Тұрғын үйдің сапасы мен бағасы маңызды
Кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысы әкімдігімен және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесе отырып, тұрғын үй кластерін құрумен және дамытумен айналыспақ
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловпен өңірде тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру туралы бірқатар меморандумға қол қойды.
Жасалған келісімдер шеңберінде Ақтөбе облысында құрылыс кластері құрылып, арзан әрі сапалы тұрғын үй салу мақсатында құрылыспен, құрылыс материалдарын шығарумен, жобалаумен айналысатын жергілікті 15-тей компанияның басын біріктіреді. Облыс әкімдігі тұрғын үй кластерін құруды және оны дамытуды «ТҮҚЖБ» АҚ-мен және Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жүзеге асырады.
«Соңғы 5 жылда 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл облыстың 19 мыңнан астам тұрғынын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыстағы тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 163 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тұрғын үй құрылыс жинағы бағдарламасы тиімді жүзеге асуда: салымшылар саны 17 мыңнан 45 мыңға артса, депозиттік портфель 9 миллиард теңгеден 25 миллиард теңгеге артты», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Оның сөзіне сүйенсек, өңірде тұрғын үй кластерін дамытудың әлеуеті жоғары. Мәселен, облыстың құрылыс индустриясы саласында 1400 кәсіпорын жұмыс істесе, онда 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2011 жылдан бастап әкімдік жас отбасыларға тұрғын үйді несиеге және жалға беру бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен табысты әріптестік құрып келеді. Бес жыл ішінде тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде жас отбасыларға арналған 240 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй мен 50 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй немесе 3500 пәтер пайдалануға берілген.
2015 жылы өңірде барлығы 560 мың шаршы метр тұрғын үй берілген, оның басым бөлігі тұрғын үй құрылыс жинағы бойынша салынған үйлер. Оған қоса, облыс әкімі бүгінгі таңда кезекте тұрған 24 мың адам үшін пәтер мәселесі өзекті болып тұрғандығын айтты, оның ішінде облыс орталығының өзінде 18 мың адам кезекте тұр екен.
Өңір басшысы қонақтан тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы әлеуметтік сала мамандарының тұрғын үй мәселесін шешудің жолдарын қарастыруды өтінді.
Осы және өзге жоспарларды жергілікті билік Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы тұрғын үй салу және сату бойынша әріптестік туралы меморандум арқылы жүзеге асыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, тұрғын үй кластерін құру және дамытуда өзара әріптестік туралы меморандумнан бөлек, Ақтөбе облысы әкімдігі, «ТҮҚЖБ» АҚ және облыстық прокуратура, ІІД, ТЖД арасында әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер тараптардың аталған мекеме жұмысшылары мен қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуда күш біріктіруге бағытталған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: