Бизнес-омбудсмен Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесті
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөнінде уәкіл Болат Палымбетов жұмыс сапарымен Талдықорғанға келді.
Бизнес-омбудсмен және облыс кәсіпкерлерінің кездесуі өңірдің «Іскерлік климат» рейтингіндегі позициясын, облыстағы сыбайлас жемқорлық деңгейін және көлеңкелі экономиканы талқылаудан басталды.
Болат Палымбетов жергілікті бизнес-қоғамдастықпен сонымен қатар өңірлік бизнестің өзекті мәселелерін талқыға салды.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге жергілікті атқару органдары жиі жол беретін бюджет заңнамасын бұзу деректерін айтып шағымданды. Олардың пікірінше, облыстағы Кәсіпкерлер палатасы өкілдері бюджеттік комиссияның жұмысына, соның ішінде аудандық деңгейде де, қатысуға тиіс.
Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына байланысты жергілікті бизнес-қоғамдастықта туындаған сауалдар көп болды.
Бизнес-омбудсмен облыстың іскер ортасы өкілдерінің түйткілдерін тыңдап шығып, оларды бизнес үшін маңызға ие заңдарды талқылауға белсендірек қатысуға үндеді.
«Қандай да бір заңды талқылау барысында оған қатыспай, ал заң қолданысқа енгізіліп қойғаннан кейін ғана шағымдана бастайтындықтарыңызға назар аудартқым келеді. Мұндай талқылауларға, әсіресе бұл кәсіпкерлік қызметке қатысты болып жатса, белсенді атсалысуларыңыз қажет. Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз әріптестікте болу қажет. Палата өкілдері кез-келген министрлікте әрекет ететін барлық дерлік жұмыс топтарында бар», - деп қорытты Болат Палымбетов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: