сот арқылы қазыналық органдардың қызметкерлерін әр келісімнің жалғандығы туралы жеке дәлелдердің болуына міндеттейтіндігін де айтып өтті. «Жалған кәсіпорынға қатысты бұл түзету Салық кодексінің жоғарыда аталған бабының қолданылуын бірден азайтып жіберді. Мәселен, 2009 бен 2015 жылдар аралығында 115 баптың 2 тармақшасына сілтеме жасай отырып, барлық деңгейдегі 273 сот актісі шығарылған. Ал, 2015 жылдан бастап мұндай шешімдер қабылданбаған», – деп нақтылай түсті А.Жамалов.

Сондай-ақ, депутат қазыналық органдарда «Азаматтық кодекстің 49 бабына сәйкес сот арқылы заңды тұлғаларды, жалған кәсіпорындарды тіркеуді жарамсыз деп танитын» мысалдар кездесетіндігін айтты. «Бұл оларға (қазынашылар – Авт.) Қылмыстық-процессуалдық және Азаматтық-процессуалдық кодекстерде қарастырылған келісімдердің жарамсыздығын дәлелдейтін күрделі тәртіптерді алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жалған кәсіпкерлік дерегі қылмыстық өндіріс процессі кезінде қосымша дәлелденбейді», – деді Жамалов.

Мәліметтерге мысал келтіре отырып, ол Алматы облысына қатысты деректі сөз етті. Онда «заңды тұлғаның тіркеу орнында болмағандығын және мекеменің тұрғылықты орнын анықтаудың мүмкін еместігін негізге ала отырып, «Слик-компани» ЖШС-ның тіркеуін жарамсыз деп таныған». «Соған байланысты компанияның контрагенттері шамамен 5 миллион теңгеге шығынға ұшыраған», – деді Жамалов.

Соттың заңды тұлғаның тіркеуінің жарамсыздығы туралы «тек Азаматтық кодекстің 49 бабының негізінде ғана, яғни жойылмайтын сипатқа ие заңнамаларды бұзуға жол берілген жағдайда ғана» шешім шығара алатындығын еске салып өтті. Бұл туралы «ҚР Жоғарғы Сотының «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» 2013 жылғы 27 ақпандағы №1 нормативтік қаулысында» да айтылған.

«Бүгінгі таңда менің қолымда 65 кәсіпкер мен заңды тұлғалардың кейін мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған жеткізушілермен келісім бойынша КТС аударуға қатысты салық органдарының заңсыз әрекеттеріне шағымданған арыздары бар. Бұл сауалда көтеріліп отырған мәселелердің жаппай сипат алып бара жатқандығын атап өткім келеді», – деп мәлімдеді Жамалов. Мәжілісменнің пікірінше, бұл жағдайды «уәкілетті органдардың салық және азаматтық заңнамаларды қолдануы, олардың заңға сәйкестігіне» қатысты прокурорлық тексеріс түзете алады.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер